27 Қазан, 2010

Төрағалықтың тамаша табысы болып табылатын Астана Саммитін ойдағыдай өткізу – елдік сыны

597 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
АСТАНА САММИТІ – АРНАЛЫ ІСТІҢ БАСЫ Алаш алаш болғалы, шаңырағы өрнекті ағаш болғалы бұл жұрттың ба­сынан не келіп, не кетпеді, не көшіп, не өтпеді дейсің! Тұлпарларының тұяғы дала төсін дүбірге толтырып, алдаспаны айға шағылып, жауын жайпап жат қолынан жерін аршып, жеңіс тойын да сан талай тойлады. Қасым салған қасқа жолдан, Есім салған ескі жолдан суыртпақтап, Жеті жарғысын жасақтап, заңы бар, ханы бар дала дәстүріндегі мемлекет құрып, мамыражай бейбіт, бейқұт тірлік кешкен кездері де болды. Алайда орыс патшалығының екі жарым ғасырға созылған отаршыл озбыр­лы­ғы тұсында ұлан-байтақ жерімізге көз аларт­қан дұшпандардың сырттан айдап салып, іштен ой­ран салуы салдарынан соның бәрінен жұрдай бо­лып, ақтабан шұбырынды жоқтықты, ал­қакөл сұлама аштықты да көріп, дініміз бен ділі­мізден, тіпті тілімізден де көз жазып қала жаз­дадық. Қазақ деген қасиетті атымыздан ай­ыры­лып, қанша уақыт қырғыз атанып жүруге де тура келді. Әйтеуір, алаш арыстарының ақыл-амалы, тапжылмас табандылығы арқасында өткен ғасыр­дың 20-шы жылдарының ортасында төл аты­мызбен қайта қауышып, сөз жүзінде теңдік деп жар салған Кеңес Одағының құрамына Қа­зақ респуб­ликасы болып әрең кірдік. Бірақ баста билік, қолда құдірет болмаған соң не ша­ра, самал тау, сайын даламыздың қазыналы қой­науы мен жайлауының бар байлығын сы­ғып алып, орталық үкімет өзімізді шөміштен қа­ғып, ел аман, жұрт тынышта екі-үш мәрте ала­пат аштыққа ұрындырып, халықтың тең жа­ры­мына жуығын қолдан қырды. Ол да аз деген­дей, 37-ші жылғы зұлмат елдің кілең сүт бетіне шығар қаймағындай азаматтарын қидай сыпырып кетті. Мың өліп, мың тірілген қазақ соны да көрді, соған да төзді ғой. Бірақ қанша қиналса да, болашақтан күдер үзбей, үмітін үкілеуден бір танған емес. Сайып келгенде “сарғая күткен қызара бөр­те­ді” деген шын екен. Тәуелсіздіктің ақ таңы атып, өшкені жанып, өлгені тірілгендей қазақ дүр сілкініп, қайта түледі. Аяғы жет­кенінше жүретін, аузы жеткенінше сөйлейтін еркіндікке қол жеткізіп, береке-бірліктің байсын мекені болған жерінде қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалайтын заманды көрді. Ел­басымыз­дың таяуда ғана атап айт­қанындай, мыңжыл­дық­тар тоғы­сында ата-бабаларымыздың аң­са­ған арманын ақиқатқа айналдырып, тәуелсіз мем­ле­кет құрдық. Кешегі үш жүздің ұсты­нын­дай ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтекелер көк­се­ген, хан Абылай армандаған, абыз Абай тілеген абат, азат күнге жетіп, барша қазақтың басы бірікті. Сөйтіп, еншісі бөлінбеген, іргесі сөгілмеген біртұтас елдік қалыптасты. Кәрі құлақ қарт тарих үшін қамшының сабындай ғана қысқа мер­зімде тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында Қазақ елі биік белестерді бағындырып, асқаралы асуларды