22 Қазан, 2010

Бірлік ортақ ұстаным болып қала беруі тиіс

625 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
20 қазанда Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХVІ сессиясы болып өткені белгілі. Бұл жолғы сессияның бір ерекшелігі – оған Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына келген шетелдік меймандардың қатысуы болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында  сөйлеген сөзі қатысушылар тарапынан зор қызығушылық туғызды. Төменде назарларыңызға ұлтаралық татулық­тағы Ассамблеяның рөліне және Елбасы сөзіне орай қазақстандықтар мен шетелдіктердің пікір-лебіздерін ұсынып отырмыз. Жақия қажы АБДУЛЛАҰЛЫ, Ассамблея мүшесі. Ассамблеяның қоғам­дағы рөлі мен маңызы ерекше. Елдің бірлігін, ын­тымағын сақтай отырып, үлкенді сый­лау, кішіні қамқорлыққа алу сияқ­­ты ізгілікті жолды насихаттап ке­леді. Бүгінде елімізде экономи­ка­лық жағдай жақ­сарып, тұрақтылық ор­ныққан деп айтуға негіз бар. Енді елді рухани жағынан қолдауымыз керек. Адам баласы ең алдымен рух­а­ни бай болса, онда оның ниеті дұрыс, жұмысы да түзеледі. Өкі­ніш­ке қарай, біз қазіргі таңда бала­ларымызды тек өзін материалдық жағынан қамтамасыз етуге тәрбие­леп жатырмыз. Рухани жағынан толыспаған ұрпақ қазіргі әлемде орын алып жатқан жат пиғылдарға қарсы тұра ала ма?.. Елбасы өзінің сөзінде бей­мә­лім бір пастордың Құ­ранды өртеймін деген пікірін босқа айтқан жоқ.  Президенттің: “Қазір ксенофобияны, эт­нос­тық экстремизм мен шо­ви­низмді аш­ық пайдалану­шы­лар­дың саяси ықпалы ар­туы­ның үрдісін көр­меу мүмкін емес. Кей­бір ел­дерде олар парламенттегі өкіл­дік­терінің болуына қол жет­кі­зіп, үкі­метке кі­ріп отыр”, деуі жо­ға­­рыдағы ойымызды ширата түседі. Қазақстандағы ең бірінші ауыз­ға алатыныңыз – ол халықтың бірлігі мен татулығы. Алла тағала түсірген Құранда да “біз сіздерді бір атадан, бір анадан жараттық, бір-бір­ле­ріңмен танысып, білісулерің үшін әр түрлі ұлттарға, нәсілдерге бөл­дік”, деп жазылған. Онда бір-бір­лерінен бөліну үшін емес, танысып білісулері үшін деп жазылғандығын қаперден шығар­маған жөн. Олай болса, біз де осы ұстанымды ту етіп алуымыз қажет. Мен өзім тәжіктің баласы бол­ға­ныммен, Қазақстанда туып, осын­да өсіп-өндім, осы жердің қасиетімен сусындадым. Қазіргі таңда бес балам бар, солардың бар­лығы да қазақ тілін жақсы мең­герген. Халықта: “Бір тіл білгенің, бір халықты білгенің”, деп тегін айтылмаса керек. Президент Нұр­сұлтан Назарбаев: “Біздің мақса­ты­мыз – мемлекеттік тілді Қазақ­станның барлық азаматтарының меңгеруіне қол жеткізу”, деп атап өтті. Олай болса мемлекеттік тілдің мәртебесі міндетті түрде жоғары болуы тиіс. Қазақ тілін оқыту, үйрету және үйрену бәріміз үшін ортақ шаруа болғанда ғана тіл өзінің өмір­шең­дігін сақтайды. Өзін сыйлайтын адам мемлекеттік тілге құрметпен қарағаны жөн. Намаз оқитын жастарымыздың өзі орыс тілінде сөйлесетінін көріп, ішім ашитынын несіне жасырайын. Сондықтан бетбұрысты осы жастарымыздан бастағанымыз абзал. Тұрақтылығымыздың тұғыры Асылы ОСМАН, “Мемлекеттік тілге құрмет” бірлестігінің төрайымы. Еліміздегі тыныштық та, бірлік пен татулық та алдымен даласындай дар­хан қазақ халқы мен Ел­ба­сымыз Нұрсұлтан На­зар­баевтың сарабдал сая­сатының нәтижесі. Соның барлығына ұйытқы болып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясы. Президентіміз сессияда сөйлеген сө­зінде “Біздің Ассамблеяның та­рихы – біздің тұрақтылығымыздың тарихы”, деп ерекше айтып кетуінің астарында үлкен мағына жатыр. Президент Қазақстанды айран­дай ұйытып, әлемге үлгі етсе, қос­шы­лары – біздер де сол рухта бо­луы­мыз керек. Осы тұрғыдан кел­генде Ассамблеяның алар орны ерек­ше. Қазіргі таңда менің елім