27 Қазан, 2010

Шын жүректен шыққан сөз

987 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сөз киесін пір тұтқан қызылжарлық қарымды қалам иелері арасында Жақсыбай Самраттың есімі де құрметпен аталады. Ол бүгінде республикалық “Егемен Қазақстан” газетінде өнікті еңбек етіп жүр. Журналистика саласындағы шығармашылығы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығымен атап өтілді. “Мәдениет қайраткері” атанды. Жұртшылық оны жазушы ретінде де жақсы біледі. Ол өз оқырмандарына “Бітеу жара”, “Өзгеленді бұл ғалам” романдарын, “Тауағаш деген ел едік”, “Абылайдың ақ үйі” деректі туындыларын, “Күзде гүлдеген алмалар” әңгімелер жинағын ұсынған қаламгер. Жуырда Қызылжар қаласында Ж.Самраттың 50 жылдық мерейтойына орайластырылған шығармашылық кеш өтіп, облыстың мәдени өмірінде айшықты із қалдырды. Облыстық әкімдік ұйымдастырған салтанатты шараны “Қызылжар ақпарат” медиахолдингінің директоры, облыстық “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы Кәрібай Мұсырман ашып, жерлесіміздің шығармашылық жолын тартымды тілмен баяндап берді. Облыс әкімінің құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуандықов оқып, мерейтой иесіне шапан жапты. Республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев Отанымыздың бас басылымында жемісті жұмыс атқарып келе жатқан әріптесі жайлы жылы лебіз білдіріп, егемендіктер атынан сый-сияпат көрсетті. Есіл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Серік Сабыралин мен аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Шерияздановтың құрметі де ерекше болды. Олар қаламгерге Есіл ауданының құрметті азаматы атағы берілгенін айтып, төсбелгіні айрықша ықыласпен табыс етті. Парламент Мәжілісінің депутаттары Зейнолла Алшынбаев пен Жарасбай Сүлейменов Жақсыбай інілеріне халық қалаулыларының жүрекжарды ыстық лебіздерін жеткізсе, белгілі композитор Жоламан Тұрсынбаев, танымал ғалым, биология ғылымда­ры­ның докторы Әйіп Ысқақов, “Қазақ газеттері” ЖШС-нің Астанадағы өкілі, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, “Асыл мұра” қоғамының жетекшісі Таңат Сүгірбаев қаламгердің күрескерлік тұлғасы, ұлтжандылық болмысы жайлы толғана сыр шертті. Өмір ЕСҚАЛИ. Қызылжар.