Қазірде еліміздің бірқатар қалалары мүгедектерге арналған әлеуметтік такси қызметін пайдалануда. Жуырда солардың қатарына Семей қаласы да қосылды. Әсел Тасмағамбетова тізгінін ұстап отырған “Сәби” жекеменшік қайрымдылық қоры осындағы аумақтық мүгедектер қоғамына шетелдік екі көлікті тегін сыйға тартты.
Бұл әлеуметтік такси бірінші және екінші топ мүгедектеріне, қимыл-қозғалыс аппараттарының функциялары бұзылған мүгедек балаларға, арнайы арбамен жүретін мүгедектер және оларды ертіп жүретін адамдарға қызмет ететін болады. Ал мұндағы олардың жалпы саны екі мыңға жуық. Енді оларды денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет-спорт шараларына, әлеуметтік және тұрмыстық қызмет көрсету нысандарына апарып келу осы әлеуметтік такси қызметіне жүктеліп отыр.
Айталық, “Көмек” қайырымдылық қауымдастығы жанынан мүгедек балаларға арналған орталық құрылған болатын. Онда 25 жеткіншек қолөнерімен шұғылданады дейді аталған қауымдастық президенті Қабыш Дүтбаев. Әлеуметтік такси қызметі болса енді сол жеткіншектердің біздің орталыққа келіп қайтуына септігін тигізбек.
Осы орайда мүгедек жандарға елеулі көмек болып табылатын бұл игі шараға қалалық әкімдік тарапынан зор қолдау болғандығын айта кеткеніміз жөн болар. Семейде жаңадан пайда болған әлеуметтік такси қызметінің тұсаукесер жиынында ата-аналар атынан сөз сөйлеген Гүләйім Байқадамова қала және әлеуметтік сала басшыларына шын жүректен алғыс сезімін білдірді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.