Әрісі алты алашқа, берісі жалпақ жатқан қазақтың сары белі – Арқаға аты мәшһүр Еркеш ИБРАҺИМ сынды аяулы азамат, тұғырлы тұлға, дардай ақынды қос уыстай ғана Көкшеге теліп, неге жеке дара меншіктеп отыр дейтін көңіл түкпіріндегі көлденең сұрақтың жауабына татырлықтай “Көкшетау, Оқжетпесім, Жұмбақтасым, аспаным өзіңменен құндақтасым” деп елжіреген, болмаса “Өзің боп нәзігім де, дөкейім де, Көкшетау сен жүресің көкейімде. Сағынған осы қазір сәттерімде, Шіркін-ай самалың боп кетейін бе?!” деп іңкәрлік аңсары мен сарғайған сағынышын өлең жолына өріп, ғұмырлық кредосына балап отырған, ұшарға қанаты жоқ ақиық қыранын, жел болып жеткісі бар ақ самал-ақынын Көкшетауынан бөле-жаруға ешкімнің де құдірет-құзыры жүре қоймас, деп білем. Біздің де жүрегіміз дауалап отырған жоқ. Олай етсек перзентін ана омырауынан айырғандай жойдасыз қылыққа ұрынарымыз бек мүмкін. Оны азсынсақ шыр етіп дүние есігін ашқанда кіндік қаны тамған, балалық бал дәурені (қаншалықты қысасты болды десек те) өткен тал бесігі Балқашын-Сандықтауы алғаш еңбек жолын бастаған, махаббаттың отты шағында өмірлік жар тауып, нәресте сүйген азамат, арқалы ақын атандырған Көкшетаудан қол созым жерде тұр. Ақынның ұшқыр қиялынан туған “Аспаным өзіңменен құндақтасым” деп келетін бейнелі тың тіркес-теңеуі осы жәйтті анық аңғартқандай.
Айтқандайын, кербез Көкшемен аспаны астасып-құндақтасып жатқан барқын Балқашын мен сыралғы Сандықтаудың бала көкірегіне қонақтап қалған қаракөк миялы даласы мен желегі желбіреген ну орман, қия тасты шоқы-тауларын Көкшетаудан кезіктіріп, содан барқадар тауып, тұрақтап қалған да шалқар шабытпен Жер шоқтығы—Көкшенің кең қолтығын кенен жырға толтырған, жыр маржанын нөсерлетіп төккен, арынды өзендей арқыраған, тас бұлақтай сарқыраған, таң самалындай аңқылдаған, тау қыранындай шаңқылдаған. Оны да біздің қылт еткенге елегізіп жүретін құлағымыз естіп, балаң түйсігіміз сезген.
Бұл Жыландының (Балқашын ауданы) жетіжылдық мектебін бітіріп, жоғары сыныптарда Атбасардың панасыз балаларды оқытатын мектеп-интернатында тәрбиеленіп, онан етінің тірлігі арқасында жетім қозы түңілер де отығар дегендей, Алматы асып Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика бөлімшесіне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдап, мамандығы бойынша облыстық “Көкшетау правдасы” газетіне қызметке келіп жүрген 1955 жыл болатын. Жалын атқан кезі-тұғын. Ұлы бабасы Кенжебай батырдың Кенесары жасағына қосылып, ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып ат ойнатқан жері – Көкшетауды таңдап алуының тағы бір сыры осында жатса керек-ті.
Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер демекші, студент кезінде Мәшһүр Жүсіптің “Мес” дейтін кітабында суреттелетін Ақпанұлы Кенжебай бабасының Кенесары қосынының сарбазы, құралайды көзге атқан мергені, Наурызбайдың оққағары атанып, оны екі рет ажалдан алып қалған ержүрек адам екенін оқып, ішке түйіп қойған көрінеді. Бертінде батыр бабасы туралы поэма жазсам ба деп те армандаса керек. Бірақ ол арманын сұм ажал арман күйінде қалдырды ғой... Әлгіндей қияметтік жанкешті ерлігіне сүйсінген Науан ер Кенжебайға берен мылтығын сыйлапты дейтұғын аңыз қалған. Онысы өз алдына бір хикая. Сол Кенжебайдан үш ұл туады: Тәуірбай, Тілеуберді, Бердібай. Бердібайдан ұрпақ жоқ. Тәуірбайдан Еркештің әкесі Ебікен, Тілеубердіден Әннәй, одан Қали туады. Көзі тіріден қалғаны осы Қали ақсақал. Жасы 84-те. Қарт шахтер. Шаңтөбеде тұрады. Шаңтөбенің қойнау-қолатын үңгіп, кен қазған еңбек ардагері. Еркештен үш-төрт жас үлкендігі бар немере ағасы. Мен білетін бір жоқшы – Еркештің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, табанынан таусылып жүрген бірден-бір тілеуқоры – осы Қали ақсақал. Екеуі де Кенжебай ноянның шөбересі. Екеуі де осы Барақбайда туған, тай-құлындай тебісіп бірге өсіпті. Сондықтан да Еркештің бүкіл балалық шағы осы кісінің көз алдында, алақанында жазулы тұр десе де болғандай.
