23 Қазан, 2010

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы пішінінде

815 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қырымда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті 59 отырысы болып өтті. Оған қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбеков бастаған қазақстандық әскери делегация қатысып қайтты. Отырыстың күн тәртібіне ТМД қорғаныс ведомстволарының әр­түрлі бағыттағы іс-қимылдарын қам­титын жиырмадан астам мә­селелер шығарылды. Бас қосуда 2005 жылғы 26 та­мызда бекітілген ТМД-ға қатысу­шы мемлекеттердің 2010 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұ­жы­рымдамасын жүзеге асыру қо­ры­тындысы және Қорғаныс ми­нистрлері кеңесінің 2010 жылғы қызметінің нәтижелері мен әс­кер­лердің бірлескен жауынгерлік әзір­лігін арттыру мәселелері сарап­талды. Осы жиында Қазақстан армия­сы бүгінгі таңда посткеңестік аумақ­та үздіктердің бірі болып отыр­ғаны баса айтылды. Достастық елдері мемлекет басшыларының пікірінше, Қазақстан Қарулы Күш­тері ұтқыр әрі кәсіби. Осы басқосуда Қорғаныс ми­нистрлері Кеңестің 2011 жылға ар­налған жұмыс жоспарын бекітіп, Дос­тастық елдері қарулы күште­рінің келесі жылы өтетін бірлескен іс-шараларының тізбесін анықтады. Сонымен бірге, жиында әске­ри-техникалық ынтымақтастық мә­се­лелері де жан-жақты қаралды. Оның ішінде Үйлестіру орталы­ғында әскери техниканы жөндеу, қосалқы бөлшектерді жеткізу, қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіру туралы Ережелер қайыра пысықталды. Қорғаныс ведомствосының же­текшілері ұшу қауіпсіздігін қам­та­масыз ету саласындағы ынтымақ­тастық мәселесіне де барынша кө­ңіл аударды. Конструктивті тал­қы­лау барысында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін біріккен ақпа­рат­тық-сараптамалық жүйе қызме­ті­нің қолданбалы бағдарламасы талқыға салынды. Отырысқа қатысушылар Дос­тас­тық қарулы күштерінің эколо­гиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ақпараттық-анықтамалық жүйені қолдану туралы әдістемелік ұсынымды да талқыдан өткізді. Қорғаныс министрлері ТМД Қарулы Күштерінің инженерлік қам­тамасыз ету саласындағы қа­рым-қатынасы туралы келісім жобасын да бір ауыздан мақұлдады. Талқылаулар барысында тарихи ескерткішерді қорғау мәселесі де сөз болды. Отырысқа қатысушылар ТМД-ға мүше мемлекеттер хал­қы­ның Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен қаһармандығын мәңгілік есте сақтау туралы келісім жобасын, Әскери-мемориалдық жұмыстар­дың модель­дік ережесін бекітті. Со­нымен қатар, Ұлы Отан соғысында із-түзсіз кет­кен­дерді іздестіру жұмыстарын ұйым­дастыру туралы да пікір алмасты. Министрлер ТМД-ның 20 жыл­дығына арнап, Достастық елдері армияларының VІІІ Спартакиада­сын өткізу туралы мәселелерді  де қарастырды. Отырыста қабылданған шешім­дер Достастық форматындағы көп­тарапты әскери ынтымақтастықты одан әрі жетілдіріп, аймақтық және ұлттық мүдделер негізіндегі әскери саладағы тиімді әріптестікті дамы­туға ықпал етеді. Қазақстан Республикасы  Қорғаныс министрлігінің  баспасөз қызметі.