23 Қазан, 2010

Күзгі жәрмеңкенің көмегі көп

578 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жиын-терім аяқталып,  қарбалас жұмыстан босаған шаруалардың ала жаздайғы еңбегінің нәтижесін шығарып, өнімдерін өткізетін күзгі жәрмеңкені асыға күтетіні де рас. Мұнда сатушы да, алушы да пайдада қалады. Бір жағы өнімдерін өткізсе, екінші жағы  қысқа қажетті азық-түлік қорын жасап, малына қажетті жем-шөбін дайындап алады. Міне, осындай жәрмеңке Қар­ға­лы ауданының орталығы Бадам­ша селосында өткізілді. Құс сүті­нен басқаның бәрі табылатын осы жәрмеңкенің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Айбек Са­ғиев биылғы ылғалсыз жаздың шаруаларға қиын тигенін айта келіп, олардың еселі еңбегі арқа­сында тығырықтан шығудың жол­дары табылғанын тілге тиек етті. Ауданда мал басы өсіп, оның өнім­дерін өндіру артқан. Рас, қуаң­шылық салдарынан егіннен діттеген деңгейде өнім алынбады. Соған қарамастан, қысқа түсетін малға жем-шөптің жеткілікті қоры жасалыпты. Содан кейін сауда қызып жүре берді. Жәрмеңкеде қырықтан астам ауыл шаруашылығы тауар өн­дірушілері өз өнімдерін ұсынды. Олардың арасында “Степное” ЖШС, “Жосалы” АҚ және “Кудря” шаруа қожалығы сияқты  са­палы өнімдерімен тұтынушы­лар­дың талғамынан шығып жүрген шаруашылық құрылымдары бар. Жер аяғы қашық Ырғыз ауданы­нан балық жеткізілсе, Қараған­ды­дан картоп әкелінген. Жәрмеңкеде картоптың килосы 65-70 теңгеден, ет – 600-700 теңгеден, 25 килолық қап­шықтағы ұн 1400 теңгеден са­тылды. Көкөністің, ет өнімдерінің  нан-бөлке бүйымдарының баға­ла­ры да  базарлардағыға және сауда орындарына қарағанда 20-30 пайызға төмен болды. Бір тонна жем 9 мың теңгеге, шөп 8 мың теңгеге ұсынылды. – Біздің шаруашылықта 3 мың ірі қара, оның 800-і сиыр, 2,5 мың қой, 500 жылқы және 1 мың шошқа бар. Біздің ет өнім­деріміз облыс­тан тысқары жер­лер­ге де бел­гілі. Себебі, бұл өнім­дер  эко­ло­гиялық таза әрі ар­зан. Жәр­мең­кеге ет өнім­дері­нің ғана 24 түрін әкелдік. Сұра­ныс жоғары, өтім­ді­лігі де жақсы. Шұ­жық түрлерін былай қой­ған­да, ысталған ет, қа­зы-қарта, жал-жая сияқты жеңсік тағамдар са­тып жатырмыз. Жәр­мең­кеге 1,5 тонна шұжық, 1 тонна тартылған ет түсірдік. Өңдеу кә­сіп­орын­да­ры­мыз бар. Қасапхана, шұжық цехы, диірмен, наубай­хана, мака­рон цехы және облыс орта­лы­ғын­да нан зауыты жұмыс істей­ді. Қазір мұнда ұн, нан-бөлке өнімдерін және макарон бұйым­дарын сатып жатырмыз. Бағасы сауда орындарынан анағұрлым арзан және сапалы болғандықтан тез өтуде, – дейді “Степное” ЖШС ди­ректоры Аманғос Телеуов. Жәрмеңкеге көршілес Орын­бор облысының Ор қаласынан келіп қатысып жатқандар да бар. Соның бірі ресейлік кәсіпкер Виктор Анохин бізбен әңгімесінде мұндай жәрмеңкелерді өткізудің екі жақты тиімділігін және пай­далылығын айтты. Сатылып жат­қан азық-түліктің, жем-шөптің, басқа тауарлардың бағалары Ре­сеймен салыстырғанда анағұрлым арзан. Бұл халықтың қамын ойла­ғандық, деді ол. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.