23 Қазан, 2010

Барлық салада байланыс жақсы

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жанов Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республика­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі Зәкір Арифоғлы Гашимовты қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Айта кету керек, бұл жүздесу Әзірбайжан елшісінің Қазақ­стан­дағы дипломатиялық қыз­метінің басталуына байланысты өтті. Мәжіліс Төрағасы елшіні жаңа қызметімен құттықтап, Қазақстан мен Әзірбайжан ара­сындағы тарихы тереңде жатқан достық, бауырластық байла­ныстарды нығайту жолында еңбек ететініне сенім білдірді. Елші өз кезегінде Астанада бірінші рет болып тұрғанын, бұ­ған дейін Түркияда елші бол­ға­нын айта келіп: “Қазақстанға елші бо­лып тағайындалғанда ерекше қуан­дым. Астананың ға­жап құры­лысын көріп, таңға­лы­сымды жасы­ра алмадым. Астана – жаңа ғасырдың қаласы болып отыр”, – деді Зәкір Арифоғлы. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы ынтымақтастық байланыс бар­лық сала бойынша қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. “Пар­ла­мент­аралық байланыс та қар­қынды дамып келеді. Түр­кітілдес елдердің Парламенттік Ассамблея­сының құрылуы, өткен жылы Баку қаласында Түрк ПА-ның бірінші отырысы өткені тарихи оқиға бол­ды. Оған өзім де қатысқан бола­тынмын. Ал келер жылы көктемде Түрк ПА-ның отырысы Астана қала­сында өтетіні жоспарланып отыр”, – деді Орал Мұхамед­жанов. Кездесуде тараптар Қа­зақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, желтоқсан айында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті жөнінде пікір алмасты. Мәжіліс Төрағасы 2011 жылы Қазақстан Ислам Кон­ферен­циясы Ұйымына жетекшілік ететінін, ислам ел­дері­мен ынты­мақтастықты нығайтуға басты назар аудары­латынын көлденең тартты. Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы елшінің Қазақстандағы мәртебелі қызметіне табыс тіледі.