Тәуелсіздік алғанымызға 19 жыл толар тұста өз елімде, өз жерімде, тіпті өз үйімде отырып дәл мұндай рухани жалғыздық күйін кешемін деп ойламаппын. Біреулер маған қалжыңдап болса да азат еліңде еркелеп өмір сүріп жүріп, түн жамылып, өз үйің-өлең төсегіңде түрлі-түсті теледидарға қарап отырып, өзіңнің Қазақ еліңді сағынарсың десе, мен оның қисық сөйлеп тұрған аузын онан сайын қисайтып жіберер едім. Ұлттық тірлігіңді, болмысыңды жоғалтып, ішің удай ашып жыларсың десе, сол адамның қисық аузын қайыспен қатырып тұрып тігіп тастар едім. Құдай сақтасын, ондай сөз естімедім.
Бірақ құдай тас төбемнен ұрғанда кешкілік теледидар алдына отыра салысымен сізге өтірік, маған шын қазақ теледидары шын мәнінде мені шетелдік көрерменге айналдырады да жібереді. Көгілдір экран толы өзге елдің тірлігі. Соның ортасында бір қазақтың ай маңдайлы жүзін көре алмай, қонжиып мен отырамын-ай, жаным құлазып.
Оның үстіне күндіз де, түнде де, түскі, кешкі аста да, той-томалақта да шетелдің елесінен құтыла алмайсың-ау, алмайсың. Дос-жолдастарыңның өзі аман-саулықтан соң “Күзгі жапырақтарды қайта көріп жатырсың ба? Ферхунде сұмырайды айтсаңшы”, деп сені жат елге жетелейді.
Соңғы кезде теледидардың арқасында тағы бір айқай-аттан шықты. Ойбай, “Женщина солнцаны” “ЕлАрна” қазақшалап қайта беріп жатыр. Қазақстанда “Ант” жүріп жатыр. “Евразияда” “Одержимый” көрсетілуде. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, қарапайым халықтың әңгіме ауаны осындай. Олар өзге елдің адамдарының тірлігін қызықтап, солардың тілеуін тілеп әлек. Кешкілік бірі түріктеніп, бірі қытайланып, бірі корейленіп, бірі орыстанып шыға келетіндіктен, ой-жүйесі де, таным-түсінігі де, арман-мүддесі де мүлдем өзгерген. Өзгермей қайтсін, қас қарайғаннан бастап, Қазақ елінің қазақ теледидары – қарапайым халқымыз көретін барлық дерлік каналдар – сенің қазақ екеніңді ұмыттыруға күш салатындай. Бір күн емес, жылдар бойы. Санаңа қаласаң да, қаламасаң да шетелдің өмірін саумалдап құяды да тұрады. Өзгенің тылсым тірлігін қызықтап отырғанда өзіңнің кім екеніңді ұмытуың заңды құбылыс қой.
Мына жаһанданып келе жатқан заманда ақпараттық шабуылдан қайда барып бас сауғалайсың? Сенің өз мемлекетіңде бұдан да ғажайып оқиғалар болып жатады. Шетеліңнің тірлігі әдіра қалсын оның қасында. Тек сол өз өміріңді көгілдір экраннан көре алмай, іздеп таба алмай пұшайман болғаның қиын екен. Ол құзырды барлық канал басшылары басқа мемлекеттерге беріп қойғандай. Жалынып, жалпайып қаржыға шетел фильмдерін сатып алған. Көрсең де көресің, көрмесең де көресің.
Ал біздің өмірімізде де шетелдегіден бір де кем емес түрлі оқиғалар болып жатыр. Ең болмаса оқиғаның ізін суытпай деректі фильм түсіруге болады ғой. Қаржы жоқ деп қалтасын қағып отырғаны. /шетел киносын сатып алуға қаржы оп-оңай табылады/.
Алысқа ұзамай-ақ бір ғана Алматы облысындағы Қызылағаш оқиғасын алайықшы. Рас, күн сайын барлық баспасөздер мен теледидарлар ақпарат жариялап тұрды. Дауымыз жоқ. Бірақ солардың бірде-бірі осы табиғат апатының астарында үлкен саяси қателік жатқанын, стратегиялық мәні бар объектілерді жеке меншікке беруге болмайтынын, пайда қуған бір адамның кесірінен мыңдаған адам азап шегетінін, мемлекет қыруар шығынға бататынын жеріне жеткізіп, ашық айта алмады.
Ресей телеканалдары бүкіл елдегі ормандардың өртенгені жайлы сан мәрте хабар көрсетіп қана қойған жоқ. Халықтың жай-күйінен ақпарат беріп, өрттің себебі мен салдарын, сабағын пысықтап жатты. Халқына зиялы қауымның пікірін тыңдатты. Ал бізде қалай?