Сол кісінің айтуынан білем, Еркеш тырнақалды өлеңін он екі жасында жазыпты.
Екеуінің де шешелері Шәшке дейтін аруақты балгер,атақты сынықшының қыздары. Бұл жағынан алғанда ағайынды екеуі қарын бөле болып шығады. Тағдырдың жазуын қараңыз – екеуі де әке-шешеден ерте айрылған, тұлдырсыз өскен. Бірақ тегінде бар теңеледі деген сөз рас. Теңелді. Бірақ оған дейін қа-й-да! Нелер бастан өтпеді дейсің...
Еркеш туар-тумаста әз анасы әлдеқандай қатерлі дертке ұшырап, ақыры бақилық болып кете барса керек. Ана уызына жарымаған Еркеш жан анасының рухымен тілдесу арқылы оның бейнесін сомдап, жырдың өшпес тұғырына қондырғанын көреміз. Тыңдаңыз: “Жетім қалған лақ көрсем тітірейді жүрегім, мен де сондай ана сүтін ембегеннің бірі едім... “Ана – дария” дейді ғой жұрт, ол теңізді кешпедім, арсалаңдап ақ мамаға омырауын шешпедім. Өлгенде де екі емшегі иіп жатты бұлақтай, дейді әжемдер, бұл бір сөзі қалай қояр жылатпай...” деп басталатын өзекті өртер жыр жолдары ақынның талаулы ғұмырнамасынан сыр шерткендей әсер қалдырады. Манағы айтқан Кенжебай бабасы айтқаны қате кетпейтін дуалы ауыз адам ғой, қайтарының алдында маңайында отырғандарға “менің әулетімде елді аузына қарататын ұрпақ туады” десе керек. Сол ұрпағы ақын Еркеш болып шықты.
Еркешті газеттерден отты өлеңдерін оқып, көңілге тоқыған сәттен бастап білеміз. Ол кезде біз мектеп қабырғасынан енді-енді ұзап шыққалы жүрген оқушы-бозбаламыз. Жыр көгіне қанат қаққан көк қауырсын талапкерміз. Жан баласының көзіне түсірмей құпиялаған жазған-сызғандарымызды “шіркін-ай, бір ақынға оқытып алсақ қой” деп жүрген арманды шағымыз. Кейін оған Сарбас аға (Ақтаев) қосылып, екеуі Көкше өңіріндегі қалам ұстаған үлкенді-кішілі талапкерлерге ұстаздық еткен сара жолдары әлгілердің көкірегінде сайрап жатқан болар-ақ. Бізді қойып талай шаршы топқа түсіп ысылған, мүйіздері қарағайдай дейтіндей айтыс өнерінің ақтаңгер ақын-жыршылары Мұса Асайынов, Көкен Шәкеевтердің өзі Еркешті ес тұтып, жанынан екі елі қалмайтын, оның ақындық арынына бас ұрып тұратын.
Бертінгі кемел шағын айтпағанда, ҚазМУ-дің студенті кезіндегі Еркештің ақындық ықпалын бүгінгі данагөйіміз Қадыр ақынның өзі аузынан тастамай отырады ғой. Осы дәйек-деректің өзінен-ақ Еркеш диапазонын аңғару тіпті де қиын болмаса керек. Бір мезет сырлы Сырбай, арынды Ғафу ағаларды тыңдасаңыз, Еркештің ақындық өресін аса жоғары бағалағанына куә болар едік. Бүгінгілерге Мұхаңның, Сәбеңнің, Ғабеңнің Еркеш туындыларына қалай сүйсінгенін жеткізген де осы Ғафаң еді. Дос еді екеуі. Бір-бірін қолтығынан демеп жүретін.
Алпысыншы жылдардың бастапқы жылдарының бірінде оны “Қазақ әдебиеті” газетіне үлкен қызметке шақырды, Ерекең бармады. Үлкенді-кішілі газеттердің тілшілік қызметінде, үнемі әдеби ортадан бөлек, былайша айтқанда шет жүріп-ақ дәл сол ортаға осынша сіңісті, осынша етене кіріккен, біте қайнасқан Еркештей ақынды өз басым біле бермеймін. Қазақтың қай тұсы болсын оған жат емес-ті, өз кезегінде олар да Еркешті ұлттың, яғни жалпы қазақтың ақыны деп танитын. Онысы орынды да еді. Соның өзінде де туған топырағына, туған анасына балаған Көкшесіне Еркештей еңбек сіңірген, ерекше тебіренген, ерекше еміренген перзентті іздеп табу, әй оңай болмас,сірә! Онысы әбден заңды да. Әз-анаңа мұншама неге емірендің, мұншалықты неге елжіредің? – деп тегі ешкім де айта қоймас. Көкшенің көгілдір таулары мен жасыл баулары, Абылай асқан белдері, айдын шалқар көлдері, сусыған қамыс-құрағы, сылдырап аққан бұлағы, дән сапырған ырысты даласы мен маңдай терін жүз сыпырған еңбекқор баласын талмай жырлаған да осы Еркеш Ибраһим!
Табиғаттың ішке бүккен тылсым сырын айтқызбай аңғарып, оның реңк-бояуын жазбай тану жайына ойысқанда Еркештей сұңғыланы іздеп таппайсың. Оның балалық шағы өткен Жылан-шілік дейтін жер бар екен. Кәдімгі жәннат десе де болғандай – керемет! Көздің жауын алғандай мың сан түрлі өсімдіктер – отамалы, жоңышқа, сарғалдақ, өгейшөп, қазоты, не керек соның бәрінің бірегей қасиетін жасамыс бағбанша жалықпай айтар еді. Қазотын қайнатып сиырға ішкізсе сәләумәлік, қарасан ауруынан жазылады, өгейшөп жыланның уытын қайтарады, түйе жоңышқа-көзге ем, қызғалдақ қойдың мұрын құртын түсіреді. Міне, табиғаттың тума ақыны деуіміздің сыры да осында болатын. Оның жорға-жүйрік қаламына Көкшенің көзге ұрар көрікті тұстарын былай қойғанда, жай адамның жанарына түсе қоймайтын, көңіл құсы ғана жетер құбылма-сиқырлары да ілікпей қалмаған сияқтанады да тұрады.
Ақын Еркеш Көкшетаудың аялы алақанында өсті, азамат атанды, кемелденді, дабысы бүкіл қазақ жеріне жайылды. Көкшетау ол үшін алтын бесік, жан ұя! Қимасы да сырласы да-Көкшетау! Рас, ол “Теміртау толғауы” боп тебіренді, Ертіске де еміренді, Жетісуға да әсерленді, Омбы болып та ойланды, оның отты жырына арқау болмаған өңір кемде-кем-ді. Әйтсе де Сағи ақын-досы айтқандай, Көкшетауға айналып соға беретін. Көкшенің даңғайыр-заңғарлары сал Біржан, сері Ақан, үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Орынбай дүлдүлдердің есімдерін жаңғыртып, портрет-бейнесін сомдап, сонау 60-жылдары очерк-эссе жазған Еркеш екенін жады жаңылмайтын жамағат ұмытпаған болар. Бәлкім Сәкен сері ағамыздың “Ақан Сері” сияқты ұлы полотноға баруына осы жазбалар жол да салған болар, деп жазғанбыз кезінде. Көкше өңірінде жыршылық өнердің қайнап, айтыс дәстүрінің өрлеуіне Еркештің сіңірген еңбегінің өлшеусіз болғанын жоғарыда біршама сөз қылдық. Солайы солай десек те ақынның кенен қасиет-қадіріне жете алмай отырғанымызды айтпасқа болмайды. Бұл қалың елді қинап отырған аса бір шетін мәселе. Еркештің аяулы есімін келер ұрпақтың есінде қалдыру жөнінде Көкшенің жүз жасқа таянған абызы, Еңбек Ері, соғыс ардагері Баян Жанғалов бастаған ардақтылары қол қойған талай талап-тілектер мен өтініш-бұйымтайлар ел басқарғандардың жетесіне жетпей аяқсыз қалуда. Талай үлкенді-кішілі газет біткеннің (оның ішінде “Егемен Қазақстан” да бар) айтқанына, жергіліктілерді былай қойғанда Тұманбай, Кәкімбек сынды көптеген ақын-жазушылардың дегеніне де құлақ асқан бір пендені көре алмай келеміз. Сондағы сұрайтыны – Капцевич сияқты патша жандармына да қиналмай-ақ беріліп жатқан Көкшетаудың көп көшелерінің біріне Еркештің есімін берсе, өзі көп жыл тұрып, жұмыс істеген үйінің қабырғасына “Қазақтың көрнекті ақыны” дегендей бейнесін салып, мемориалдық тақта орнатса дейді ғой. Жоқ, өйтпейді. Құр уәдемен жыл оздырып, бәтуәсіз уәжға тойдырып жатқаны. Мұндайда жылда ауысып, келгенінен кетуі тез боп жататын басшылардың қайсының шаужайына жармасарсың?! Және қайсыбіреулері “ондай да ақын болып па еді деп көктен түскендей түр көрсетіп тұрса...не істерсің?! Ақынның тілеулес, ниеттес оқырмандары, оның көзін көрген замандастары арыс-азамат, айтулы тұлғаны ардақтай алмай жүрген осындай жетесіздігімізге налиды.
Мәтен БИЖАНОВ, Қазақстанның құрметті журналисі.