...спорт алаңдары ашылды
Қызылорда қаласындағы “Шұғыла” шағын ауданында балалардың ойын және спорт алаңдары игілікке ұсынылды. Бұл балалар алаңы Сыр өңіріне белгілі “ПетроҚазақстан” компаниясының демеушілігімен салынған. Оған 15,0 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалып, алаңдарды “Эко Құрылыс Маркетинг” ЖШС-і сапалы салып шықты. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Б.Қуандықов қатысып, қақпаға алғашқы допты соқты.
Мұндай ойын және спорт алаңдары қаланың “Эврика” шағын ауданы мен Жалаңтөс баһадүр көшелерінде де пайдалануға берілді. Бұл спорт алаңдарының демеушілері – “Торғай Петролеум” АҚ пен “ҚазГерМұнай” компаниясы. Ағымдағы жылдың өзінде бюджеттен 55,0 млн. теңге қаралып, 10 балалар ауласын салу жоспарланған.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.
...дүкен “Ертіс” деп аталады
Бұл облыс орталығында ашылған азық-түлік өнімдерін арзан бағамен саудалайтын сегізінші әлеуметтік дүкен болып отыр. Ет, сүт, нан өнімдері, көкөністің түр-түрі дүкен сөрелерінде қаптап тұр. Жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары шығарған өнімдермен қатар, Өскемен және облыстағы Шарбақты ауылы құс фабрикасының жұмыртқалары, тауықтары бар. Жаңадан ашылған бұл сауда орнының тағы бір жаңалығы – мұнда Алматыдан жеткізілген халал өнімдер, мал етінен жасалған таза шұжықтар саудаланады. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары шығарған өнімдеріне өз бағаларын қойып, сата алады. Сату орындарының жалдау ақысы да төмен.
Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында ашылған аз қамтамасыз етілген отбасыларына, ардагерлерге, зейнеткерлерге арналған әлеуметтік мәндегі дүкендер жұмысы, азық-түлік өнімдерінің қалыпты бағамен сатылуы қала әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.
...қайырымдылық қоры
“Жаңа дәуір” корпоративтік қорының құрылғанына көп болған жоқ. Десек те оның алғашқы кезден қайырымдылық шараларына белсене атсалысып, жеткіліксіз қамтылған жандардың табыс табуына мүмкіндік жасап, тұрмыстарын оңалтуды және күнкөрісі нашар отбасылары мен жетім балаларға қамқорлық жасауды мақсат етуін жұртшылық жылы қабылдауда.
Жаңадәуірліктер Талдықорған қаласында жаңа филиалын ашты. Кеңсенің көгілдір лентасы қиылып, еңбек ардагерлері мен жиналғандар жаңа филиалдың қадамына сәттілік тіледі. Көпшілік екі қабатты ғимаратты аралап, мұндағы техникалық жағынан жабдықталған жұмыс бөлмелеріндегі мамандардан қажетті сұрақтарына жауап алды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.