29 Қазан, 2010

Жәрмеңке атауы – “Соғым”

1507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өскемен мен Семейде осындай атаумен жәрмеңке апта сайын өтеді. Оны жүзеге асырған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев. Бұл игілікті іс өскемендіктердің көңілінен шықты “Соғым” деп аталатын жәр­меңке Өскеменде бірінші рет өт­­кі­зілді. Оның ерекшеліктері мынада. Қазақ халқының ұлттық тағамы қа­зы-қарта, жал-жая, жамбас, басқа да қонақ шақырған кезде таптыр­майтын ет өнімдері бұдан былай әр аптаның сенбісінде Өскемендегі “Дос-Нар” базарында саудаланатын болды. Базар басшысы Әлия Нарбекқызы Дос­тыбаеваның сөзіне құлақ салалық. – Қала тұрғындары бізге келген сайын ұлттық тағам қазы-қарта, жал-жаяны бір жерден сатып алуға мүмкіндік жоқ екенін, шошқа еті­мен бірге саудаланып тұрған кезде еріксізден бұрылып кететіні жайлы айтатын. Шынында да, Алматы немесе Астанадағыдай етті мүшелеп сатып, халықтың алғысына неге бөленбеске деген ой келді. Ең бас­тысы, облыстағы шаруа қож­а­­­лық­тары өздері өндірген өнімдерді осы жерде тегін саудалай алады. Ол үшін 60 орынды боса­тып бердік. Сау­да жасағаны тегін. Ұлттық та­ғам­дармен бірге балық, кө­көніс, нан және нан-тоқаш тағамдары да сатылады. Бұл шараны 23-ші қазан­нан 19-шы желтоқсанға дейін жал­ғас­ты­ру ойда бар, – дейді Әлия Нарбекқызы. Базардың бір бұрышын түгел алып жатқан қазы-қарта, жал-жая сатылып жатқан жерге келдік. Шынында да мұндағы баға арзан. Сауда орны тегін болған соң базар нарқы да төмендеп кеткен. Қазының бір килосы - 800-1500 теңге аралы­ғын­да. Қалауынша тұр­ғындар мү­шелеп ет сатып алуларына болады. Сауда жасаушылар ақ желең киген, санитарлық норма, тәртіп қатаң сақталған. Базар ауласында қо­жа­лық иелері өздері өсірген сарымсақ, кө­кө­ністі қызу сау­да­лауда. Бұл күні Өскемендегі Жамбыл атындағы дра­ма театрының әртістері өнер көрсетті. – Әркімнің кез келген азық-тү­лігін сатып алуға жағдай жасалғаны жақсы болды. Оның үстіне бағаның өсіп кетпеуі назарда. Мұнда дәрі­гер­лік барлық тәртіп сақталған. Бүгін қалалық мәслихаттың депутаттары Роза Мамырбаева, Михаил Мишин, қалалық аумақтық басқарма бас­ты­ғы Е. Количанова, тағы басқалар жәр­меңкеге келіп, халықтың сұра­ны­сын зерттеді. “Соғым” шарасы көп­шілікке ұнады, ендеше оны ой­лап тауып, жүзеге асырған қала­лық мәсли­хаттың депутаты, әріп­тесіміз Әлия Нарбекқызына ал­ғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деп ағынан жа­рыл­ды мәслихат де­путаты, қашан да тұрғындар сұ­ранысын қана­ғаттан­дыруда тыным таппай еңбек ететін Майраш Екібасова. Сөйтіп “Соғым” жәрмеңкесі көпшіліктің көңілінен шықты. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен. --------------------------- Суреттерді түсірген автор.