алып, бауыры бүтін бірлігімен елдігін еңселендіріп, ерлігін еселеп, мемле­кеттілігінің іргесін мызғымай­тындай етіп бекітті. Енді жердің киесі, елдің иесі кім екенін айдай әлем біледі. Білгендіктен де оны Батыс пен Шы­ғыс­тың арасындағы алтын көпір санап отыр. Оның және бір жарқын себебі – биыл Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етіп, халықаралық күрделі де келелі мәселелерді тікелей шешуге мұрын­дық болуға бел байлауы. Жасыратыны жоқ, халықаралық беделі өте биік бұл ұйым алғаш екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қауіпсіздік мәселесін күнделікті өмірдің өзгермес қағидасына енгізуді ойлаған еуропалықтардың бейбітші­лікке бастар жаңа тетіктер іздеуінен туындап, 1975 жылы Хель­син­­киде алғаш Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық жөніндегі кеңес боп дүниеге келді. Жаһандық соғысқа нүкте қойып, Аме­ри­ка Құрама Штат­тары мен Кеңес Одағы кәрі құрлықта тұрақтылықты сақтау жөнінде өзара келі­сімге келгендей болғанымен де, бір-бірімен ымы­расыз екі блоктың арасындағы текетірес бір­ден тоқтай қалған жоқ. Экономиканың елеу­лі бөлігі елдің әлеуетін әлсірететін қару-жарақ жа­сауға жұмылдырылып жатты. Тек аяқ асты­нан Кеңес Одағының ыдырауы ғана бұдан шы­ғар жолды айқындап берді. Бұрынғыдай жақ-жақ боп тайталасу келмеске кеткен секілденді. Ойламаған жерде болған бұл өзгеріс Ұйымның өзін дағдарысқа ұшыратты. Қақты­ғыс­тардан хабардар ету, шиеленістерді реттеу, текетірестен кейінгі жағдайды қалпына келтіру жүктелген Ұйым ежелгі құрлықтағы, Кавказ тауларындағы, Днестр бой­ларындағы ешбір тауқыметке тосқауыл қоя алмады. Ең өкініштісі, Косовоның дербестігін Батыс елдері, Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін Ресей мойын­дап жатқанда да боркемік мінез та­ныт­ты. Хельсинки актісінің бұзылғанын көре тұра қара қылды қақ жарар әділ пікір айта алмады. Хельсинкиде қол жеткен уағдалас­тыққа күні бүгінге дейін халықаралық құқықтық сипат берілген жоқ. Соның салдарынан кәрі құрлық­тағы көкейкесті мәселелердің түйінін Еуропалық одақ пен Америка Құрама Штаттары шешетін бол­ды. Олар Батыс әлемінің бірігіп қорғана ала­тынын, қажет болған жағдайда тізе қосып, шабуылға шығатынын жаһанға жария етіп, Ауғанстан мен Иракқа шүйіліп, әскери күш­терін тоғытып, опыр-топырын шығарды. Бұл әбес әрекет жаппай қауіпсіздікті басты мұраты санайтын аталмыш ұйымға ұнай қой­мағанымен, оған қарсы шығар күш-жігер де көрсете алмады ол. Әлемнің 56 мемлекетінің басын біріктіріп, Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі ең қуатты ұйым болып отырған ЕҚЫҰ-ға жараспайтын жайбарақаттық. Міне, осындай жағдайда Қазақ­станның атағынан ат үркіп, атан ығатын айтулы Ұйымға төрағалық ету ниетін білдіруі барып тұрған жүрек жұтқандық еді. Жалпы, Ұйым төр­аға­лығы құрметінен гөрі міндеті басым, жауап­кер­ші­лігі аса зор жұмыс. Әдетте оған лайық елді табу да оңай емес. Кезінде Мадридте өткен