Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жексенбінің талма түсінде Астанада басталып, Еуропаның төрінде бейсенбінің бесінінде түйінін түйген Шенген аймағындағы екі ел – Бельгия мен Францияға жасаған бес күндік ресми сапары аяқталды. “Бұл барыстың басқадан бағы бөлек” демекші, шынында да бұл жолғы сапардың жөні бұрынғыларынан бөлегірек болды. Ол біздің ертеңге қол созған егемен еліміздің еңсесі тіктеле беруіне тікелей себепкер болатын сапарлардың біріне айналды.
Бұл сапар жөнінде Президент Француз Сыртқы және еуропалық істер жөніндегі министрлігінде өткен Париж хартиясының 20 жылдығына арналған конференциядан шыққан бойы ғимарат алаңында отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында берген брифингінде де атап өтті.
“Біз Брюссель мен Парижге жасаған сапарымызды аяқтап келеміз, – деді Мемлекет басшысы. – Екі елге сапар біздің еліміз үшін барынша маңызды және қажетті болды. Брюссельде Еуропа Одағымен әріптестікті ұзарту мен Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне қолдау алу жөнінде келісімге келдік. Мен осы күндері Париж хартиясының 20 жылдығын атап өтіп жатқан Францияға келуімнің тарихи мәні бар деп білемін”.
Қазақстан Республикасының Президенті Франция мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстың сапалық жаңа белеске шыққанын тілге тиек етті. “Біз екі елдің іскер адамдары арасында жалпы көлемі 2 миллиард долларды құрайтын экономикалық келісімдер жасалуына мұрындық болдық. Энергетикалық кешенде “Тоталь” компаниясымен құны 10 миллиард доллар болатын ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Ең бастысы, біз Францияда күн энергиясын пайдалану іспеттес қазіргі заманғы маңызды жобаны өзіміздің елде қолданатын болып барамыз”. Мемлекет басшысы осының орайында энергияның таусылмас көзі болып саналатын бұл салада да тиісті келісім жасалғанын ауызға алды. Елбасының пікірінше, күн батареясы Қазақстанды жаңа технологиялық деңгейге көтеретін болады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұдан әрі Қазақстан мен Франция арасында уран шикізатын кешенді өңдеп, сирек кездесетін металды ауыл шаруашылығы өндірісі өнімдерін өндіруге қолдану жөніндегі маңызды шешімге қол жеткізілгенін айтты. Сол сияқты Астанада электровоз зауытын салу жөнінде де өте бір тиімді шешім қабылданған. Біздің елімізде француз моделінің тікұшақтарын құрастырып, өндіріске шығару жайында да келісімге қол қойылды. Екі ел кәсіпорындары арасында республикамыздың индустриялық-инновациялық бағдарламасында қарастырылған жобаларға қатысу жөнінде де уағдаластыққа қол жеткізілді.
Елбасы бұдан кейін екі елге сапар барысында да алдағы желтоқсан айының басында Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның Саммитіне қызығушылық деңгейі өте жоғары болып отырғанын айтты. “Еуропа лидерлері бұл Саммитті біздің еліміздің жоғары деңгейде өткізе алатынына сенім білдіріп отыр, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы осы орайда. – Ал біз оны сол деңгейде өткізетін боламыз”.
Енді осы сапар бағдарламасына аздап шолу жасап өтейік. Ол бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 24 қазан күні кешке Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-министрі Жан-Клод Юнкермен кездесуінен басталды. Ал Бельгия жеріндегі бірінші ресми кездесу 25 қазан күні түске таяу Еуропа Кеңесінің президенті Херман ван Ромпеймен өтті. Бұл жүздесу жоғарыда аталған екі өзекті мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Кеңес президенті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында жасаған мәлімдемесінде Қазақстан мемлекетінің басшысын қатты құрмет тұтатынын ашып айтты. Ол біздің Елбасымен биылғы сәуірдегі кездесуде бастау алған сыйластықтың одан әрі тереңдей түскенін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы он жыл екі жақты байланыстың едәуір нығаюына қызмет еткен. Саудадан бастап, энергетика мен қоршаған ортаны қорғауға, ғылыми-зерттеулерге дейінгі аралықта көптеген тиімді қарым-қатынас қолға алынған. Ол екі арадағы ынтымақтастық келісімінің 2009 жылы жаңарғанын айта келіп, қазіргі күннің толғандырар халықаралық мәселелері жөнінде де Нұрсұлтан Назарбаевпен пікірлері үндес шыққанын білдірді. Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы іргелі мемлекет, сондықтан бұл ел осы аймақтағы ахуалға да жауапты. Ирандағы ядролық бағдарлама да бірлесіп ойласатын мәселе болуға тиіс. Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде осының бәріне араласуға тура келеді. Еуропа Кеңесінің президенті осындай ойларға қазық байлады.
