Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконы қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
В.Божко Президентті министрліктің ағымдағы жұмысы және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, министр Көксарай қарсы реттеуішінің құрылысындағы істің жағдайы туралы, сондай-ақ ведомствоның мамандар әлеуетін, инфрақұрылымы, дамыту, бюджеттік қаржыландыру мәселелерін шешу жөніндегі шаралар туралы баяндады.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
С.Ахметов Президентті облыстың ағымдағы жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы хабардар етті. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 105,6 пайызды құрағаны, өңір экономикасының базалық салаларын дамыту жөніндегі барлық мәселе табысты шешімін тауып жатқаны атап өтілді.
Облыс әкімі үдемелі индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру барысы туралы есеп берді. Қазіргі уақытта бірінші жартыжылдықта пайдалануға берілген барлық нысандар ойдағыдай жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың аяғына дейін іске асырылатын жобалар ерекше бақылауға алынған.
Кездесу барысында сондай-ақ Қарағанды облысындағы елді мекендердің тіршілік-тынысын қамтамасыз ету жүйесінің жылыту маусымына дайындығы туралы сөз болды.