Жақында, еңсесі биік елордамызда төрткүл дүниенің төрт бұрышынан жиналған ізгі ниет, қылаусыз көңілді жандар: адам болып қалудың алғышарты материалдық құндылық емес, ол бірде болып-толады, бірде жапырағынан айырылып солады, оған арғы-бергі тарихты парақтасаң бай болып мұратына жеткендер емес, мәңгі жасап келе жатқан, әлемнің түп қазығы, жапырылып келіп адамдыққа жүгінгенде барлық жұрт ат байлайтын алып діңгек рухани мәдениет деді. Ұлттың өлмеуі, халықтың жасарып жаңаруы, ұрпақтың өшпей өркендеуі осы рухани құндылыққа тәуелді десті. Қоғамдық сана саяси ойыншыққа айналған жерде жат қылық бел алып, жағымсыз тірлік өрістейтінін, бір ізге түсіп гүлденген экономикаңыздың өзі “естен танатынына” дәйектер келтіріп, адам қолымен жақсылық жасау ізгі жандардың еншісіне тиген, ондай адамдар жер бетінде аз емес, бірақ оларды біріктіретін бір рухани күш керек, ол – адамдыққа бас қойып, адалдыққа жүгініп, жұдырықтай жұмылып келіп ден қоятын ұлы іс – бүкіләлемдік рухани мәдениет десті.
Бір кездері дүниені жамандықтан құтқаратын сұлулық деген ақыл-ой иесінің сөзін жиі айтатын едік. Оның астарында осы рухани мәдениет жатқаны айдан анық еді. Осы күндері бәрі ақшаға тіреліп, бай дегендер төрге озып, әлгі сұлулықтың бетіне шіркеу қонып, сұқтана қарап, артынан алақанға ұстап аялау жайына қалып бара жатқаны жасырын емес. Бардың қас-қабағына қарап, ақ, адал жанды әртүрлі кейіптегі тән билеп, кір шалмаған ішкі жан дүниең бірте-бірте жабайыланып, қарадүрсіндікке, кеудемсоқтыққа ұрынып, әлгі тәніңіз “тәңірдің” рөлін ойнай бастайды екен. Бір замандары ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: “Заманымызға бағындық, бірақ заман адамды қор ете бересің”, депті. Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына жиналғандар қазақ жазушысының осы байламындағы қор етуден адамды қайтсек қорғаймыз, Жаратушы жаратқан адамдық кейпімізден айырылмай, адамдарды бай мен кедей, сауатты-сауатсыз демей, бұлай болу әсте мүмкін емес дегендердің уәжін жоққа шығарып, өмірге келгенде, өмірден өткенде бірдей күй кешетін адамды алалау жараспайды деді. Алдыңғылар арды аттамаса, кейінгі ұрпақ кемел дәрежеде өседі, тәрбиешінің өзі тәрбиелі болу керек, білім беріп, тәрбиені үйретушінің ойы, ісі таза болмаса, оған сенім арту қолына қылыш ұстатумен бірдей деді. Жер бетіндегі адамға қайтсек мейірім мен қуаныш сыйлаймыз, бір-біріне деген сүйіспеншілігін қалай оятамыз, жаратушыға қарсы келіп әлімжеттік, күш көрсетпеу заманымыз бір үлкен-кішінің құқығын қайтып қорғаймыз, құлдықтан құтқарамыз, алаламаудың жолы қайсы, асып-тасып, шалқып басып жүрген табиғаттың шамына тимей қасиетін ұғып, қадіріне нендей тірлігімізбен жетеміз, бір кісідей бірігіп, мен күштімінге құлаш ұрмай, ақылға жүгініп, бақ пен тақты салыстырмай, бәсекелестікті балама етіп алмай әлемге пайда келтіру мәселесін шеше аламыз ба? Рухани ағартушылықты алға шығарып, ой мен бойды менмендіктен тазартуға бола ма десті. “Зұлымдықты көксеген адамдар қалай ұйымдаса білсе, жақсылықты көксеген жұрт та солай ұйымдаса білуі керек” деген, Лев Толстой сөзіне жүгінген ізгі ниетті жандар осы үнімізді, тілегімізді дүниежүзіндегі құзырлы орындардың, белгілі ұйымдардың, атақты тұлғалардың құлағына жеткізейік, рухани мәдениетті ұлықтаған, адам қасиетін әспеттеген, ұрпақ тағдырына алаңдаған қазақ елінің өнегесін барған жерімізде үлгі етіп көрсетейік деді. Шыны керек форумға қатысып сөз алғандардың жан дүниесіндегі адам деген, бірлік деген бозторғай кейпіндегі шырыл құлақ түбінен кетер емес. Бірін-бірі жетектеп шыққан қарттар мен таяғына сүйенген ақшашты азаматшалардың атшаптырым залды жаңғыртқан даусы ет жүрегіңді езіп жібергендей болды.