ха­лықаралық сахнада ерекше сенімге ие. Бұл ненің арқасында? Қазақ халқының төзімділігі мен елге деген сенімінің, өз бойындағы асыл қасиеті мен дәстүрінің, оның басында отырған Нұрсұлтан Әбішұлының халықты еш бөліп-жармайтын қазақы қасиетінің ар­қасында. Осы айтыл­ған­дар еліміз­ді де абы­ройға бөлеп ке­ле­ді. Қазақ – арам­дық­тан ада, қиянаттан шет және ту­мы­сынан таза халық. Осы кезге дейін Ассамблея өз мәр­те­бесін айқындауға күш салса, бүгінгі таңда қоғамға қызмет етуі тиіс. Мемлекет басшысы ХVІ сес­сияда сөйлеген сөзінде былай деді: “Тұрақтылық пен келісім – бұл күн сайынғы үлкен жұмыс, оны жыл­дан-жылға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жалғастыру қажет”. Олай болса, бұл ұлтаралық қарым-қаты­настар институтының жұмысын одан әрі жандандыруды қажет ете­ді. Ассамблея құрылғалы бері  мем­лекеттік тілді білу аз айтылма­ған­мен, толық көлемінде орындалмай келеді. Менің пайымымша, өрке­ниет­ті елдердің сапына қосы­луы­мыз үшін, ең алдымен мемлекеттік тілді білуіміз керек. Яғни, Отаны­мыз ортақ па, онда тіліміз де ортақ болуы тиіс. Егер Ассамблея  өз жұ­мысында осы мәселені басшылық­қа алса, онда көп мәселенің оң ше­шілуіне ұйытқы болар еді. Қазақ­станда өмір сүріп жатқан соң, мем­лекет құраушы ұлттың жандүниесін түсіну үшін оның тілін біліп, әдет-ғұрып, салтынан хабардар болу шарт қой деп ойлаймын. Егер өзге ұлттың өкіліне мем­ле­кет тарапынан  тілі мен мәде­ние­тін дамытуға қаржылай көмек бе­рі­ліп жатса, онда соған сәйкес біз­дің де қайтарымымыз болуы керек емес пе?! Ең бастысы – бұл туған Отанға деген адалдығымыз болып шы­ғар еді.   “Жүрегіме ұялатқан қа­за­ғым – жүрегіме ұялатқан жол­ба­рыс. Сон­дықтан да жолбарысша, тал бойымда бар намыс. Әрбір қазақ менің туған негізім, өйткені, сол қазақ иісі түркі негізі”. Сон­дықтан әрбір этнос қа­зақты негізім деп санауы тиіс. Осында өмір сүріп жатқан этностар қазақ деген ха­лықты, басқан топырағын сыйласа, қадірлесе ешқандай түсініспеуші­лік­тер орын алмайды. Қорыта келгенде  айтарым, Ас­сам­блея аталған бағыттарда үлкен істер атқарады деп сенемін. Он бес жылдан бері Ассамблея арқылы өзі­мізді таныттық па, енді өз қыз­меттеріміз арқылы Ассамблеяны танытайық.

Шетелдік меймандар лебізі

Сіздерге қызығамыз. сіздер үшін қуанамыз Роджер НЕЛСОН, PhD, АҚШ-тың Әлемдік түсіністік   жобасының директоры: – Бенджамин Франклиннің: “Жүріп келе жатып бағытыңнан айрылсаң, өз жолыңды тез тауып кетуің мүмкін. Ал сенімнен айрылсаң, оны ешқашан да қалпына келтіре алмайсың”, деп айтқан сөзі бар. Менің ойымша, дәл Қазақстан үшін, Қазақстанның саясаты үшін ұлттар арасындағы сенімділіктің мән-мағынасы да, қадір-қасиеті де ерекше. Әлемнің басқа елдерінде, соның ішінде АҚШ-та халық ассамблеясы болмағандықтан, мен осыған дейін оның қызметін дұрыс түсінбейтінмін. Алайда, Қазақстанға келгеннен кейін, оның үстіне бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысқаннан кейін мұндай ұйымның қаншалықты қажет екендігін айқын ұғындым. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел бірлігін нығайтуда, рухани мәдениеттілікпен ұштасатын ұлтаралық үнқатысуды және отансүйгіштік рухты көтеруде барынша жұмыстанып жатқанын жүрегіммен сезіндім. Сырт көзге мұның өзі өте сүйкімді көрінетін іс екен. Полад БЮЛЬ-БЮЛЬ ОҒЛЫ, Әзірбайжанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі: – Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғам үшін, саясаттың ықпалын тұрақтандыру үшін өте қажетті құралдардың бірі екенін анық аңғардық. Жыл өткен сайын Ассамблеяның маңызы артып, жауапкершілігі күшейе түскені де нақты байқалады. Елде болып жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерге де Ассамблеяның берері