сыртқы істер министрлерінің кеңесінде ұйымға мүше елдердің оған Қазақстанның 2010 жылы төрағалық ету тілегін бірауыздан қолдауының да мәні бар. Өйткені тәуелсіздікке қол жеткіз­ген­­нен бері ол бір жақтың ғана шашбауын көтермей, ешкімге де тәуелді болмай, өзіндік дер­бес саясат жүргізді. Ресми Астананың бұл ұста­нымы тараптардың бәрін де қана­ғат­тан­дыр­ды. Ең алдымен еліміз әлемде бірінші бо­лып ядролық қарудан бас тартты. Айналасына ажал отын шашып, зардабы бір жарым мил­лион­нан астам халыққа тиген Семей поли­го­нын жабу жөніндегі Жарлыққа тәуелсіздігіміз жария­ланбай тұрып-ақ қол қойған Президент Назарбаев кеше ғана осы мәселені қайта көтеріп, Американың қақ төрінен тайсалмай: “...қазір халықаралық құқықтың негізгі қағидаларына қайшы келетін қылықтар қалыптасып отыр. Біреу­лерге қаруды қолында ұстап және оны жетілдіруге рұқсат етілсе, енді бі­реу­лерге оған иелік ету былай тұрсын, жа­сау­ды ойлаудың өзіне тыйым салын­ған. Бұл дұрыс емес, барып тұрған әділетсіздік. Мұндай қа­руды жоюда ядролық елдердің өзі басқаларға үлгі көрсетуі керек”, деп ашып айтты. Қазақ елі Батыс пен Ресей арасын­дағы теке­тіресте бейтарап бағытынан таймады. Ба­тыс­тағы және Мәскеудегі біраз ықпалды топ­тар­дың қолқа-тілегіне қарамастан, Косовоның да, Абхазия мен Оңтүстік Осетияның да тәуел­сіз­дігін таныған жоқ. Сондай-ақ Қазақстан мемлекет аумағының тұтас­тығы, шекарасының бұзылмауы, ірің-кезектің болмауы сияқты ұйым қағидаларын бұлжытпай орындап, оған адалдық танытып келеді. Осының бәрі-бәрі Еуразиядағы жас та жасампаз мемлекетіміздің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасынан суырылып шығып, мұсылман елдерінің ішінен бірінші болып Еуропадағы ең ық­палды ұйымның тізгінін ұстауына мүмкіндік берді. Мұны халықтың басына жүз жылда бір қонар бақ десең де, айбарын жер-көкке жаяр даңқ десең де өзің біл. Қалай десең де сыяды, қайсының болсын қисыны келеді. Қазақ қазақ болғалы көрмеген сыйы, көтерілмеген биігі бұл. Сондықтан қай-қайсымыз болсын басқа қонған бақытымызды бағалай білуіміз, тағдырдың тартқан сыйын сезіне білуіміз шарт. Себебі бұл бірдің емес, мыңның, жалқының емес, жал­пының, жеке ердің емес, бүкіл елдің абыройы. Осы абыройлы міндетін ойдағыдай орындап, әлемдік ықпалды ұйымға төрағалық етуін Қазақстанның мүл­тіксіз атқарып келе жатқанына міне, он айдың жүзі болды. Қазақ елінің төрағалығы Ұйым жұмысын жандан­ды­рып, қызметін белсендірек ету үшін тың мүм­кін­діктерді іске қосты. Ұйымның саяси қыз­метін үйлестіру мен жетілдіруде, дағдарыстарды реттеуде еліміздің игі де ізгі істер атқарып жат­қанын дүйім дүние көріп-біліп, тиісті бағасын беріп те отыр. Еліміздің аталмыш ұйымның тізгінін ай­мақ­та жаңа қауіп-қатерлер қылаң беріп, қақтығыстар төбе көрсеткен аса күрделі кезеңде қолға алғаны белгілі. Ең алдымен әлемнің түк­пір-түкпірінде бұрқ етіп жататын қақ­ты­ғыс­тар­дың аптығын арағайын болып басып, жөнге са­луда, сол арқылы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде жаңа қадамдар жасалды. Осы орайда ұйымның Ауған­стан, Грузия, Молдова, Қа­рабақ, Тәжік­­стандағы қиын жағдайларды рет­теп оң жолға салу жөніндегі оң игі іс-шараларын атап өтуге болады. Әсіресе, ата көршіміз Қырғыз еліндегі тө­тенше жағдайларды ушықтырмай, өзара дүрдараздықтың азамат соғысына ұласып кетуіне жол бермей, дер кезінде ауыздықтауға көп күш-жігер жұмсады. Ұйымның Бішкектегі орталығы зорлық-зомбы­лықтың алдын алуға, қоғамдық сенімді қайта орнықтыруға, сол сияқ­ты елдің қақтығыстан кейін қалпына келуіне бағытталған іс-шаралардың жаңа жоба-жоспарларын жасақтады. Елдің оңтүстігіндегі жағдайларды оң арнаға түсіріп, қалпына келтіру үшін саяси-әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық көмекті аяған жоқ. Қырғызстандағы осындай оспадарлау жанжал шыққан жылы Қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына дәл Қазақ­стан­ның төрағалық еткеніне мың да бір шүкіршілік. Қанша айтқанмен, қазақ басшылары көрші елдің хал-ахуалына өзгелерден гөрі қанық болғаны, ағайындарының мұң-мұқтажын жетік білгені игі рөл атқарғаны даусыз. “Қазақстанның өз төрағалығын мұншалық жақсы атқаруы бұл елдің Азияға да, Еуропаға да, мұсылман әлеміне де, христиан дүниесіне де бірдей ортақ екенінің арқасы. Ал Назар­баев­тың Қазақстан төрағалығын­дағы орны тіптен бөлек. Бұл жыл оның әлемдегі ең беделді саясаткерлер арасында да ерекше тұрған саясаткер екенін түбегейлі дәлелдейтініне сенімім кәміл. Астанадағы саммиттің де табысты өтетініне сенімдімін, – деп атап көр­сет­ті “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұх­ба­тында Ұйымның Парламенттік Ассамблеясы төр­аға­сының орынбасары Александр Коз­лов­ский. – Президент Назарбаевтың алдында да ше­шімін күтіп тұрған мәселелер аз емес болар. Оны да сынайтындар бар шығар. Өмір болғаннан кейін, мемлекет болғаннан кейін онсыз да болмайды ғой. Бірақ Назарбаевтың қазақтарды қазақ екені үшін, қазақстан­дық­тар­ды қазақстан­дық екені үшін мақтанатын жағдайға жеткізгенін ешкім де теріске шығара алмайды”. Шынында, төрағалықтың тағы бір тамаша табысы – айтулы Ұйымның саммитін Қазақ­стан­да өткізу жөніндегі бастаманың да бастау кө­зінде Нұрсұл­тан Назарбаевтың өзі тұр. Ұйым­ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай оның табалдырығын аттай бере-ақ Елбасы қаң­тар айында он бір жыл үзіліске душар болып, дағдарысқа ұшырамаса да, тоқырау ахуалына тап болған саммитін шақыру туралы бастама көтерді. Алғыр да алымды, сарабдал да сабыр­лы саясаткер ұсынысын өткізіп, жеті айға жет­кіз­бей-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының саммитін Астана қала­сын­да шақыру жөнінде шешім шығартты. Қа­зақ­стан өзінің төрағалы­ғы арқылы еуропалық үлгі-нұсқаға сай келетін демократия орнатуға шындап кіріскенін, бұдан былай әлемдік сая­саттың сырттай бақылаушысы болып қалмай, сол саясатты қалыптастыратын мемлекеттердің қатарына қосылаты­нын барша әлемге паш етті. Мұндай беделді жиын ең алдымен Ұйым­ның өзі үшін өте-мөте қажет болып жүр еді. Өйткені оған көптен бері бір күшті серпіліс пен сілкініс керек болатын. Астана саммиті соған мол мүмкіндік бергелі отыр. Оның ұйымды дүр сілкінтіп, жаңа өрістерге шығаратынында шәк жоқ. Астана саммиті мемлекет басшы­лары мен үкімет жетекшілерінің жаһан­дық жаңа қатер­лер­ге қарсы тұруға бағытталған еуратлан­ти­калық һәм еуразиялық қауіпсіздіктің біртұтас қоғамдастығын қалыптастыру тұжы­рым­да­ма­сын жақтайтынын тағы да нықтай түседі. Әйт­пе­се ол қатерлердің беті мемлекеттердің жеке-да­ра күш-жігерімен ғана қайтпайды, оған ұжым­дық іс-қимыл қажет. Сонымен қатар бұл ұлы жиын қауіпсіздіктің ортақ мәселелерінің, сондай-ақ ұйымнан тыс жердегі мәселелердің де шешімін табудың құралына айналады деп күтіліп отыр. Әсіресе талай жылдан бері төңіректі дүрліктіріп келген Ауғанстандағы алапат жағдай жан-жақты қарастырылуға тиіс. Ағайын арасындағы алауыздықтан зықысы шыққан Қырғызстан, ядролық бағдарламасы үшін алпауыттардың қырына іліккен Иран да оның наза­рынан тыс қалмасы анық. Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікке түсіністік көпірі болып тартылатын Астана Саммиті бір ғана Қазақ елінің мерейі мен абыройын емес, бүкіл Азияның беделі мен айбарын асыра түсетіні айдан анық. Оңай­лық­пен сынбайтын созымды, бүкпесі жоқ ашық, се­нім­ге серттей қарайтын, дәстүрге адал ха­лық­пыз ғой. Сол Сенім мен Ашықтықты, Дәстүр мен Төзімділікті ту етіп өткізіп жатқан тө­ра­ғалығымыз еліміздің халықаралық абырой-бе­де­лін бұрынғыдан да асқақтата түсетініне сенім кәміл. Сарбас АҚТАЕВ, жазушы.

* * *

ҰЙЫМНЫҢ ЖАҢАРУ КЕЗЕҢІ

“Әлемдегі тәуелсіздігін жаңадан алған елдердің ешбіреуінің осындай ғаламдық ауқымдағы басқосуды өткізуге мүмкіндігі болған жоқ”, – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 20 қазанда Астанадағы Бейбітшілік және келісім са­райында өткен Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның ХVІ сессиясында сөйлеген сөзінде. “Қазақстанға әлемдегі 55 мемлекеттің, ірі-ірі халықаралық ұйымдардың делега­ция­лары келеді. Біз өзіміздің қонақжайлы­ғы­мызды, дарқандығымызды көрсетуіміз керек. Мәртебелі меймандарды лайықты қарсы алып, еліміздің саналуандығын, этномәдени бір­лес­тіктеріміздің және Ассамблея­мыз­дың жұмыс тәжірибесін таныс­тыруымыз қажет. Мен қазірдің өзінде әлемдік тарихқа енген Астана Рухы деген ұғымның сан­алуан­дықтағы сенім, келісім, төзімділік және бірлік қағидат­тарына негізделген әлем құру­дағы жалпыға ортақ ұмтылыстың символы болатынына сенімдімін!”, – деді өз сөзінде Н.