29 Қазан, 2010

“Самұрық-Қазына”: Қарқынды даму қадамдары

430 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Электр энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын бекемдеуден көрініс табуда Жаһандық қаржы дағдарысы бір­сы­пыра елдердің бұған дейін пай­да­ла­ныл­май келген мүмкін­діктерді іздестіруге түрткі болғаны анық. Осы тұрғыдан ке­лгенде экономикалық әлеуеті өте-мөте ілкімді саналатын Қазақстанның екінші тынысы ашылатындығына еш таңдануға да болмас еді. Ендеше, елде 2020 жылға дейінгі дамудың Стратегиялық жоспары, Индустрия­лық-инновациялық қарқынды да­мудың мемлекеттік бағдарламасы қа­былдануы бұл орайдағы нақты қадам болып табылды. Әлбетте, экономи­ка­ның не­гізгі салаларын көтеруге қо­сымша, көлік және энергети­калық инфрақұ­ры­лымды дамытуға мән беріліп, оған үлкен көңіл бөлініп отырғандығы өте маңызды. Осы ара­да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолда­уын­да да “қар­қынды индустрия­ландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен тұрақты экономи­калық өсімге қол жеткізу” жөнінде тап­сырма бергендігін атап көр­сеткеніміз орынды. Айтар болсақ, электр энер­ге­тикасы саласында “Самұрық-Қа­зына” ұлттық әл-ауқат қоры дәс­түрлі энергетиканы одан әрі өріс­те­туді көздеп отыр. Ал, бұл са­ладағы бә­се­келі артықшылық­тардың бірі кө­мірдің, мұнай мен газдың елеулі қоры түріндегі энергетикалық және ми­нералдық ресурстардың арзан көз­дерін игеріп, игілікке жарату болмақ. Бұл реттегі жұмыстар орын-орнымен жолға қойылуда деп айта аламыз. Электр энергиясын өндіру жөніндегі жаңа қуаттарды құру ірі шетелдік компания­лармен тығыз әріптестік ынтымақ­тас­тық­пен жүр­гізіліп келеді. Мысалы, Samsung компаниясы Балқаш жылу-энер­ге­тикалық орталығының құрылысы жобасы бойынша Қордың әріптесі болып табылады. Сонымен бірге “Самұрық-Қазына” “Интер РАО ЕЭС”-пен және “Сыртқы Эконо­ми­калық Банкпен” бірлесе отырып Екібастұз ГРЭС-2-ні жаңалауды іске асыруда. Нақ осы арада Қор­дың басқарма төрағасы Қайрат Келім­бетовтің: “Қандай да бір ірі жобаға қызмет көрсетуші сала да соның айналасында жанданады. Демек, инвестиция, біздің Қордың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар экономикамызға жан-жақты тиімді болмақ” деген сөздерін еске салған артық болмас. Бір атап айтарлық жай, сонымен қатар “Самұрық-Қазына” қоры Индустриялық-инно­ва­циялық қарқынды даму жөніндегі мемлекеттік бағ­дарламаның бір басым бөлігі болып табы­ла­тын қайта жаңғыр­тылған электр энергетикасын өркендетуге белсенді қатысып отыр. Атап айт­қанда, Шарын өзе­ніндегі Мойнақ гидроэлектр стансасының құрылысы мен Шардара гидроэлектр стан­сасын жаңаландыру жобалары халық­аралық қаржы институт­тарымен бір жа­ғадан бас, бір жеңнен қол шығарған, бірлескен жемісті ынтымақтастықта іске асырылуда. Жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2015 жылға қарай өнді­рілетін электр энергиясының жалпы өсім көлемі 28 млрд. кВт-сағаттан астам болады деп күтілуде. Оның үстіне жаңғыртылған көздерде жұмыс істейтін станса­лардың белгіленген қуатты­лығының 15 пайызға арттырылуы жоспар­ланған. Сөйтіп, жалпы энергетика саласында ин­дус­триялық-инно­ва­циялық қарқынды дамудың мем­лекеттік бағдарламасына сәйкес 9 жо­баны қолға алып отырған “Самұрық-Қазына” елдің энер­­ге­ти­калық әлеуетінің нығая түсуіне айтарлықтай