23 Қазан, 2010

Кешігіп келген бір хабар...

641 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Бұл біз күтпеген мүлде тосын хабар болды. Телефон арқылы ал­ғаш естігенімде есім шыға қуан­дым. Әрі еріксіз көзіме жас келіп, қатты толқыдым. Рас-өтірігіне сене алмай, өзіме-өзім келе алмай, абдырап отырып қалыппын. Қуанғаным – Отан соғысында қаза болған ағайымның қайда жерленгенін естідім. Қатты толқып қапаланғаным – осыншама ғұмыр өткенше одан хабарсыз бол­ғаны­мыз. Жеңістің өзіне 65 жыл өтіп­ті. Ал оның сонау Тула облысының бір түкпірінде жат жердің топыра­ғын жастанып жатқанына 68 жыл болыпты-ау! Қайран ағатайым-ай десейші! Содан бері ел-жұртыңа, туған-туыстарыңа белгісіз болып жата бердің-ау. Сенің елден ерекше азамат болғаныңды, сонау 1934-35 жылдары Мәскеудің университетін бітіріп келіп, Қызылжар пединс­ти­тутына сабақ бергеніңді, соғыс бас­талысымен Отан қорғауға асығып, сұранып майданға аттанғаныңды, майданның алғы шебінде жүріп, ерлікпен қаза тапқаныңды ол жақта кім білді дейсің. Осы орайда “соншама жыл өт­кенде ағайың туралы деректі қай­дан, қалай таптың?” деп сұрайтын адамдардың да болуы мүмкін. Иә, егер осыдан жиырма шақты жыл бұрын отағасым Әулиехан екеуміз ағайымыздың аты-жөнін “Ескерт­кіш кітабына” жазу туралы бір кез­де ол кісі жұмыс істеген Қызылжар пединститутының ректорына арнап хат жазбасақ, біз өмір бойы  хабар­сыз өтер едік. Биыл жыл басында Қызылжар­да Ұлы Отан соғысының майдан­гер­леріне арналған “Аллея” ашыл­ғалы жатыр деген хабарды құлағым шалды. “Егер соғыста құрбан бол­ғандар туралы жазылатын болса, менің де ағайымның аты-жөні ес­керілуі керек қой. Хабарласып кө­рейінші”, – деген ой туды. Дереу қалалық ардагерлер кеңесіне теле­фон соқтым. Ондағы ардагер­лер кеңесі төрағасының орынбасары Сара сіңілім мені мұқият тыңдады. Ол аллеяға жауынгерлер есімінің жазылмайтынын, Ұлы Отан соғысы туралы басқалай ақпараттар бола­тынын айтты. Сараға тағы бір өті­ніш білдіргім келді. Баяғы Әу­лие­хан екеуміздің ректорға арнап аға­мыздың “Ескерткіш кітабына” есі­мін кіргізу туралы жазған хатымыз не болды екен? Соны тексеріп, анығын біліп беруін өтіндім. Сара: “Жарайды апа, тек 1-2 күн­нен кейін өзіңіз тағы хабар­ласыңыз”, – деді. Уәделі күні тағы телефон шалдым. – Байтоғаев Қартай 1942 жылы 4 қаңтарда қаза болып, Тула облы­сының “Хлопова” селосында жерленген, – деді Сара. – Айтып тұрғаның рас па? Дәл солай жазылған ба? – Міне, “Ескерткіш кітабы­ның” І-томы. Оның 332-бетінде дәл осылай жазылған. Мен тура соны сізге оқып беріп тұрмын. – Апырым-ай, рас па? Рас қой, ә! – Иә. Сонда сіздер бұл хабарды осы кезге дейін білмей келгенсіздер ме? – Әрине, қарағым, білмедік қой, білмедік. Бұдан соң менде маза болмады. Қалай да басына барып қайтуым керек­тігін айтып, балаларыммен ақылдастым. – Жарайды, барамыз, мама, – деді Алматыдан келген Айдарым. Баламның сөз айтпай келісе қойға­нына қуанып кеттім. Елгезек інілерімнің біріне ағамның туған жері – Қызбелден бір уыс топырақ алдырттым. Мұнда жеткесін ертеңіне ерте­летіп таксимен Арсеньевка ауда­нына бет түзедік. Юрий Иванович берген телефон бойынша Ар­сеньев­ка ауда­ны муниципалдық ағарту ісінің басшысы – Виктор Михаилович Гав­риковқа телефон соқтық. Абы­рой болғанда Виктор Михаилович “Хлопова” селосында жүр