Назарбаев. Жуырда Астанада өткен брифингте Қазақстан Республи­касы Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ департаментінің дирек­торы Сержан Әбдікәрімов 40-тан астам мемлекет және үкімет басшыла­ры­ның 1-2 желтоқсанда болатын алқалы жиынға қатысатынын мақұлдағанын хабарлады. “Астана Саммитіне қатысатынын растаған хабарлар келіп жатыр. Олар негізінен Еуропа құрлығының ел­дері, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның азия­лық кеңістігіндегі әріптес мем­лекет­тердің басшылары”, – деді СІМ-нің өкілі. Ол, сондай-ақ, саммиттің күн тәртібінің жобасы жасалып жатқанын тілге тиек етті. Сержан Әбдікәрімовтің айтуынша, жаһандық деңгейдегі алқалы жиынның күн тәртібіне қару-жарақты бақылау, Ауғанстандағы ахуал, сенім шараларын нығайту, трансұлттық қауіп-қатерлер, қар­жы-экономикалық дағдарыстың зардабы, экологиялық апат сияқты таңдаулы тақырыптар енгізіледі. Атап айтарлығы, еуроатлан­ти­калық қауіпсіздік Астана Саммиті­нің басты тақы­рыптарының бірі болмақ. “Өткен 8 ай бойына “Кор­фу үдерісі” шеңберінде жүргізілген пікірталастар Еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістікте түп­кі­лікті қауіпсіздікті орнықтыру үшін мәмілеге келуге барлық елдердің ұмтылысы бар екенін байқатты”, – деді қазақстандық дипломат. Бұл жердегі “Корфу үдерісі” деген атау Кер­кира (Корфу) атты грек ара­лының құрметіне қойылғанын жұрт­тың көбі біле бермес. Тура осы аралда өт­кен жылдың маусымында ЕҚЫҰ-ның өкілдері Ресей прези­денті ұсыныстарының негізінде қауіпсіздік бойынша үнқатысуды бастауға қол алысқан еді. Міне, сол жолғы ұсыныстарды дамыта отырып, Ресей 2009 жылдың 29 қарашасын­да еуропалық қауіпсіздік жөніндегі келісім­нің жобасын жария етті. “Біздің ойымызша, саммиттің күн тәртібінің өзі біріктірушілік функциясын атқаруы керек. Мәмілеге келуге болатын бірнеше ірі-ірі мәселелерді таңдап алу аса маңызды. Өйткені, бәріміз де саммиттің жемісті, нәтижелі бол­ғанын қалаймыз. Соңғы жеті жылда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлері кеңе­сінің саяси декларациясын қабыл­дауға мүмкіндіктің болмағанын ескере отырып, саммиттің жетістігі негізгі құжат бойынша бір тоқтамға келу екенін жақсы білеміз”, – деді С.Әбдікәрімов. Жуырда ғана Ресей ақпарат агенттігі ұйымдастырған “Хельсин­ки­ден Астанаға дейін” деп ата­латын дөңгелек үстелге қатысқан бір топ сарапшылар Астана Сам­ми­ті беделді Ұйымның жаңа кезеңінің басы болады деген пікір білдірді. Мәселен, қазақстандық дипломат С.Әбдікәрімовтің пайымдауынша, Астана Саммитінде дайын шешім­дер шығарылмайды. “Бұл жиын аталған Ұйымның жаңа тарихының басталғанын білдіреді. Міне, содан кейін ЕҚЫҰ-ның жаңа заманға бейімделу үдерісі жүре бастайды”, – деді ол. “ЕҚЫҰ-ның саммиттері жыл сайын ұйым­дастырылатын шара емес. Ең соңғы сам­миттен бері 11 жыл уақыт өтті, сондықтан да мұн­дай жиындарда талқыға түсетін мә­се­лелер салмақты болуы тиіс. Ал саммитте қа­былданған шешімдерді жүзеге асыруға да ұзақ уақыт керек екені сөзсіз”, – дейді Ұлттық стра­тегия институтының халықаралық жоба­лар директоры Юрий Солозо­бов. Қазақстан Президенті жанын­да­ғы Стратегиялық зерт­теу­­лер инсти­тутының ғылыми қызмет­кері Рау­­шан