көп екен. Ассамблея арқылы этностар бір-бірінің үнін ести алады, бір-біріне не қажет екенін біледі. Қазақстанның саяси тұрақтылығына да Ассамблея белгілі дәрежеде ықпал етіп келе жатқанын түсіндік. Біз бұған, әрине, қуаныштымыз. Өйткені, көрші жақын елдерде болып жатқан түрлі қақтығыстарды көзіміз көріп жүр. Жалпы, ұлтаралық қақтығыстардан қорқынышты нәрсе болмайтын көрінеді. Оны өз басымызда бар жәйт болған соң ғана айтып тұрғаным жоқ. Менің айтпағым,  ондай түсініспеушіліктен туындайтын қақтығыстарды тұтату оңай да, кейін сөндіру тұрмақ, бәсеңсітудің өзі өте қиын екен. Сондықтан ондай жағдайлардың мүмкіндігінше алдын алу керек. Қазақстанда тұрып жатқан менің таныстарымның бәрі елдегі тыныштықпен, ұлттар арасындағы түсіністікпен тыныстайды. Мұны олар мақтаныш тұтатынын көріп жүрміз. Мақтанбағанда ше, мұндайға қолдары жетпей жатқан елдер қаншама. Қазақстанда барлық жағдай үшін қолайлы мүмкіндіктер толығымен ойластырылған. Сол себепті тыныштық бар жерде нәтиже болады, жеңіс пен жеміс болады дегім келеді. Ұлттардың бір-біріне деген бауырмалдығы мәңгіге жалғаса берсін. Мариям ХАН, Пәкстандағы Әлемдік үйлесімділік кеңесінің мүшесі, Пәкстан халық партиясы жанындағы адам құқықтары жөніндегі комитеттің басшысы: – Менің Пәкстандағы қызметім адам­дар арасындағы байланыс төңірегінде болғандықтан, бұл мәселенің жаһандық деңгейдегі күр­де­лілігін жақсы түсінемін. Ұлт адамдардан құралады емес пе. Алайда байқап қарасаңыз, ұлт мәселесінен бұ­рын, адам мәселесі қазір әлдеқайда маңызды болып отыр. Өйткені, жаһандық демократиялық категория бойынша мемлекет ұлт емес, ұлттан бұрын ол адам деген сөздің байланыстарын анықтайды. Бірінші адам қа­растырылады, содан барып ұлт ұғымы тереңірек зерделенеді. Қазір Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуінің барысында Ауғанстан мен Қырғызстан проблемаларын реттеу, қару-жараққа, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, тағы да көптеген басшылыққа алған бағыттары бар. Ал солардың бәрі адамдардың сана-сезімдерінен туындаған қайшылықтарға тойтарыс беру емес пе. Қазақстаннан басқа елдердің үйренері көп. Әсіресе, адамдардың өз отанына деген сенімділігін Қазақстаннан көбірек үйренсе, әлемде қаншама ғимараттар, мешіттер жарылмайтын еді, балалар атан-аналарынан, ата-аналар балаларынан айырылып қалған жағдайлардың бір де біреуі болмайтын еді. Имон КОЛИНС, Нигерия Әлеуметтік ғылымдар және адам дамуы орталығының директоры: – Қазақстан жас мемлекет, соған қа­ра­мастан, өте әсем әрі жанға жайлы мем­лекет екендігін Бүкіләлемдік руха­ни мәдениет форумына қатысу бары­сын­да айқын түйсіндім. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассам­блея­сының сессиясы кезінде әрбір азаматтың өз еліне деген махаббаты ерекше білініп, көрініп тұратын ел екендігіне  де анық көзім жетті. Әрбір елдің азаматы – сол елдің мақтанышы. Сіздердің көтеріп жүрген ұлт­аралық түсіністік деген сөздің ауқымды мағынасын мен тек ұлт емес, мемлекет пен мемлекет, ел мен елдің ара­сындағы әріптестік, махаббат, бейбітшілікті нығайтудағы ортақ күрестің бір бөлігі ретінде қарастырғым келеді. Әлем халықтарының үрейден, қорқыныштан, жанкешті оқиғалардан құтылуының бір ғана жолы бар. Ол, әрине, тыныштық пен адамдар арасындағы махаб­батты, рухани төзімділікті жандандыру. Ал Қазақстан­ның барлық ішкі саясатымен қатар, сыртқы дипло­матиясы да осындай ізгі бағытпен жүріп жатқандығы бәрімізді қуантады. Мен бұл сөздерді Бүкіләлемдік рахани мәдениет форумына қатысқандығымнан айтып отырғаным жоқ. Жер планетасының екінші бір бұрышын мекен ететін, жаһандық мәселелерден хабардар адам ретінде айтып отырмын. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.