Біз сол бас қосуға Мәскеуден арнайы келген, бір кездері қазақ даласында ұлттық өнеріміздің ажарын ашып өзгелерге танытқан Татьяна Полтавкаямен жолығысып қалған едік.
– Астанасын салып, айбынын асырған Қазақ елінде үш күн бойы үшінші мың жылдықта рухани салада атқаратын жұмыстар жайлы кең отырып кеңестік. Алқалай келіп ақылдастық. Жасаған түйініміз, әлемді жат әдеттен құтқаратын рухани құндылықтар деп шештік. Қара жерді мекен етіп, тіршілік кешіп жатқан миллиардтаған ұрпақ – адам деген атты аялауды, қазір үрей туғызып жүрген терроризм, лаңкестік, дүниені қойып қатарында жүрген бейкүнә пенделерді саудаға салып, ақша табу секілді жиіркенішті әдеттерді, жастардың болмысын бүлдіріп, ой-санасын улап, мезгілсіз ажал құштырып жатқан нашақорлықты, миллиондардың өмірін қиып, қиғылық салған СПИД деген кеселден құтылуды, сөйтіп, алты құрлықтың алтыбақан, алауыз болмау жайын қозғадық. Мен қатысқан секцияда біз қоғам, отбасы, мектеп, балабақша туралы ауқымды әңгімеге желі тартып, бұл салалар бойынша да рухани құндылықтарды алға шығару мәселесін жан-жақты талдадық. Жалпы, форум Қазақ елінің, оның басшысының бейбітшіл саясат ұстайтынын дәйектеп берді.
– Астанадан алған әсеріңіз қандай?
– Астананың болашағы зор. Бұл қаланы мен болашақтың қаласы дер едім. Төрт құбыласы түгел десе боларлық. Салынып жатқан ғимараттар ертең ұлттың рухани құндылығы, байлығы болары сөзсіз. Кешегі КСРО елдерінің бірде-бірінен мұндай жаңа қаланы кездестіре де, салыстыра да алмайсыз. Оның үстіне Қазақ елі менің туған, кіндік қаным тамған жер. Иә, адам ретінде қалыптасып, өнер жолына түскен киелі өлкем ғой. Мен үшін мұнда келу, өз үйіме, Отаныма оралумен бірдей. Мен бір ұлт, көп этносты елде алаңсыз өмір сүргенімді әр кез мақтан етемін. Қалай десек те бүкіл адамзат бір планетаның ұрпағымыз. Елордадағы алқалы жиыннан кейін ойға түйгенім, адамзатты жамандықтан құтқаратын рухани мәдениет екеніне еш шүбәм қалмады.
– Қазір өнер жолындасыз ба, әлде негізгі мамандығыңыз саналатын білім беру саласында жүрсіз бе?