екен. Қарсы алатынын айтты. Ойым – он сан. Атын естісем де затын көр­меген шалғайдағы жат жердің то­пы­рағын басам деп үш ұйықтасам ойыма келген бе? Енді, міне, Қар­тай көкем баяғыдай, ме­нің бала ке­зім­дегідей “Қана­шым!” деп жұмсақ дауыс­тап алдым­нан шыға келе­тіндей елегізіп, елеңдеп, жеткенше асы­ғып келем. Ол соғыс­қа атта­нарда мен 5 жаста ғана бола­тын­мын. Есімді білер-білмес сәби шақ еді ғой. Дегенмен есте қалған сәттер де бар. Жазық­сыз айдауда кеткен әкені жоқтат­пайын дей ме екен, мені қатты еркеле­тетін. “Келіншек әкелдім әне, керуеттің астына сенен тығы­лып қалды”, деп үйдегі бар төсек­тің астын қаратып шығатыны әлі есімде. 1937 жылы әкемді жазықсыздан жазықсыз “халық жауы” атан­ды­рып, айдап әкеткенде “ағамның отбасын жетімсіретпеймін” деп, сонау қиян­дағы Торғайдың Аман­келді ауданы­нан бізді Қызылжарға көшіріп алды. Шиеттей бала-шаға, 75-те қарт әжем бар. Барлығы бес жанбыз. Ішіміздегі бас көтерер апам ғана. Әкем жоқтағы төрт жыл бойғы бізге жасаған жанашыр қамқорлығын, өлшеусіз қызметін, өзіне ғана жарасымды ізетті жұмсақ мінезін, адамгершілік сыр-сый­патын апам арқылы танып білетін­мін. Қайнысын туған бауы­рын­дай жақсы көріп, оны есінде сақ­тап, өмір бойы қадірлеп айтып өткен адамды апамнан көрдім. – Тумысынан ерекше жаратыл­ған марқасқам-ай, бізді ренжітпей, бағып-қағамын деп үйленбей кеттің-ау. Отау құрсақ артыңда бір тұяқ қалар ма еді! Апам осылайша бекзат қайны­сын өзегін өртеген өкініш-қайғы­сымен жиі еске алып отыратын еді. Анам сияқты мен де осы күні ол туралы балаларыма айта жүретін болыппын. Әкем ақталып түрмеден орал­ған­да соғыс басталып кеткен бола­тын. Сағынысып көріскен екі бауыр ұзақ бірге жүре алмады. Қартай өзі сұранып майданға аттанды. Жеті айдан соң қара қағаз келді. Інісінің қазасы әкеме қатты соққы болып тиді. 70-ші жылдары менің отағасым Әулиехан Сарыағаш курортында За­карин Асқармен бірге демалып­ты. Ол кісі кезінде Білім министрі, ҚазМУ-дің ректоры, респуб­лика­мызға кеңінен танымал ел азаматы болған. Зейнет­керлікке шығып, ұл­ғай­ған шағы болса керек. Әңгіме­лесе келе Асекең Қартайды жақсы білетін болып шығады. Бірге оқып, майдан­ға аттанар сәттерде де бір-бірінен хабардар болған екен. “Ен­ді-енді тылға шақыртып аламыз деп жүр едік. Үлгере алмадық. Май­данның алғы шебін­де жүріп ұза­май оққа ұшты ғой сабазың! Көп адам­нан білімі де, азаматтық тұлғасы да көш ілгері жан еді ғой”, – деп кә­дім­­гідей көңілі босап еске алыпты. ...Жол ұзақ, оған қоса тарам-тарам жолдардан шатысыңқырап, кешеулеп келеміз. Тіпті жөн сұрай­тын адам да таппайсың. Жол бо­йында әдеттегідей ағылып жататын мәшинелер де көрін­беді. Бұл жақты да біздердегідей дағ­да­рыс жайла­ғанға ұқсайды. Алыстағы елді ме­кен­дер қаңырап қалған. Шеттеп қал­ған бір түкпірге бет алып келе жат­қан сияқ­тымыз. Айналамыз ор­ман-тоғай бол­ған соң алыстан ауыл көру мүмкін емес. Әйтеуір, төтесі­нен түскендей келіп қалыппыз. Манағы сөйлескен Виктор Михай­лович жол бойында тосып тұр екен. – Кешіктіңіздер ғой, – деді сал­ған жерден. – Күте-күте шар­ша­ған сыңайы бар. Өзі мәшинеге отырмады. Алдыға түсіп жол көр­сетті. Темір шарбақпен қоршалған бауырластар зиратына алып келді. Қақпаның алдына жауынгерлер мүсінінен ескерткіш орнатылыпты. – Бұл жерге сіздер сияқты ар­найы іздеп келгендер болмаса, еш­кім келе бермейді, – деді ол қақпа алдында сәл кідірістеп. – Иә, мен де 68 жыл өткенде естіп жаңа келіп тұрмын. Көрдіңіз бе қандай өкінішті! 