Серік атап айтқандай, Қазақстанның көмегімен ЕҚЫҰ-ның үш “себетінің” маз­мұ­нын қай­та қа­рау үдерісі басталып кетті. Егер бұрын ЕҚЫҰ Шығыс Еуропа мемлекет­те­рін­дегі демокра­тия­лан­ды­ру үдерісін бақылауға көбірек көңіл бөлсе, Қазақстанның төраға­лық етуі беделді Ұйымның тамы­рына “қан жүгірт­ті”. Соның бір дә­лелі, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіп­сіз­дік, экономикалық және эколо­гия­лық мәселелер бірінші кезекке қойылды. – Бүгінгі таңда біз Қазақстан­ның төр­ағалық миссиясы сәтті өтуде деп санаймыз. Бұған нақты дәлел – ЕҚЫҰ-ның кеңістігін жа­уып тұрған Еуроат­ланти­ка­дағы атмос­фера жақсара бастады. Қазақ­станның арқасында ЕҚЫҰ-дағы біржақты логиканың қа­быр­ғасы “сөгі­ліп”, өзара теңдік пәлсапасы орнығып келеді, – деді Ресей Сырт­қы істер минис­трлігі жал­пы­еуропалық ынты­мақ­тас­тық депар­таментінің ди­рек­торы Вла­ди­мир Воронков. Ресейлік дипломаттың пі­кірінше, Қазақстан Прези­денті Нұр­сұл­тан Назар­баевтың “Еуро­атлан­ти­ка­лық және еуразия­лық қауіп­сіздік жүйесін құру” туралы идеясы Астана хартиясының негізі болуға лайықты. “Егер де НАТО, ҰҚШҰ және т.б. халық­аралық ұйымдардың бар екенін ескере отырып, біртұтас қауіпсіздік кеңістігі туралы айтатын болсақ, онда бұл құрылымдардың бар­лығы бір-бірімен үйлесіп жұмыс істеуі керек. Міне, осы тармақ ЕҚЫҰ Самми­тіндегі қорытынды құжатта көрініс табуы тиіс”, – деп атап өтті В.Воронков. Ал Юрий Солозобовтың айтуынша, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің өзі халықаралық саясат құралының түпкілікті өзгеретінін дәлелдеді. “Яғни, өркениеттердің қақтығысы деген тұжырымдама өткен шақта қалып, мүлдем басқа түсінік, басқа басым­дықтардың уақыты есік қағып тұр. Түптеп келгенде, Қазақстан насихаттап отырған идеологияны “тең­дік пәлсапасы” деп атауға болады. Қазірдің өзінде бұл иде­ология өз жемісін беруде”, – дейді ресейлік сарапшы. “Қазақстан ЕҚЫҰ-ның жаңа заманға бейімделуіне қазірдің өзінде көп еңбек сіңірді”, – дейді М. Ломоносов атындағы ММУ-дің поскеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерттеу жөніндегі ақ­параттық-сараптамалық орталықтың сарап­шысы Юлия Якушева. “Қазірдің өзінде Ұйым­ның үш “себетінің” аясындағы міндет­тер өзара тең болып бөлінді. ЕҚЫҰ-ның құрылымы жаңар­ты­лып, “кәрі құрлық” пен постке­ңестік мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынас жақсара түсті. Сондай-ақ, посткеңестік кеңістік­тегі ұзаққа созылған жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге сәтті қадамдар жасалды. Ең бастысы, Қазақстан­ның төрағалығы тұсында ауған мәселесін шешуге жаңа бетбұрыс жасалды. Бұлардың барлығы – алғашқы адымдар. Қазақ­стан жолсыз жерге жол салуда, міне, төрағалық­тың тізгінін ұстайтын келесі елдер осы жол­мен жүруі керек. Сонда ғана ЕҚЫҰ сияқты беделді құрылым түлеп-жаңарып, өсіп-өркендейді”, – дейді Ю.Якушева. Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.