Кенен Әзірбаевтың шығармашылық ерекшелігі жайлы ой
Сағынып сәлем жаздым Мырзатайға,
Баласың сөзге шешен, тілің майда.
Қормалы қорғаушысы ақындардың,
Маған да көп еңбек қып тиді пайдаң,
Өз жүзің көрсеткендей өз келбетін,
Жігітсің алтын сөзді, асыл айна.
Кенен Әзірбаев.
_______________
Егер құдіреті күшті құдай тал бойы талантпен өрілген ерекше жандарды – ақын-жырауларды жаратпаса, жарық дүние қараңғылық құшағында қалар еді. Адамзат ақыл-ойы туғызған небір ғажайыптар ішіндегі уақыт сынына төтеп беріп, адамзатпен бірге жасасып келе жатқан ең көне, ең бір құдіретті өнер – сөз өнері. Қасиетті кітаптарда да ең алдымен сөз болған деп тегін айтылмаған. Дүниені билейтін – сөз, сөзді билейтін – ақын!
Алла тағаланың мейірі түсіп, ерекше жаратылған ерен таланттың бірі – біздің бар қазақтың мақтаны, ән мен жырдың арайлап атқан ақ таңы Кенен Әзірбаев. Табиғат-Ана ерекше жаратқан хас таланттар бірін-бірі қайталамайды. Олар бір-бірімен үндес, ұқсас болумен бірге, олардың өзіндік ерекшеліктері де аз емес. Кенен атамыз да ешкімге ұқсамайтын ерекше талант. Кенен қазақтың өзі пір тұтқан Сүйінбайы мен Жамбылына да, өзі өзгеше мектебім деп санаған Шашубай мен Исаға да, Балуан Шолақ пен Нартайға да, қырғыздың Тыныбегі мен Саяқбайына да, ағылшынның Кэдемне мен дағыстанның Сулейман Сталскиіне де ұқсамайды. Ол осы біз тізбелеген ақын, жырау, әнші, жыршылармен жанр жағынан жақын бола тұра, сол хас таланттарды қайталамай өзіне ғана тән өзгеше өнер туғызды. Кенен Әзірбаевтың шығармашылық өзгешелігі де, ерлігі де осында. Бұл – бір. Сонадайдан көзге шалынар тау тұлғалы сом таланттың екінші ерекшелігі – оның табиғи талантының сан қырлылығы. Ол ән шығарды, бұл тұста ол сазгер. Сол әннің сөзін өзгеден сұрамайды, өзі жазады, бұл орайда ол – ақын. Сол әнді өзге емес, алдымен өзі орындайды. Бұл сәтте ол – әнші. Осы орайда ол Ақан серімен үндес. Әйтсе де, жер ұйығы Жетісудың шашасына шаң жұқпайтын жүйрігі, жырда – дүлдүл, әнде – бұлбұл Кененнің өнердегі ою өрнегі Ақан серідей өзгеше. Ал, аспандағы аққумен ән жарыстырған арқалы әнші, азуын айға білеген айтулы ақын, қазақтың сөз бен өнерінің Құлагері Ақан серінің стилі – сөз саптауы, ән баптауы өзгелерге ұқсамайтын өзіне ғана тән өзгешелігі бар, ешқашан тот баспайтын сом алтындай дара, ұрпақтан-ұрпаққа ауыса беретін өмірдің өзіндей ғұмырлы, дана.
Кенен Әзірбаев талантының үшінші өзгешелігі – жасанды емес, жасампаз, түнде де жарқырайтын жауһардай жақұт туындылар.
Төртінші ерекшелігі – Табиғат-Ана жомарттықпен сыйлаған дара дарыны тамырын тереңге жіберген алып бәйтерек – халықтың хас қасиеттерінен нәр алған, бүтін шығармалары бүкіл елдің қуанышы мен мұңынан жаралған. Бұған екі жасынан қазақтың қара домбырасын қолына алып, ән шырқаған Кененнің “Көк шолақ”, “Базар-Назар”, “Бозторғай” атты атақты әндері дәлел.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатынасқан, Кеңес өкіметін орнатуға белсене ат салысқан, Балқаш мысшылары мен Шымкент қорғасыншыларының, Түрксіб құрылысшылары мен Қарағанды кеншілерінің арасында болып, социалистік құрылыстың аршынды адымдарын жырлаған, Ұлы Отан соғысы кезінде “Біздің Отан жеңеді”, “Батыр Москва” деп жеңіске жігерлендірген, “Айға ұшқан ақиық” деп ғарышкерлерді асқақтатқан, “Жайнады, таңым жайнады” деп тың игерушілер еңбегін аспандатқан Кенен шығармалары – Қазақстан тарихының көкейден кетпес көркемсөз, көкейкесті ән, көркем дауыспен біріге, бірегей жырланған көркем шежіресі. Бұл бесінші ерекшелік.
1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігіне қатынасқан Кенен сынды алыптың алтыншы ерекшелігі – ту сонау 1900 жылы Ләтипамен, 1921 жылы Кенжеқожамен, 1943 жылы Әбдіғалимен, 1963 жылы Есдәулетпен сөз жарыстырып айтысуы. Бұл оның айтыстың да ақтангері екендігін айқын айқындап тұр.
Кенен атамның жетінші қыры – жыраулық. Бұл тұста қырғыздың “Манасын”, қазақтың “Қобыландысын”, Орта Азия халықтарының ортақ қазынасы – “Көрұғлын”, соған қоса өзінің “Қырғызбай-Кенебай-Кербез”, “Әли батыр” дастандарын кәнігі жыраулардай тапжылмай отырып таңға дейін жырлаған күміс көмей, бал таңдай жыршы. Түйіп айтсақ, Кенен Әзірбаев халықтың өз ішінен шыққан самородок сары алтын, бірінен-бірі өткен жеті бірдей өнер қонған сан сырлы, көп қырлы талант.
Максим Горкийдің сөзімен айтсақ, “Ұлы халықтар бар, өзінің кішкентай ұлдарын ұлы етіп көрсете алатын, ұлы тұлғалар бар, өзінің кішкентай халқын ұлы етіп көрсете алатын”. Ал ХХ ғасырдың Махамбеті, ХХІ ғасырдың Мағжаны Олжас Сүлейменов былай дейді: “Ұлы мәдениеттер өзінің кішкентай өкілін де жоғалтпайды, ол сонысымен ұлы; ал, кішкентай мәдениет өзінің ұлы өкілдерін де оп-оңай жоғалтып алып жатады, ол сонысымен кіші”.
Көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің Жамбыл мен Кенен шығармаларын насихаттаудағы еңбегі орасан. Мырзакеңнің сол ұлағатты ісін жас ғалымдар іліп әкетсе нұр үстіне нұр.
Таланттарды тарихтың өзі туғызады, заманның селмен желі, өрті мен дерті шыңдап шынықтырады. Олардың рухы өлмейді, жұлдызы сөнбейді, күн өткен сайын атақ-даңқы өшпей, керісінше, құмнан аршылған алтындай жарқырай береді. Соның бір дәлелі, Кенен Әзірбаевтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқан екінші өмірі.
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты.