27 Қазан, 2010

Тастөбе бүккен тылсым сыр

738 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қаратал ауданы орталығының іргесінде Тастөбе атты жер бар. Тарихи деректерге іліккен шоқы бұл. Оны атақты темір жол инженері, тарихшы, шежіреші Мұхамеджан Тынышбаевтың 1925 жылы жарық көрген “Материалы к истории киргиз – казахского народа” атты танымал туындысындағы “Коксуйское развалины и город Кайлак (Койлык)” атты жазбасынан табамыз. Автор осы еңбегінде Тау жалайыры болысының шежірешісі Керімқұл Назарұлының деректеріне сүйене отырып, мынадай жайтты жайып салады. “Қапал уезіндегі Талдықорғанның батысында (Гавриловка) Дүнгене деген жерде ертедегі бір қаланың үйіндісі бар. Оның аумағы 20 верст. Үйіндінің жекелеген бөлігі көзге айқын байқалады. Аңыз бойынша қаланы бәзбір тайпалар мекендепті және олар осында қалмақтар келгенге дейін өмір сүрсе керек. Ескі әңгімеге сүйенсек, қала халқы бірде жатжұрттың жақындағанын естиді. Алтын, күмістері мен басқадай қымбат дүниелерін қоржынға салған олар таңертеңгілік әйелдері мен балаларын ертіп қаладан шығады да Қаратал өзенінің жаға­сындағы Күркіреуге жақын тұстағы Тастөбе жота­сына көтеріледі. Алып шыққан бағалы бұйымдарын жаудың қолына түспесін деп өзенге тастайды. Ізінше қала тұрғындары дұшпан кеткеннен соң тізбектесіп, судағы алтын-күмістерін алмақшы болады. Алайда, буырқанған өзенге жұтылып кете барады. Кейін қала 200 жыл уақыттай қаңырап бос жатады”. Сайып келгенде, шежіреші Керімқұлдың айтуы бойынша қылышын жалаңдатып келген қалмақтар Көксу мен Қаратал өзенінің алабында 1660 жыл­дары болғандығы расталады. Міне, білімдар тарих­шы Мұхамеджан Тынышбаев өткен ғасырдың ал­ғашқы ширегіндегі жазбасында біз сөз етіп отырған Тастөбенің арғы тарихы жайлы осылайша сыр шертеді. Алланың құдіретіне, табиғаттың жаратылысына тең келер күш болған ба бұл өмірде! Мұны айтып отырған себебіміз, Қаратал мен Көксу ауданының шекарасына таяу орналасқан, әрқайсысы дерлік атты кісінің биіктігіне парапар, сандықтас секілді қаланған қызғылт қоңыр түсті шоқпартастардан тұратын Тастөбе Қараталдың осы бір иінінде ерекшеленіп-ақ көрінеді. Неге десеңіз, көз жетер жақын төңіректе табиғаттың мұндай таңғажайып құбылысын жолықтыра алмайсыз. “Көлдің орны – құрғамас”, дегендей, арғы-бергі заманда небір дүрбелеңді тарихи оқиғаны басынан өткізген, ішке бүккен, тылсым сыры мол Тастөбенің сан қатпарлы құпиясын танып-білуге талпыныс танытқанның бірі 2002 жылы 79 жасында өмірден озған, соғыс және еңбек ардагері, халық ағарту ісінің үздігі Ғабдол­ләтіп Ғисанов ағай еді. Кәсіподақ пен кеңес органдары саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен, ел мен жер тари­хын танып білуге бір табан жақын жүретін ағамыз әр жылдары осындағы Жамбыл атындағы орта мектеп оқушыларының көмегімен ескі жәдігерлерді іздестіруге бағытталған танымдық экскурсия мен жорықтар ұйымдастырған, Тастөбенің тылсым сырына қанығуға ұмтылған. Өзі мекендеген өлкенің өткен тарихына қанықсам деп жасалған кезекті бір сапарында баға жеткісіз құнды олжаға кенеледі. Жаздың соңына таман өзеннің арыны басылып, арнасы жағалаудан сәл алыстаған тұста судың табанынан көне түркі тілімен бедер­ленген жазуы бар таңбалы тас табылады. Оны көздің қарашығындай сақтаған Ләтіп ағамыз жәдігерді мектептің өлкетану мұражайына қойды­рады. Қол қусырып қарап отырмай таңбалы тасты әр қырынан фотосуретке түсіріп, түсіндірме хат жазып, Алма­тыдағы түркітанушы ғалым Сәрсен Аманжоловтың атына жолдайды. Көп ұзамай ол кісінің баласы, жас ғалым Алтай Аманжоловтың атынан сол ескерткіш тасты зерттеу мақсатында Археология және этно­графия институтына сұратқан жауап хат келеді. Лә­текең ғылыми ортақ мүдде үшін әлгі жәдігерді өз қолымен табыстайды. Алайда, сол таңбалы тастың одан кейінгі тағдырынан хабарсыз қалады. Кейінгі бір жолығысқан сәтте Ләтіп ағамыз Тастөбенің төңірегінен сирек кездесетін тас қайрақ тауып, олжалы болғанын масаттана отырып әңгімелеген еді. Осы топырақтың төл тумасы, жергілікті ақын Мұрат Нұрмұхамбетов: “Тастөбем Қараталдың жа­ғасында, тіл жетпес Тастөбенің бағасына. Тастөбем көк қатипа оранғандай, көкорай, көк шалғынның арасында”, – деп перзенттік тебіреніспен жырға қосқан. Бұл жер атақты тарихи тұлғаларымен де танымал. Олар: Аңдабай мен Таңат батыр, Байқоржын мен Ғалсымбек қажы, Сақбай болыс, бертіндегі қоғам қайраткері, шежіреші ақсақал Ша­ях­мет Халықов, халық ақыны Артық, топырақтану саласының білгірі, профессор Тілепбай Тазабеков, талантты суретші Анарбек Нақысбеков, аты аңызға айналған шаруашылық басшысы Балтабай Нұрғабылов. Көріп отырғандай, бір ғана қасиетті Қараталдың ғана емес, күллі Жетісудың ішке бүккен тылсым сыры тым әріде жатқан көрнекті орынның бірі Тастөбенің арғы-бергі тарихына “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында байыптап зерттеп, тереңірек үңіліп, оны ел кәдесіне жарату бүгінгі күннің келелі мәселесінің бірі десек асыра айтқандығымыз емес. Бір жағынан табиғаттың сирек жаратылысы саналатын атақты Тастөбе Жетісу өлкесінің тарихи ескерткіштері мен көрікті орындарын тамашалауға ниет еткен өлкетанушылар мен туристер маршру­тына батыл түрде енгізетін қастерлі орынға жатары, ескерткіш тақта қоюға сұранып тұрғаны тағы бар. Ежелден-ақ жер тарихы мен ел тарихы ғой. Оларды қастерлеу парыз. Қараша ҚАРАМАН. Алматы облысы, Қаратал ауданы.