23 Қазан, 2010

Шаруалары нық, тұрмыстары бақуатты

517 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысар алдында біз облыс әкімі Серік Біләловке арнайы жолыққанымызда, ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы кеңінен әңгі­мелеп берді. Серік Сұлтанғазыұлы Елбасы тапсырма­ларына сәйкес индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ойдағыдай орындалып жатқанын, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына дайындықтың басталғанын, астық жинау ұйым­шылдықпен аяқталғанын жеткізе отырып, сөз арасында “Егемен Қазақстан” газетінің келесі жылғы таралымы 6700-ге жетейін деп отырғанын қосып қойды. Әңгіме соңында облыс орталығынан шалғайда жатқан Уәлиханов, Ақжар ау­дан­­дарында биыл астық өзгелерге қарағанда бітік шыққанын және ауылдық аумақтарды дамытудың өңірлік бағдарламасы шең­берінде бірталай шаруалардың ұтымдылықпен ат­қарыл­ғанын, реті келсе, осы жақтарға баруды ұсынды. Біз облыс бас­шы­сының өтінішіне орай осы өңірлерді аралауды ұйғардық. Шалғай аудандағы шалымды істер Уәлиханов – облыс орталы­ғынан ең шалғайда жатқан аудан, оған жету де оңай емес. Іссапар бары­сында оның тауқыметін талай тартқанбыз. Шалғайлығына бойы­мыз үйренгенімен, ойқы-шойқы жолы қатты қинайтын. Қашан межелі жерге жеткенше шоқырақ атша жүріс өнбей, көліктің де, жүргіншінің де зықысын шы­ғара­тын. Енді “Жол картасы” аясында қалпына келтірілген тас жолмен жүйткіп келеміз. Бағдарламаның шарапатын ауылдықтардың осы­лай көре бастағаны қуантады. Жо­лы­­мыз оңғарылып, Кішкенекөлге тез-ақ жеттік. Қазақ халқының ұлы перзентінің есімін иеленген аудан­ның әкімі Есләм Уахитовпен әңгі­ме тиегі өз-өзінен ағытылып жүре берді. Бұл бір қызық тағдырлы жан екен. Оның кеудесіндегі ауған минасының жарықшағы да әлі күнге алынбаған. Биыл ол Ресей­дегі ауған соғысы ардагерлері қоға­­мы белгілеген арнайы орден­мен де наград­талыпты. Бұл оның Ауған­станда болғанда ұсынылып, бірақ әлдебір себептермен ала алма­ған “Қызыл Жұлдыз” ордені­нің өтеуі­не берілген көрінеді. Ол бізге ауданның шаруашы­лы­ғы мен қоғамдық өмірі бертінге дейін тоқырап қалғанын жасырған жоқ. Бюджеттен қаржының мар­дым­сыз бөлінуі салдарынан даму әлеуеті көп төмендеп кеткен. Сірә, қазанның құлағын ұстап отырған кейбір лауазымды шенеуніктер шөміш­тен қысып, болашағы бұ­лың­­ғыр дегенге алдын ала жат­қы­зып қойса керек. Ақмола, Павло­дар облыстарымен, Ресейдің Омбы облысы­мен шектесетін, жағрапия­лық құрылымы әртекті, табиғаты күрделі, жері тасты, бірақ қара то­пы­рақты өңірдің келешегіне күмән келтірушілердің қатты қателескені байқалады. Биыл өңірлік талдау және аудандар мен қалалардың рейтингтерін айқындау үшін 25 көр­сеткіштен тұратын мониторинг қорытындысы бойынша орташа серпінмен өркендеген санатқа қо­сылуы осы ойымызды айғақтайды. – Аумақтық бағыныштылық жиі өзгергендіктен, ауданға тиісті қамқорлық көрсетілмей, қаражат та “қалдық қағидатымен” беріліп кел­гені рас. Қазір облыс әкімі Серік Біләловтің ұдайы назар ау­дарып, қаржылық демеуінің арқа­сында табысымыз дөңгеленіп қалды. Ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жалпы көлемі 2 883,9 мил­лион теңгені құрап, негізгі капи­талға салынған инвестициялар көлемі жарты мил­лиард теңгеге жетті. 