27 Қазан, 2010

Тоқымдай жердің дауы немесе көршілердің көңілі неден қалды?

837 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Газет редакциясына күн сайын түсетін хаттардың арасынан Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылынан Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІ топтағы мүгедек Мырзахмет Машуровтың арызы бізді елең еткізген еді. Себебі, жасы 85-тен асқан қария өзіне тиесілі 0,1449 га жерінің біраз бөлігін көршісі Аблимит Сайдимов 2007 жылғы шілденің 25-де өткен Ұйғыр аудандық  сот мәжілісінде қаралған талап арызы бойынша иеленіп кеткенін жазыпты. Кәрі қойдың жасындай жасы қалған ардагерін назаландырған бұл неткен орта, сондай шешім шығаратын ол қандай құдіретті сот болды екен деген сауалға жауап іздеп, арнайы іссапармен Шонжы ауылына  ат басын бұрдық. Қадыров көшесіндегі №17 үйде тұратын соғыс ардагерімен жүздестік. Мырзахмет қария әлі тың. Өзі еліміздің бас басылымы “Егемен Қазақстан” газетін жаздырып алып оқитынын, жер мәселесіне қатысты мақалаларды қиып алып, сақтап жүретінін айтып, алдымызға бар құжатын жайып салды. Өткен өмір дерегі жайлы да әңгімеледі. Ол 1925 жылы осы ауданның Тиірмен ауылында туып, Үлкен Ақсу орта мектебінің 8 сыныбын бітіріпті. Тиірмен ауылындағы Шарық колхозында 1941-1943 жылдары есепші болыпты. 1943 жылы қыркүйек айында әскер қатарына шақырылып, Балтық және Шығыс  Белоруссия майдандарында сұрапыл ұрысқа кірген. Великие Луки, Витебск бағытында қиян-кескі соғыстардың бел ортасында жүріп, 1944 жылы ақпан айында ауыр жараланған, Горький қаласындағы әскери госпитальда ұзақ емделген. Сол жылы 15 маусымда елге ІІ топтағы мүгедек болып оралған. Жаралы жауынгер 1944 жылдан бастап Тиірмен ауылдық кеңесінде хатшы, Ұзынтам ауылында мұғалім, “Шарық” колхозында қой және жылқы фермасының меңгерушісі болып қызмет атқарыпты. Денсаулығына байланысты 1950 жылы сауда жұмысына ауысып, Үлкен Ақсу, Ават ауылдық тұтыну қоғамында инс­пектор болады. Кейін Шымкент қаласынан бухгалтер­лік курсты бітірген соң Шарын ауылындағы тұтыну­шылар қоғамында бухгалтер, Шонжы ауылындағы тамақтандыру мекемесінде, Кетпен ауылында бас бухгалтер қызметтеріне сатылай өседі. Аудандық шикізат дайындау кеңсесінде 1962 жылдан 1986 жылға дейін бас бухгалтер болыпты. І-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері, Кеңес Одағының үздік сауда қызметкері, “Ұйғыр ауданының құрметті азаматы” деген мәртебелі атақтары бар, бұған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан Ұлы Отан соғысы мен еңбек майданында көрсеткен ерлігі үшін алған 2 алғыс хатын, Беларусь Респуб­ликасының Президенті Александр Лукашенкодан алған 2  Алғыс хатын, “Астананың 10 жылдығы” медалін және қосыңыз. Бұдан өзге де 17 медалі, көптеген марапат қағаздарын  жинап қойыпты. Қысқасы, мерей-мәртебесі жөнінен ешбір ардагерден кем емес қария осы үйі тұрған орынға 1951 жылы көшіп келіп қоныстаныпты. Міне, содан бері 60 жылға жуық бір орында қозғалмай тіршілік етіп отырғаны да нағыз орнықтылығын дәлелдесе керек. Редакцияға жолдаған хатында “Мен екінші топтағы мүгедек болсам да, 46 жыл жұмыс істедім. Ешқандай қылмысым жоқ. Сотталғам жоқ. Үкіметімнің жұмысын адал атқардым. Менің не күнәм бар?” деп күйзеле жазған. Расында, ардагердің жазығы не? Адам таңқалатын мәселе. Үш жылдан астам уақыт ортақ бір мәмілеге келе алмай дал болған аудан басшылары да, екі көршінің өзі де әбден титықтап шаршаған. Хатты тексеру барысында екеуінің де әңгімесіне құлақ түруге тура келді. Мырзахмет қария былай дейді: “Мен осы араға көшіп келіп үй сала бастаған кезде көршінің қазір­гі үйі тұрған жер бос жататын. Дайындау кеңсесінде істеп жүріп, осы Аблимиттің әкесін өзіме жақын тарттым, “көрші болайық, мына жерден үй сал” деп, өзім нұсқап едім. Енді мені жасым сексеннен асқанда сотқа сүйреп, ешкімге опа бермейтін жарты метр жер үшін жауапкер қыл­ғаны өтіп барады. Білемін, ол жерден алтын шық­пайды. Оған да, маған да пәлендей пайдасы тимейді. Бі­рақ, менің қариялық намысымды соншалық аяқасты еткені үшін кешірмек емеспін. Мен осындай жарты метр жер үшін, Отанымның намысы үшін қан майданда аян­бай шайқасқан адаммын. Енді келіп, өзімнің баламдай көршім менімен соттасып, “жеңіп” шығып отыр. Әділет қайда? Неге менің намысымды ойламайды бұлар? Сон­дықтан заң бойынша өзіме тиесілі, қора-жай, ауламның артындағы 1,5 метр жердің құжаттарын ресімдеп, сыз­басын дұрыстап сызып бермейінше, мен айтқанымнан қайт­пақ емеспін. Керек болса, әлі де арызданам. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы”, деп еш мәмілеге келмей­тінін білдіріп, Мырзе­кең бір-ақ кесті. Енді соттан жеңіп шыққан көршісі Аблимит Сайдимовтың сөзіне ден қойдық. “Білмей­мін, өзім де әбден шаршадым. Тіпті осы даудың кесірінен қант ауруына шал­дығып, қазір жағдайым барған сайын нашарлап барады. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, мына үйдің артындағы бір жарым метр жерді ұзыннан-ұзақ қоршаған шарбақ ол кісіге тіпті қажет емес. Жазғы там үйі мен қорасының артын жөндейтіндей, сылайтындай бола қалса, мұсылман емеспіз бе, қоршап алмаса да жі­беретін едік қой. Менің жерімнің жалпы аумағы ол кісінікіне қарағанда мүлдем тар, 0,0920 га. Шешім қабыл­дар кезде сот осыны ескерді. Әйтпесе, соғыс ардагерінің ауласы артында еш қараусыз жатқан жерді маған еншілеп бермейтін еді. Енді келіп, мына шарбағын орнатып қойды. Майда-шүйдені де көңіліне ала беретін кінәм­шілдік қартайған адамдарға тән  шығар, көршім ешқандай уәжге көнетін емес. Қайтеміз, бізге соншама ыңғайсыз болса да шарбағы тұра берсін енді. Үлкен кісінің айт­қанына көнеміз де. Бірақ, бұл жер құжат жүзінде менің жер телімім болып саналады” деп Аблимит те өз дегенінен қайтпайтынын аңдатты. Мырзекең болса табандап тұрып алған, нағыз майдангер емес пе, бір қадам шегінуге жоқ. Ал, бұл мәселе туралы аудан әкімі К.Омаров та, Шонжы ауылының әкімі А.Құрбаниязов та, таласқа түскен арадағы 0,0035 га жер көлемінің жайын өзгелерден гөрі өзі жетік білетін аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы М.Надыров  та тексерушілерден әбден зәрезап болғанын айтып, шарасыздықтан терең күрсінгеннен басқа амалы жоқтығын мойындап отыр. Енді қайтпек керек? Екі жақты соншама жыл әуре-сарсаңға салған жарты метр жер дауының түйіні қашан, қайтіп шешіледі? Не бүлінді бұл арада? Адамдар неге осыншама тоңмойын болып алған? Қора-жайының артын жөндеу үшін әрі-бері өтетін 1,5 метрдей жер болуы керектігін қария жақсы біледі. Ал, соттың шешіміне арқа сүйеп отырған Аблимиттің талабы да бір қарағанда орынды көрінеді. “Құрастырып айтса, құлдікі жөн, біріктіріп айтса бидікі жөн” дегеннің кері. “Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі”. Үлкен сыйлап үйренген дәстүрі­мізге салсақ, қариянікі дұрыс, қазіргі тіршілік заңды­лықтарына сүйеніп, жерінің мөлшері әлдеқайда аз екенін ойласақ, Аблимиттікі де жөн сияқты. Арадағы сыйластықтың жібек арқауын үзіп алған соң екі жақ та намысқа тырысып, қасарысып алған. Ұстанған бетінен қайтпақ емес. Осындай да дау болады екен-ау деп таң-тамаша, айран-асыр болып аттандық Шонжыдан. Күнделікті бейопа тірлікті болар-болмас мәселемен шиеленістірген екі көршінің бүгінгі жайы осындай. Сонымен тоқымдай жер әлі талай жүйкені жұқартатын тәрізді. Нүкте қойылатын түрі жоқ. Тіпті, жалғызаяқ жолға да жарамайтын жердің “қадірі” екі көршіге де соншалық артып, екі адамның да намысы таразы басына тартылып тұрғаны қандай қиын десеңізші. Арадағы ағайындық, сыйластық, қариялық парасат, азаматтық кішілік дегенді бұл кісілер неге белбеуге бекем түйгенін білмей біз де дал болдық. Көңіл терезесін неге соншалық кірлетіп алған бұлар, құдай-ау?! Соғыстың бар қасіретін көрген ардагер Мырзекең мен жігіт ағасы жасына келген Аблимиттің бірі райынан қайтса дұрыс болар еді. Кім бірінші қадам жасар екен, осы шешімге? Жарты метр жер үшін әке­сіндей адамды сотқа сүйреген Аблимит адымдап барып алдына жығылса, Мырзекең де иілетін шығар, шамасы. Бұл сапардан біздің көкейге түйгеніміз осы болды. Күмісжан  БАЙЖАН. Алматы облысы, Ұйғыр ауданы.