23 Қазан, 2010

Қазақстанда дін бөлек, мемлекет бөлек. бірақ...

610 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Менің қолыма қалам алуыма себеп – бү­гінгі күнгі еліміздегі діни ахуалдың алаңда­ту­шылығы мен аймақтардан келіп түскен азамат­тардың хаттары. Негізгі қауіпті құбылыс “уах­хабилік” ағымның артынан еріп кетушілердің саны көбейіп, “сәләфи” ағымының кеңінен на­сихатталуы көңілге үлкен қорқыныш ұялатады. 2007 жылы осындай ахуалдың салдарынан елі­міз­дегі жастардың 15 пай­ы­зы осы ағымға ере бас­таған. 2009-2010 жылдары бұл көрсеткіш 60 пайызға жеткен. Егер өңірлерге бөліп қарасақ, 10 мың адам­ның 7,5 мыңы уах­ха­билер, оның ішінде 75 пай­ызы 13-25 жас ара­лы­ғындағы жасөспірімдер мен жастар. Маусым айында Ақтау­дағы қатаң режімді коло­ниядан 21 тұтқын қашып, олар өзін-өзі жарып жі­берген оқиға елді дүрліктірген-ді. Олардың бәрі де уаххабилік ағымды ұстанушылар екендігі анықталды. Жоғарыда аталған ағымға ерген азаматтар­дың қызмет етуі былай тұрсын, сәбилерін тиісті медициналық тіркеуден және дәрігерлік тек­се­руден өткізуден бас тартуда. Мектеп жасындағы ұлдар мен қыздар арасында музыка тыңдау харам, Мемлекеттік әнұранды тыңдамау, кеуде­ге қол қоймау, Мемлекеттік туға құрмет көрсетпеу, әскери борышты өтемеу дұрыс деген ұғым қалыптастырып, теріс бағыттағы уағыздар жүргізуде. Сондай-ақ, 12-16 жастағы қыз балалардың сабақты тастап кетуі мен ата-анасының рұқсатынсыз неке қию фактілері де жиілеп келеді. Ағымға кіріп кеткен балалардың ата-ана­лары балаларымыз бір түрлі, істеген тамағымды ішпейді, “сен кәпірсің” дейді, деп күйінеді. Олар “Сендер кімсіңдер?”, десек, “Мұсылман­быз”, дейді, “Ұлтың кім?”, десек, “Ұлтымыз жоқ, біз мұсылманбыз”, дейді. Дәл қазір осыған тоқтам болмаса, бес-алты жылда бұл ағымдардың бір-бірімен қақтығысу қаупі төніп тұр. Бала әкесіне, қыз шешесіне қарсы шықса, болашағымыз не болмақ?! Қазіргі кезде мектеп пен жоғары оқу орын­дарында, еңбекпен түзеу мекемелерінде хизб ут тахрир, такфир, жалпы уаххабизм идео­­логиясымен уланғандар өз жұ­мыстарын кедергісіз ашықтан ашық жүргізіп, қатарларын толықтыруда. Ақтөбелік азаматтар А.Түркімбаев, С.Ізтаев, Д.Исімбаев Ресей арқылы Дағыстанға лаңкестік пиғылмен өткелі тұрған жерінен ұсталып, біреуі жеті жылға, ал қалған екеуі алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Орал қаласының 23 жасар жергі­лікті тұр­ғыны, тыйым салынған діни түрлі кітап-құ­рал­дар, бейне және аудио­кассеталар, жа­рыл­ғыш заттар және есірткімен ұсталған. Ол бір­аз уа­қыттан бері бақылауда жүрген ради­кал­дық діни ағымның белсенді мүшесі болып табылған. Үстіміздегі жылдың 30 наурызында Тұрғыз­ба ауылдық округінде М.