Аз уақытта мемлекет “Ертегі ауылын” салдырды деп биылғы табиғат апатының сабағын сараламауға бола ма?! Қызылағаш су апатында жай халық өкілдері бастарын өлімге тігіп жапа шеккендерді құтқарған. Сол батырлардың бірде-бірін елге танытпаған баспасөз өкілдеріне не айтарсың. Оны да кешірелік. Ал төрт айда өркениетті ауыл салу оңай болып па десеңізші. Қандай мемлекет осындай кемелді ісімен көзге түсіп еді? Біз қаласақ та, қаламасақ та ақсулықтар Қызылағаш трагедиясын бір адамның су қоймасының қожасы кесірінен болғанын ешқашан ұмытпайды. Сол біреу – су қоймасының қожасының теледидарда бейнесі де көрсетілген жоқ. Ол азаматтан бір журналист сұхбат та алмады. Неге?
Десек те, осы оқиға еліміздің береке-бірлігін танытты, көп ұлтты халқымыз Алланың сынағынан сүрінбей өтті. Елбасымыз алғашқы күннен бастап-ақ Үкіметке қаржы бөлгізіп, бәрін өзі бақылап отырды. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бен облыс әкімі Серік Үмбетов жылап-еңіреген қызылағаштықтардың ортасына келіп, үміт шырағын жақты. Алайда халық пен құрылысшылардың, басшылардың рухани ерлігі, дәлірек айтсақ, Алматы облысы басшыларының жанкештілігі кейбір БАҚ-тарда кең көлемде жазылған жоқ. Ал біздің ағайындар темірді қызған кезінде соқ деп табиғат апатының зардабы мен сабағы жайлы жұрттың жанын толқытардай деректі фильм түсіріп, көрсетуге асығар емес. Жаңа ауыл салынып біткен соң тіпті асықпайтын шығар.
Қазақстан халқы осы су апатын өз қайғысы деп қабылдады. Оған ұйытқы болған да өз ұлтымыз. Талдықорғанның кейбір зиялы қауым өкілдері той жасаудан бас тартты. Мысал келтірейін. Жазушы Тұрсын Әбдуали өзінің 70 жылдық мерейтойына шақыру билетін таратып қойған болатын. Ол табиғат апаты туралы қайғылы хабарды естіген соң, “Халқым қан жылап жатқанда қалай мерейтой өткіземін”, деп қуанышын кейінге қалдырды. Қараталдық облыстық мәслихаттың депутаты Тұрсын Оспанов та өзінің 60 жылдық мерейтойын кейінге шегерді. Дос-жарандары, туған-туыстары бұл шешімді түсіністікпен қабылдады. Мұндай мысалдар өте көп. Міне, ұлттың ұлылығы дегеніңіз осы емес пе? Кісіліктің де үлгісі-өнегесі осы емес пе?
Біздің Қаратал өңірін де тасқын су басты. Қаратал өзенінің суы кемерінен аса жаздады. Оған жанталасып бөгет салынды. Бар өзен Балқаш көліне құйылады ғой. Асып-тасқан Қараталдың төменгі сағасында үш ауыл бар: Ақжар, Көпбірлік, Дөңши деген. Қарттар мен ауру-сырқаулар, балалар аудан орталығына көшірілді. Елде мал-жан қарауылдағандар ғана қалған еді. Топан су ауыл тұсындағы өзен бөгетінің кемеріне жете бастағанда Наурыз тойы келген болатын. Сонда Қаратал ауданының әкімі Қыдыркелді Медеуов те су апатынан қатер төнген ауылда Наурыз мерекесін ауыл тұрғындарымен бірге қарсы алды. Біз болсақ, өлкемізде жерленген 18 әулиенің рухына сыйынып, ел-жұрттың амандығын тілеумен болдық.
Аудандағы Жылыбұлақ ауылын да топан су басқан болатын. Облыс әкімі Серік Үмбетовтің ақпанның алғашқы күндерінде берген нұсқауын бұлжытпай орындауды басшылыққа алған әкім бас арықтағы қатқан мұзды бұздырып, өзен кемерін бекітіп, адам шығынын болдырмады. Мал шығыны ғана орын алды. Қараталдық жерлестерімнің су тасқыны кезіндегі жанқиярлық еңбегі ертегідей. Бірақ олардың бірде-бірі өздерін батырмыз демейді.
Мұны мен жазып отырған себебім, қазақ халқының өмірі түрік, қытай, корей сериалдарының шым-шытырығынан миллион есе қызық дегенді айтқым келген. Шет ел киносы көрсетілсін. Бірақ барлық экранды халық тынығатын уақытта соларға меншіктеп берудің не жөні бар? Азаттықты армандаған елдің халқының аңсағаны жаттірлікке табыну ма еді?