сүбелі үлес қоспақ. Ел экономикасын өркендетуге септесетін тағы бір ұстын – көлік инфрақұрылымы. Қазақстанның стратегиялық жағрапиялық жағдайы экспорттық мүмкіндіктер мен тран­зиттік әлеуетті жақсарту мақсатында көлік инфрақұрылымын дамыту қажеттігін алға тартады. Осы орайда қазіргі уақытта “Қазақстан темір жолы” ұлттық компа­ниясы” АҚ екі үлкен жобаны іске асырып, “Же­тіген-Қорғас” темір жол желісін және Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара жаңа темір жол желісін тарту жөніндегі құрылыс жұмыстарын атқаруда. Аталмыш жобалар елдің “Солтүстік-Оңтүстік” бағытындағы, сондай-ақ Батыс Қытайдан Ресейге және Батыс Еуропа елдеріне қарай транзиттік мүмкіндіктерін айтар­лық­тай жақсартпақ. Желінің өткізу қабілеттілігі экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдар көлемін жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Бұдан басқа, осынау жобаларды іске асыру Қазақстанның сауда тұрғысындағы әріп­тес­терімен бұрынғы көлік бай­ланыстарын едәуір оңтай­лан­ды­руға және жаңаларын түзілдіруге жақсы ал­ғышарттар жасайды. Мысалы, Жетіген-Қорғас темір жол желісі қазір жұмыс істеп тұрған Достық өткел-бекетімен қатар, көршілес елмен арадағы екінші шекаралық өткелді дамыту арқылы ҚХР мен Қазақстанның оңтүстік өңірлері және Ор­талық Азия елдері­мен арақашықтықты қыс­қар­туға сеп­тігін тигізбек. Өз кезегінде Өзен-Түр­кімен­стан­мен мемлекеттік шекара темір жол желісі отандық жүк жө­нел­тушілерді Ресей мен Қа­зақ­станды Иранмен, Түр­кіменстанмен, сондай-ақ Пар­сы шығанағы елдерімен жалғастыратын бала­ма­лы жол бағы­тымен қамтамасыз етуді қарастырған. Мінеки, осы айтылған темір жол же­лілері пайдалануға берілген кезде соның ықпалымен өңірлердің өркендеп дамыған сурет-келбетін кәдімгідей көзге елестетуге болады. Құрылыс барысында да, нысандар­ды қатарға қосу са­тыларында да қаншама жұмыс орындары жасақ­талады. Екі жоба бойынша да қазақстандық мазмұн үлесі 80 пайыздан асып түспекші. Көлік инфрақұрылымын да­мыту жөніндегі ынтымақтастықты жолға қою аясында “Қазақстан темір жолы” мен  Alstom және “Трансмашхолдинг” компа­ниялары арасында Қазақстан аумағында заманауи магистралдық электро­воздар шығару жөнінде, сондай-ақ Talgo компаниясымен жолаушылар вагондарын шығаратын бірлескен кәсіпорын құру жөнінде Меморан­думдарға қол қойылды. Бүгін таңда Қазақстандағы электров­оз­дар паркі 574 бірлікті құрайды екен. Ал олардың тозу деңгейі 75 пайыздың үстіне шық­қан. Сол себептен де “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-тың жаңа­лан­дыру бағдар­ла­масына сәйкес таяу жылдарда ұлттық компанияның 602 элек­тровоз алуы көз­делген. Ал ҚТЖ-ның вагондар паркі 5900 бірлікті құрайды. Олардың да тозу деңгейі жоғары. Бүгінде ағымдағы жетіспеушілік 7000 вагон шама­сында. Тек 2013 жылға дейін ғана тағы 14228 вагон бірлігі қатардан шығады деп жоспар­ланған. Міне, дәл осы жағдайда “Самұрық-Қа­зы­наның” көлік саласындағы мәшине жасау жобалары көмекке келіп, түйткілді жайдың шешімін тауып қана қоймай, сонымен қатар темір жол тасымалындағы қауіп­сіздік пен сапаны да қамтамасыз етпек. Осылайша “Самұрық-Қазына” ұлттық қорының электр энер­ге­тикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытатын жобалардағы ауқымды үлесі барынша тиімділікке бастап, өркендеу мүмкіндігімізді молайта бермек. Қорғанбек АМАНЖОЛ.