Тағашев атты азамат­тың үйінде “сәләфи” ағымының бір топ азама­ты жиналып, заңсыз “дағуат” (уағыз насихат) жүргізіп отырған кездерінде анықта­лып, үй иесіне ескерту беріліп, 13 азаматқа айып­пұл са­лынған, ал оның үшеуі жасы кә­мелетке толма­ған­дар болып шықты. Бұл мы­салдар олардың іс-әрекеттерінің бірі ғана. Ал бәрін айтып шығу тіптен мүмкін емес. Жоғарыда аталған әрекеттер Қазақстандағы діни экстремизмнің қайда бағыт алып бара жат­қанын аңғартады. Күні кешегі Дағыстанда оққа байланған қазақстандық 5 жасөспірімнің қазасы құзырлы органдар мен қалың көпші­лікті дүр сілкіндірді емес пе?!. Бұл топтар неге айдың, күннің аманында алыстағы Ауғанстан мен Чешенстаннан жау іздеп, ел арасына іріткі салып, халықтың мазасын алып тұр? Өйткені, оларды бұл қылмыстарға олардың діни көз­қа­растары итермелеуде. Жалпы, осы мәселелер еліміздің барлық аймақ­тарынан көрініс беріп отыр. Әсіресе, бұл мәселе Батыс Қазақстан халқын қатты алаң­датуда. Әр түрлі атаумен аталып, “дінсіздерге қарсы әділетті соғыс” бастауды мақсат тұтқан бұлар қару-жарақтармен жабдықталып, мекеме­лер мен адамдарды тонап, қоғам мен мем­лекетке зиян келтіруде. Діни ахуалды бақылауда ұстау үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан шаралар өз деңгейіндегі нәтижесін бере алмауда. Өйткені, бұл саладағы қызмет заңнамалық тұрғыдан қамтылмаған, яғни дәстүрсіз діни бірлестіктердің кейбір заңсыз әрекеттеріне құқықтық тосқауыл қою мүмкіндігі шектеулі. Ал тек қана насихаттық жұмыстар арқылы қоғамдық сананы реттеу мүмкін емес. Респуб­ликамыздағы ислам діні қызметкерлерінің көбінің дүниетанымы бір ғана дін айналасында өте тар деңгейде және қазіргі қоғам өміріндегі сұранысқа жауап бере алмауы да жасырын емес. Мешіт имамдары кездесулер кезінде ислам дінінің аумағындағы жалпы адами құндылықтардан басқа мәселелерден аспайды. Жоғарыда аталғанның негізінде Мәдениет, Білім және ғылым министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тығыз байланыста жүйелі түр­де діни мәселелерімен нақты айналысып отыр­ған жоқ. Сол себепті аталған ведомстволар жер­гілікті жерлердегі өкілеттерінің жұмысын шұғыл түрде қолға алып, жоғарыда аталған, мем­лекетке қауіп төндіретін түрлі фун­дамен­талистік, экстремистік діни көзқарастағы топ өкіл­дерінің таралмауын, сондай-ақ, білім беру саласына өтіп кетпеуін қадағалап, шара қолдануы қажет. Сонымен қатар, “дінтану” пәнін елдік мүдде тұрғысынан тиімді пайдалану мақсатын­да мектептердегі дінтану сабақтарына шектеу қойып, оқытатын мамандардың білім дейгейі, көзқарасы мен ұстанымы тұрғысынан сарап­тама жасап, бұл үдерісті ең алдымен жоғары білікті ұстаз даярлап барып іске асырған жөн деп есептеймін. Сондай-ақ, республикалық радио және телеарналарда, радикалдық ағым­д­ар жөнінде нақты хабарлар берілуі қажет. Қазақстанда дін бөлек, мемлекет бөлек, мемлекет дін ісіне араласпайды. Сонда да Пре­зидентіміз бүкіл діндердің бәрінің басын қо­сып, татулыққа шақырып жатқан кезде осы еліміздің өңірлерін дүрліктірген жайға Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан талдау жасалып, баға берілуі тиіс деп білемін. Діни фанатизм кез келген айрандай ұйып отырған елдің ойранын шығарып, араға жік туғызып кетуі ықтимал. Сондықтан да, кейбір мәсе­ле­лер­де мемлекеттің араласуы қажет деп есеп­теймін. Көтерілген проблемаларды заңды түрде қамтамасыз етпей, діни ахуалды реттеу мүмкін еместігін қаперге салсам деймін. Асхат БЕКЕНОВ, Мәжіліс депутаты.