28 елді мекен сапалы ауыз су тұтынады. Рес­пуб­ликалық бюд­жеттен қарасты­рыл­ғ­ан транс­ферт есебінен Кіш­кенекөл, Ақ­құдық ауылдарына су жеткізілді. “Жол картасы” бағдар­ламасы шең­берінде атқарылып жатқан шаруа­лар өз алдына. Оның игілігін мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салалары көріп жатыр, – деп бізге жан-жақты мағ­лұмат берген Болат Есләмұлының осы жерде туып-өскені әр сөзінен аңғарылды. Өлке тарихына жетік. Ауданда егіншілік саласын өркендетуге зор үлес қосып жүр­ген “Қазэкспортастық” агрофир­масы директорлар кеңесінің төр­ағасы, ауданның құрметті азаматы Руслан Молдабеков жөніндегі ықылас та ерекше. Тағы бір іскер азамат Кен­жебай Қашаевтың жетекшілігіндегі “Қызылту-Нан” ЖШС “Қызылту­дың астық им­периясы” деген атаққа ие болған. Мұнда 900-ге тарта адам еңбек етеді. 135-150 мың гектар жерге егін өсіреді. 70-ке тар­та жаңа техникалары бар. “Қызыл­ту ұн тарту комбинатының” өнімі жа­қын шетелдерге де тарайды екен. “Бюллер” диірмені орнатыл­ғалы ұнның сапасы жақсара түскен. Аудан орталығының көшелері асфальтталып, электр жарығы тар­тыл­ған. “Ресейден келген қонақ­тар Қазақстанды алдымен біздің ау­дан­ның тіршілігі арқылы бағам­дайды. Сондықтан, намысты қол­дан бермей, көшелерімізді жайна­тып, жарығымызды жарқыратып қой­дық”, дейді әкім. “Жол картасы” бойынша бө­лін­­ген қаражатқа жөнделген ны­сан­­дарды да аралап шықтық. Жа­ңа­дан ашылған тарихи-өлкетану мұра­жайы да жәдігерлерге байып келеді екен. Жергілікті қазынадан қарас­тырылған қаржыға аудандық кітап­хана да жөнделіп, жұтынып тұр. №3 қазақ гимназиясының ди­рек­­торы Әскербек Тауфикұлы мұ­ға­лімдердің қазақша басылым­дар­ды бірінші кезекте алдыраты­нын, “Егеменге” біраз адамның жа­зы­лғанын, бұл әлі де жалғаса­тынын айтты. “Мөлдір су” кәсіпорны ат­қа­рып жатқан жұмыстар да сан-сала­лығы­мен ерекшеленеді. Оның дирек­торы Талғат Дүйсенбековтің ай­туын­­ша, жұмысын енді бастаған түш­пара шығаратын цехтың өнім­дері сұранысқа ие. Иесіз қалған 18 пәтерлі үй қайтадан жабдықталып, келесі жылы пайдалануға беріл­мекші. Құрылыс материалдарын дайындайтын цех тапсырыс бо­йынша жұмыс істейді. Кәсіп­орын 14 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етеді екен. Келесі жылы тағы 4 елді мекенге таза су жеткізу көзделген. Аудан орталығынан алыс жат­қан Қайрат, Қулыкөл ауылдық округ­­теріндегі адам жанын жа­дыра­татын жақсы істер де сүйсінт­п­ей қоймайды. Бұл маңайдың жері таулы-тасты келгендіктен, егін өсіруге қолайсыз. Керісінше, төрт түлік үшін құнарлы жайылымдар жеткілікті. Ата кәсіп жолын қуып, қора-қора мал ұстаушылардың қа­ра­сы көбейген. Қулыкөлдегі ауру­хана округтегі – 6, көршілес Пав­ло­дар облысындағы 3 елді мекенге медициналық қызмет көрсетеді. Ақжардағы ұшқыр жобалар Облыстық экономика және бюд­жеттік жоспарлау басқармасы жүргізген рейтингтік көрсеткіштер нәтижесіне қарасақ, Ақжар – қазір, жоғары серпінмен дамып келе жатқан аудандардың бірі. Бұл орайда өнеркәсіп өндірісі көлемін ұлғайту, шағын және орта бизнесті да­мыту, негізгі капиталға инвести­циялар тарту, құрылыс жұмыс­тарын жандандыру, бөлшек сауда айналымын еселеу секілді көрсет­кіштер бойынша алға шыққан. Облыс бюджетінің ең жоғары кіріс өсімі де ақжарлықтарға тиесілі. Биылғы ауа райының құрғақ­шы­лығына қарамастан, бітік астық өсіріп, сыннан сүрінбей өткен. 