Кемшіліктерге жол бергендер мен қаржыны талан-таражға салғандар тиісті жазаларын алулары керек
Кеше Астанада Әділет министрлігінің ғимаратында бейнеконференция режімінде “Әлеуметтік маңызды мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысына партиялық бақылау ұйымдастыру бойынша “Нұр Отан” ХДП филиалдарының қызметі туралы” мәселені қарастырған Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысы болып өтті.
Аталған комитеттің міндеті – партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан “Жол картасы – 2010”, “100 мектеп, 100 аурухана”, “Ауыз су”, “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму”, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізі”, “Тұрғын үй құрылысын дамыту”, “Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі”, “Нұрлы көш”, “Балапан” және “Азияда – 2011” сияқты әлеуметтік маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылау жүргізу. Осы мақсатта 4139 партия бақылау бекеті құрылса, нысандардың қолданысқа берілуіне байланысты соның 2020-сы өз жұмыстарын тоқтатып отыр.
Сондай-ақ өңірлерде халыққа қызмет көрсету орталықтарында, жол полициясы бөлімдерінде және жергілікті жол жөндеу учаскелерінде жылжымалы партиялық бақылау бекеттері құрылған. “Нұр Отан” ХДП Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков бақылау бекеттерінің партиялық бақылаудың тиімді тетіктерінің бірі екендігін ерекше атап өтті. Әйтсе де кемшіліктер де жоқ емес. Ол жөнінде комитет төрағасының орынбасары Оңалбек Сәпиев мәлімдеп берді.
Комитет төрағасы орынбасарының келтірген мәліметтеріне қарағанда, мемсатып алу конкурстарын өткізу кезінде, нысандар құрылысын жүргізуге жағдай жасау мен еңбекақы төлеу және мердігер ұйымдардың өз міндеттемелерін орындау барысында бірқатар кемшіліктер орын алған. Бақылау бекеттері басшыларының жыл басынан тендерлер мен өзге де процедураларға қатысуы туралы ұсыныс әлі де аяқсыз қалып келеді. Соның салдарынан кейбір компаниялар өңірлерде қажетті күші жетпесе де көптеген қосымша мердігерлерді жұмысқа тартуда.
Мәселен, бар жоғы 292 шақырымға созылған “Жетіген – Қорғас” темір жол желісін салуда 3 мың бас мердігер және 40 қосымша мердігер тер төккен. Ал Жамбыл облысында 17 тендердің жеңімпазы болып танылған “АрмСтрой” ЖШС жол салуда олқылыққа жол берген. Сол сияқты Қызылорда облысында 14 лоттың жеңімпазы деп танылған “Реал плюс” ЖШС жұмысының сапасыздығы анықталған. Қостанай облысында “Жаяу жүргінші жолын жөндеу” жобасы бойынша мемлекеттік сатып алуда 52 миллион теңгенің дұрыс жұмсалмағаны белгілі болып отыр екен. Осы өңірде облыстық әкімдіктің құрылыс басқармасы тарапынан көпсалалы аурухана салуда орынсыз жұмсалған қаржыны жаба салғаны да айтылмай қалмады.
Ол ол ма, тіпті пайдалануға берілген нысандардың жарамсыз қалып жататындары да аз емес екен. Мәселен, “Ауыз су” бағдарламасы шеңберінде салынған Солтүстік Қазақстан облысының Смирново ауданы орталығындағы су айдағыш мұнара араға бірнеше ай салып құлап түсіпті. Шымкентте жаңадан салынған су құбыры желісі жарылса, мемлекет тарапынан оған жұмсалған қаржы көлемі 700 миллион теңгені құрапты. Ақтөбе облысының Шалқар ауданы орталығында құрылыс салынған жер сапасыз болып шыққан. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу, жоба-сметалық құжаттарды дайындау барысында көптеген қателіктерге жол берілген. Сорақысы сол, мысалы, Павлодар облысында аймақтық кардиохирургиялық орталық 4 қабатты болуы тиіс болса, оның орнына 3 қабатты ғимарат салынған. Мұндай кемшіліктер өзге де өңірлерде баршылық көрінеді.
Партия мен Қаржы полициясы бірлесе жүргізген акция барысында көптеген кемшіліктер анықталып, Ақмола облысында он қылмыстық іс қозғалса, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарында – төрт, ал Маңғыстау облысында екі жергілікті атқарушы орган басшысына қатысты екі қылмыстық іс қозғалыпты. Батыс Қазақстан облысында тағы бес лауазым иесіне қылмыстық іс қозғалған. Қызылорда облысында “Нәсіп Сервис-МП” ЖШС директоры құны 835 мың теңгелік медициналық құрал-жабдықтарды өтірік орындалды деп атқарылған жұмыс актісіне қосқаны үшін де үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болып отыр.
Отырыста бұдан басқа аймақтық партия филиалдарының қызметі талданып, жергілікті атқару органдарымен өзара іс-әрекет ету мәселелері талқыланды. Өңірлер Жемқорлыққа қарсы медиа орталығы журналистік зерттеулерімен танысуға мүмкіндік алды. Жұмыс нәтижесіне байланысты әзірленген ұсынымдар енді Үкіметке, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, аймақтық партия филиалдарының басшыларына жолданатын болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.