Күндіз ел-жұрттың бәрі тіршілік жасайды. Мына аласапыран заманда күнкөріс қамы да оңай емес қой. Таңның атысынан күннің батысына шейін қайнаған еңбек. Әсіресе, ауылды жердің тыныс-тірлігі тым ауыр-ақ. Қарбалас тынып күн де батады. Кешкі ауқаттан соң арқаң босамай ма? Газет-журналыңды алып оқисың. Сонан соң әлем терезесіне бейілің аумай ма? Қызық дәл осы жерде басталады. Қас қарайып, көз байланған соң, дәл ел-жұрттың тынығатын шағында көрермендер көзайымы болған барлық каналдар бірімен-бірі жарысып шетелдің шытырман фильмдерін көрсете бастайды. Көрсетсін. Көңіліңді ауласа, тағылымы болса, оның несі айып? Әлемнен оқшауланып қайда барамыз біз? Үлгі алар өнегесі болса, нұр үстіне нұр жаумай ма? Бірақ, өкінішке қарай, тағылым алар дүниелер таптырмай тұр-ау!
Әрине, менің пікіріме реніш білдіретіндер табылар. Мен қазақ ұлты көретін барлық каналдар өз міндеттерін ойдағыдай атқармай отыр деген ойдан аулақпын. Барлық каналдардың бағдарламалары әрқилы, мазмұнды, мақтарлық, мақтанарлық жобалар да жеткілікті. Көрермен күні бүгінге шейін “Шынның жүзін”, “Ақжүністі”, “Құлтөбені”, “Алтын сақаны”, “Қазақшаңыз қалайды?”, “Қазақтың жүз әнін”, тағы басқаларын сағынады. Мәселе кешкіліктегі жағдай жөнінде болып отыр. Кешкілік қазақ халқының, қазақ жастарының бойындағы патриоттық сезімді, ұлттық рухты көтеретін бір жоба бар ма? Жоқ. Кешкілік Қазақ елінің Тәуелсіздік алғандағы, алғашқы өтпелі кезеңдегі қиындығы мен қуанышын, адами болмысты сақтап қалудағы жанталасқан рухани күресін көрсеткен бір кино бар ма? Жоқ. Биылғы екі облыстағы (Шығыс Қазақстан және Алматы) көктемгі топан судың зардабы жайлы деректі фильм бар ма? Жоқ. Ресейлік журналистер белсенділік танытып, темірді қызған кезінде соғады, оқиғаның ізін суытпайды. Біз ше? Екі рет ғұмыр сүретіндей неге асықпаймыз осы? Аспаннан теңге жауатын күнді күтіп, экранымызды шатты-бұттымен толтыра береміз бе? Кейбір арна басшылары қыран қазақтарды түнгі жарқанатқа айналдырып жібергісі келеді. 50 х 50 міндетін орындау үшін тұп-тура түн жарымы ауғанда қазақ тіліне аударылған киноларды көрсете бастайды. Мұның артында “Ана тіліңді сыйлайтын болсаң, кірпік ілме, ұйықтама қазақ” деген мысқыл жатыр, әрине.
Жастар спутникті теледидар көреді. Ал оны ашып қалсаңыз төбе шашыңды тік тұрғызатын көріністер... Жалаңаш әйелдер, аймаласып жатқандар. Атыс-шабыс, өлім-жітім... Өзін-өзі асып, атып жатқандар. Құдай басқа салмасын, осындай анайылықтан жүйкесі қозып, көзі қарауытқандар көшеге шыға салып, көзіне көрінгенге (ұят та болса айталық) шауып жатыр.
Жасыратын не бар, қазір жастар арасында суицид көбейіп барады. Жоқтан өзгеге бола кейбір жасөспірімдер өзін-өзі асып тастайды. Олар үшін өмірдің құны бес тиынға татымайды. Өйткені, экранда кісі өлтіру ойыншық қой. Байлық қуған ата-анасы балаларымен сырласуға да уақыт таппайды. Кез келген қазақ баланың көйлегі көк, тамағы тоқ болса болды деп санайды. Шынайы өмірге бейімдей алмайды. Компьютердің ойыны бір қажайды, кешкілік атыс-шабыс, қатыгездік шыбын жанын тағы жаралайды. Басқа әлем, басқа тірлік, басқа ұлт бейнесі. Қантөгіс. Төбелес. Супермен адамдар. Бұл ұлттық санаға ақпараттық шабуылдың нақ өзі екенін біле тұра, олардан жастарды қорғауға талпынбай, жасөспірімдер арасында қылмыс көбейіп барады деп дабыл қаққан боламыз.