327 мың гектар алқапқа егілген дәнді дақылдардың орташа шығымды­лығы 14 центнерден айналыпты. Бұл – облыстағы екінші көрсет­кіш. Аудан әкімі Ағзам Тастеміров ат­қарылған істермен қоса, алдағы мақ­сатты жоспарларымен де ой бөлісті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген индустриялық-инновациялық жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқаны ерекше қызықтырды. Әкімнің өзіне дейін­гі жақсы дәстүрлерді жалғастыру­мен қатар, тыңнан түрен салу қол­таң­басы осы тұста айқындалаты­нына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ақ­жардың жері қазба байлықтарға мол. Кварц құмының, қиыршық тастардың мол қоры бар. Облыс басшылығының қолдауы арқа­сында биыл оларды игеру бағы­тында 3 бағдарламаны іске қосу көзделсе, солардың 2-уі толық игеріліпті. Ұш­қыр жобалардың біріне Ленин­град ауылдық окру­гін­де орналасқан Айсары кен ор­ны­ның таңдап алынуы кездейсоқ емес. “Ақтөбе-GLASS” ЖШС 1200 млн. теңге қаржы құйып, кен байыту комби­натын тұрғызды. Шетелдік қондыр­ғылар мен құрал-жабдықтар орнат­ты. Мұның өзі еуропалық стандарт­қа сай келетін магнитті сепарация­лауды пайдала­нуға мүмкіндік ту­дыр­ды. Кәсіп­орын толық қуа­тына көшкен кезде 150 адам тұрақты жұмыспен қам­тылатын болады. Сон­да жылына 350 мың тоннаға дейін кварц құмын байыта алады. Өнімнің 60 пайызы ішкі қажет­тілік­терге жұм­салса, қалғаны экс­порт­қа жө­нел­тіледі. Айсары кварц құмының сапалылығы сон­шалық, жарық өткізгіштігі жоғары техникалық шыны, автомобиль әй­нек­терін, шы­ны блоктарын, ар­найы бұйым­дар жасайтын шыны талшықтарын шығаруға жарайды, дейді зауыт басшылары. Екінші жобаны “Шунгит” ЖШС іске қосыпты. “Дәуіт-2” кен ор­нындағы қиыршық тастар­ды өңдеу мақсатымен Швейцария­дан өнімділігі жоғары құрал-жабдықтар әкелінген. Олар саға­тына 275 тонна жақпар тастарды уатып, өңдей ала­ды. Өнім негізі­нен Ресейдің Омбы об­лы­сына өткізіледі. Ол үшін Пол­тавка және Одесса аудан­дарының шекара­ларында екі жүк тиейтін база ұйым­дастырылатын болады. Үшінші жоба негізінде Ащыкөл ауы­лында салынып жатқан элева­тор кешенінің құрылысы да аяқ­талуға жақын. Бізді оған аудан әкімі бастап апарды. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған “Солтүстік-Ащыкөл” элеваторы­ның сыйымды­лығы әжептәуір, 70 мың тоннаны құрайды. Алайда, ол жүздеген мың гектар егістік ал­қа­бы бар “Богви” ЖШС-ның қаже­тін өтей алмаған­дықтан оның жа­ны­­нан қосымша 60 мың тонналық астық қабылдау пунк­тін тұрғызуға шешім қабыл­да­ныпты. Құрылыс жұмыстары “Ең­бек-Нан” агро­құры­лымының тіке­лей қатысуы­мен атқарылуда екен. 600 миллион теңгеге канадалық құрал-жабдық­тар алыныпты. Астық қабылдау кешенін 20 қарашада іске қосу белгіленсе, қазіргі қарқынға қара­ғанда, құрылысшылардың межелі уәдеден көрінетіндеріне сенім мол. Біз Дәуіт стансасында “Егемен­нің” бір топ тұрақты оқырман­дарымен кездесіп, ауылдықтардың тыныс-тіршілігін сұрастырып білдік. Солардың бірі – “Ақниет-Ақжар” серіктестігінің жетекшісі Дәуіт Құдияров өз сөзінде жыл са­йын 40 мың гектар жерге астық өсі­ретінін, енді мал шаруашы­лығы­мен айна­лысуға кіріскендерін, 200 үйлі ауыл тұрғындарының әлеу­­меттік қажет­тіліктерін өтеп отыр­ғанын жеткізсе, “Данияр” шаруа­шы­лығы­ның бас­шысы Ғалым Данияров ауылдас­тарының тірлі­гіне ризашы­лығын айтты. Өзіміз­ден бастап қазақша газет-журнал­дарға жазылу­ға асыға­мыз. Аз қам­тылған отбасы­ларды тегін жаз­дыртамыз, дейді екеуі. Шалғай аудандардағы ісса­пары­­мыздан қайтарда есімі облыс жұрт­шылығына жақсы танымал Мұха­меджан Лұқпановтың шаруа­шылы­ғына да соға кеттік. Қажыр­лы да қайратты еңбегіне орай жуыр­да оған “Облыстың құрметті азаматы” атағы беріліпті. Осындай нар тұлғалы азаматтары бар еліміз­дің еңсесі түспейтініне, биік белес­терге көтеріле беретініне риясыз сенесің. Жақсыбай САМРАТ, Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.