68 жыл өткенде! – Өкінбеңіз, ағаңыздың жер­лен­ген жерін ақыры бір таптыңыз емес пе? Соған қуаныңыз. Білесіз бе, осы облыста тұрып, сізден де үлкен бір қария туған әкесін жақында ғана осы зираттан тапты. Виктор Михайлович өзі бастап ішке кірдік. Келген бетте көңілім толқып үнсіз тұрып қалдым. Жан-жағыма көз салсам, бейіттердің үс­ті­не шөп өсіп, жер болып тегіс­теліп кеткен. Ағайым қай маңда болды екен? Басыма алғаш келген ой осы болды. Мұнда кімнің қай жерге (қай тұсқа) жерленгенін білу мүм­кін емес еді. Әйтеуір, осы қоршау­дың ішінде бір жеріне көппен бірге мәңгіге жат жердің топырағын жас­танып жатқаны анық. Қоршаудың сыртындағы гранит тастарға аты-жөндері қашалып жазылған екен. Атаусыз қалмағанына шүкір дедік. Қарап тұрсам, жер болып кеткен бейіттерде де белгі бар екен! Сонау бір сәл-пәл дөңестеу зират үстінде каска жатыр. “Мынандай бейіттер көп пе? – деп сұрадым. – Жоқ, небәрі бір-екеу ғана болар, – деді Виктор Михайлович. Күнге күйіп, жел өтінде тұрып, жауын-шашын ас­тын­да жатып тот басып әбден жұ­қарған каска. Оқ тескен ойығы да жырымдалып кеңейе түскен. Сол бейітке на­зарыма ауып, ұзақ қарап тұрып қал­дым. Жаным­дағылар да өз ойлары­мен үнсіз қапты. Қартай туралы келген қара қағаз­да: басынан оқ тиіп жараланып қаза болған деп жазылғанын апамның айтып отыратыны есіме түсті. Мына зираттағы екі мың адам­ның бәрі бір­дей басынан жаралан­бағаны анық. Мүмкін, осы каска жатқан бейіт бо­лар ма екен деген дүдәмал ой келді. Бір түйсігім жете­леп сол зираттың жанына алып келді. Жа­нына жақы­нырақ келіп отырып, ағайыма ба­ғыш­тап құран оқыдым. Бауырым­ның рухымен үнсіз отырып, тілдес­тім. Бұл жал­ғанда тірі жүріп, осы уақытқа дейін басына бір келе алма­ғанымыз үшін кешірім өтіндім. “Қа­зір тірі жүріп мені көр­сең, таны­мас едің. Баяғы өзің кет­кенде 5 жас­та қалған Қана­шыңмын ғой. Енді міне, мен де балалы-шағалы әже бол­­дым. Май­даннан жазған хатта­рың мен фото­суреттерің менде. Ал­тын­дай қадір­леп сақтап келем. Хат­тарың­ның бір данасын Арқалық му­зейіне тапсыр­ғам. Сонда сақтаулы. Сол соғыс біз­дің әулет­ке апат болып ти­д­і. Ай­да­рбек, Жарасқан, Қайыр­ғали бауыр­ларың да хат-хабарсыз кетті. Әрі науқас, әрі қайғы екі жақ­тап, әкем де өзіңнің артыңнан көп ұза­май қайтыс болды”, дедім күбірлеп. Ағамның мәңгілікке орын тепкен мекеменің төңірегі тыныш, жайлы екен. Көлденең көзден де, у-шудан да таса. “Жан-жағың жұ­пар иісі аң­қыған гүл ара­лас көк шал­ғынмен көм­керілген. Жатқан жеріңді көріп, менің де көңілім орнық­қандай. Саған бұйырғаны туған жерің­нен әкелген мынау бір уыс то­пырақ. Ең болмаса бір түйірі қабіріңнің үстіне түсер ме екен?” деп оң қапталға тү­гел шаш­тым. “Кішкентай Қана­шың­­ның қартай­ған шағындағы осы тірлігіне риза бол! Отан үшін жаның­ды қиған өлі­мің шаһит қой. Жәннат­тың тө­рінде жүрген болар­сың. Қош бауырым, қош! Өле-өлгенше есімің есімде жүрері анық. Әкем айтқан­дай, тарихта өлімің хат боп қалады! Ханзипа БӘЛДІКҚЫЗЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Астана қаласы. Суреттерде: 1. Оң жақтан бірінші – Қартбай Байтоғаев; 2. Автор – Ханзипа Бәлдікқызы.