Сирек болса да көгілдір экраннан қазақ тұрмысы жайлы фильмдер көрсетіледі. Өкінішке қарай, кейбіріндегі қазақ тұрмысынан жаның шошиды. Асанәлі Әшімов ойнаған бір кинодағы тоқал тамды режиссер қайдан тауып алды екен деп ойлайсың. Қазақты кедейшілікте көрсету нағыз қылмыс деп санаймын. Үй тұрмысы да насихат емес пе? Басқа облыста соқпа тамдар бар шығар, ал Жетісу өлкесінен ондай үйді қолыңа шырақ алып іздесең де таппайсың.
“Айтыңызшы, апай, қазақ режиссерлары қазақ халқының тұрмысын неге жүдеу етіп көрсетуге әуес?” деген сұрақты мен жиі естимін. Жауап айта алмаймын. Иә, қазақтың қай киносын алсаңыз да қазақтардың киімі де жүдеу, үйі де нашар, тұрмысы да кедейшілікті насихаттап тұрады? Неге?
Ұлтымыздың әлемді таңқалдырған кісілігі, адамсүйгіштігі тасада қалады. Қазақ деген жер жүзінде кездеспейтін ең ерекше ұлт қой. Құдай оның бейіліне орай кең байтақ жер берген. Ұлттық намыстың үлгі-өнегесін желтоқсандықтар көрсетті. Ұлттық намысты қорлағанда жан қиюға барды. Міне, дап-дайын сценарий. Қазір де аяқ басқан сайын қазақтардың рухани ерлігіне жолығасың. Соны көретін көз неге табылмайды!? Қазіргі заман жайлы деректі тұрмақ, көркем фильм де жоқтың қасы.
“Жетімдер” фильмін мысалға алайықшы. Қазағымның ең басты адами қасиеттерінің бірі – ғажайып балажандылығы. Кез келген қазақ бала үшін жанын қиюға бар. Мұндай мысалды өмірден көптеп кездестіріп жүрміз. Ал “Жетімдерде” бес қабатты үйдің астына түнеп жүргендерді бір қазақтың көрмеуі мүмкін емес қой. Жарайды мұны авторлық ұстаным делік. Автор заманның қатыгездігін көрсетпек болған шығар. Ал қаршадай баланың өлген қарындасын шанаға салып молаға апаруы тіпті ұлттық шындыққа жанасымсыз-ақ. Өйткені, қазақ халқы әруақты сыйлайтын ұлт емес пе? Қандай марқұмды жаназа шығармай жерлеуші еді.
Иә, бұл киноны кәсіпқой режиссер түсірмеген. Сөйтсе де жастар оны сүйіп көреді. Жаралы сезімді де... Неге? Онда аздап болса да заманның шынайы тынысы бар. Біздің әрқайсымыз экраннан өз өмірімізді көргіміз келеді. Қазақ халқының шынайы толғамды тыныс-тіршілігін көргіміз келеді. Өзімізді өнер әлемінен танығымыз келеді. Тіпті шетел фестивальдарынан жүлде алған фильмдер мүлдем көрсетілмейді. Халыққа ұсынылмайтын киноның жүлдесінен не қайыр?
Шынымды айтсам, түнде (күндіз жұмыстамыз ғой) менің бойымды белгісіз мазасыздық билеп, Қазақ елін, қазақтардың сұлу бет-бейнесін көгілдір экраннан көре алмай сағынатын болдым. Өзгелердің тіршілігі әбден жалықтырып бітті. Шетелдің үй-ішінің күйбең тіршілігіне телміртіп қойған тағдырға налып, өз әріптестеріме ренжіп, қолыма қалам алдым.
– Кешкілік жаның жабығады? – дейді менің замандастарым.
– Кешкілік қазақ болмысы неге жоғалады? – дейді әріптестерім.
– Кешкілік шетелдің отбасылық көк мылжың киносы неге қайта-қайта көрсетіледі? – дейді тамыр-таныстарым.
Кешкілік мен де көгілдір экранға телміремін. Өйткені, менің де ел айтқандай оң иығымда періште, сол иығымда сайтан отыратын шығар. Сайтанның сайтан ойынан құтылудың бірден-бір амалы теледидарды қызықтау емес пе? Алыс та болса жақын жат елдердің сериалдарын тамашалап болған соң бақытты сәтімді асыға күтемін.
Ол – түн жарымынан ауған соң ойналатын қазақ мемлекетінің гимні. Осы құдіретті елұран бәрімізді де дүние жүзіне қазақ деп таныстырып жүр ғой. Сол айбынды елім аман болсын деп қазақ болып туып, аман жүргеніме қуанамын.
Мәкен ӨСЕРБАЕВА, Қазақстанның құрметті журналисі.
Талдықорған қаласы.