– Мен Мәскеу қаласы шығыс округінде орналасқан университеттік педагогикалық колледжде мұғалімдік қызмет атқарамын. Қай заманда да ұрпақтан артық құндылық болған ба! Ұрпақ жалғастығы дегеніміз, ата-бабаның, ата-ананың ізін өшірмеу, дәстүрін үзіп алмау деп білемін. Мені толғандыратын мәселе, жаңа мыңжылдықта біз қандай ұрпақ өсірудеміз, беріп жатқан біліміміз, үйретіп жатқан үлгіміз олардың көңілінен шыға ма? Егер олай болмаған жағдайда заманға лайық жастар қалыптастыру үшін не істеуіміз керек? Мен мұны неге айтып отырмын. Себебі, бүгінгідей алмағайып заманда ұл мен қыз, олардан тараған немере, шөберелеріміз отаншылдық дәстүрді бойына сіңіре отырып бақытты өмір сүруі тиіс. Біз ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиістіміз.
– Мәскеу қаласында тұратын қазақтармен қарым-қатынасыңыз қалай?
– Әрине, жоғарыда айттым, Қазақ елі менің ата жұртым деген сол сөзім сөз. Мен – қазақ тілін КСРО заманында меңгеріп, өнерін бойыма дартқан адаммын. 20 жылдан бері сыртта жүрсем де қазақ тілінің ырғағы мен иірімін бір сәтте есімнен шығарған емеспін. Қазақ тілінде сөйлеу арқылы қазақ ұлтының бүкіл болмысын танып білдім. Қазақ тілі менің ой санамды өсірді. Бұл тіл кеше, бүгін мына жалған дүниеден өткенше жүрегімнің лүпілі секілді жан дүниемде бірге болады. Өмір бойы осылай қалатынына еш шек келтірмеймін. Қазақ елінде тұрған барлық азамат бұл тілді білмей, оқымай ғұмыр кеше алмаса керек. Бұл тілдің үндестігі мен ауқымдығы, сөз байлығы өзге тілдерде аз, тіпті кемшін десем, қателесе қоймаспын.
Тіл білудің құдіреті шығар, форум аясында болған үлкен концертте сөзін Сәбит Мұқанов жазған Латиф Хмидидің “Қазақ вальсін” орындадым. Қазақтың ұлттық киімін киіп сахнаға шығу бақытына ие болдым. Бір замандары қатар жүріп, өнер көрсеткен замандастарыммен жүздесіп жасардым, жаңардым, көңілімді қуаныш кернеді. Мұндай сәт адам өмірінде онша көп бола бермейді-ау! Оның үстіне менің біліммен өнерді ұштастырғаныма 30 жыл болыпты. Осы 30 жылдық өмір жолымды елестететін қорытынды концерт әзірлеп, жұртқа ұсынсам деген талпыныста жүрмін.
Ал сұрағыңыздың бір тармағы Мәскеудегі бауырларыммен қарым қатынас туралы еді. Оны да айтайын. Қазақ топырағында түлеген мен үшін олардың жөні де, жолы да бөлек. Олар қандай жақсылықтар ұйымдастырса, яғни той-жиын, Наурыз мерекесін, өзге де шаралар өткізсе мен ортасында жүремін. Қазақ жеріне, Қазақ еліне деген сағынышымды бауырлардың арасында болып басамын. Аңсарыма айналған қазақ тағамдарын солардың дастарқанынан татып, мауқымды басамын. Мәскеу қаласында жұмыс істейтін “Қазақ тілі” қоғамының, Қазақ ұлттық аймақтық автономия кеңесінің мәдениет, өнер, білім беру жөніндегі топтың мүшесімін. Бұған қоса “Мұрагер” мәдениет қоғамының жұмысына да белсене қатысамын. Біз сол үлкен қалада Қазақ елінің рухын жаңғыртып, мәдениетін, дәстүрін, ұлттық үлгісін жастардың санасына сіңіріп келеміз. Бір сөзбен айтқанда, Астанада өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы мені қайта бір түлетіп, 20 жылдан кейін өсіп-өнген жұртыммен қауыштырды. Алдағы уақытта осындай жақсылықта өткен жылы жүздесуде дидарласа берсек деген тілегім бар.
Сүлеймен МӘМЕТ.