Кездесуде Қазақстанда жүзеге асып жатқан “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы мен Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі Стратегиясы шеңберінде Еуроодақпен өзара үйлескен іс-қимыл жасасудың мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл ынтымақтастықтың басым бағыттарына аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жалпы қауіп-қатерлерге байланысты бірлесе әрекет жасасу жатады. Сауда және инвестиция, энергетика және көлік, білім және ғылым, қоршаған ортаны қорғау салаларында өзара ынтымақтастық арнасы кеңейе түспек. Сонымен қатар шикізаттық емес салаларды дамыту мен Қазақстанның инфрақұрылымын модернизациялау аясындағы ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлінді. Келіссөзде халықаралық саясат мәселесіне қатты назар аударылды. Олардың қатарында халықаралық қауіпсіздік тақырыбы, Ауғанстан проблемасы, Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты Орталық Азиядағы жағдайдың өріс алуы, сондай-ақ жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың зардаптарын жою мәселелері бар.
Қазақстан Президентінің НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенмен кездесуі барысында Қазақстан мен НАТО арасындағы қызметтестіктің қазіргі ахуалы мен келешегі, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері ортақ әңгіменің арқауы болды. Осы әңгіменің негізінде Қазақстанның НАТО жанындағы Әскери өкілі тағайындалды. Қазақстан Ауғанстандағы халықаралық күштерге жүк жеткізу үшін әуе және темір жол дәлізін ұсынады. Сонымен қатар біздің әскери қызметкерлеріміз халықаралық күштер штабында оқып-үйрену үшін жіберілетін болып шешілді. Кездесудің тағы бір нәтижесі, НАТО-ның таяуда Лиссабонда өтетін саммитіне Қазақстаннан делегация қатыстырылатын болды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев осыдан кейін Еуропа Инвестиция банкінің президенті Филипп Майштадтпен кездесті. Банк төрағасы биылғы шілдеде Астанада болған сапарында Қазақстанға жалпы сомасы 1,5 млрд., жыл соңына дейін 100 млн. еуро көлемінде несие беретін болып қайтқан еді. Бұл жолы сол келісімнің айшықтары анықталып, үш жақты Меморандум дүниеге келді. Бұл маңызды құжатқа “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” акционерлік қоғамы, Қазақстанның Даму банкісі және Еуропа Инвестициялық банкісі басшылары қол қойды.
Ал кешке қарай Елбасы Бельгияның Премьер-министрінің міндетін атқарушы Ив Летерммен жолығу нәтижесінде екіжақты үш түрлі құжатқа қол қою рәсімі болып өтті. Олар “ҚР Республикалық бюджетінің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен Бельгия Корольдігі аудиторлық сотының арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім”, “Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Бельгия Корольдігі кеден және акциздердің федералды қаржы қызметі әкімшілігі арасындағы Өзара сауда жөніндегі статистикалық мәліметтер алмасу туралы меморандум” және “ҚР Ұлттық ядролық орталығы, “Қазатомөнеркәсіп” Ұлттық компаниясы және Бельгия ядролық зерттеу орталығы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум” деп аталады. Кездесудің қорытындысында сондай-ақ екі жақты сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін Қазақстан-Бельгия Іскерлік кеңесін құру туралы келісім жасалды. Мемлекет басшысының Бельгия Королі Альберт Екіншімен кездесуінде осында келісілген келісімдерге сәйкес екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту тетіктері талқыланды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігіне ресми сапарының екінші күні, 26 қазанда Брюссельдегі медициналық орталықты аралап көрді. Онда да біздің еліміздің денсаулық сақтау саласы алатын озат тәжірибелер аз емес екен. Дегенмен, бұл күннің басты кездесуі Еуропа Комиссиясының президенті Жозе Мануэл Баррозумен өтті. Оның алдында Қазақстан Статистика агенттігі мен Еуропа Комиссиясы арасында Статистикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Елбасының 27 қазанда басталған Франция Республикасына ресми сапары негізінен төрт іргелі кездесуден құралды. Олардың біріншісі “Ритц” отелінде өткен қазақ-француз бизнес-форумы болса, екіншісі, әлбетте, Франция Президенті Николя Саркозимен, үшіншісі Премьер-министр Франсуа Фийонмен кездесу болды. Содан соң Париж хартиясының 20 жылдығы кең ауқымда аталып өтті. Бұларда қандай мәселелер талқыланып, нендей шешімдер қабылданғанын жоғарыда Президенттің брифингінде айтылып өткендіктен, сол сияқты кешегі материалымызда барынша жан-жақты айтып бергендіктен, қайта тоқталып жатқанды жөн көрмедік.
Бір сөзбен айтқанда, Елбасының аталмыш екі елге сапарының қорытындысы күткендегіден де асып түсті.
Серік ПІРНАЗАР, “Егемен Қазақстан” – Парижден.