653 100 000 000
Облыстық статистика департаментінің деректері бойынша, өңірде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында осыншама теңгеге жетіп, 2009 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,3 пайызға өсті
Осы кезеңде кен өндіру өнеркәсібі тұрақты жұмыс істеп, ондағы өнеркәсіп өндірісінің индексі 106,7 пайыз болды. Мұнай өндіру көлемі өткен жылдың осы кезеңдегі деңгейімен салыстырғанда 2,1 пайызға өсіп, 5950,2 мың тоннаны құрады. Мыс кенін өндіру 47,4 пайызға, хром — 13 пайызға, хром концентраттары 2,6 пайызға артқан.
Өндірістің елеулі өсімі өңдеу өнеркәсібінде қалыптасып отыр, яғни бұл көрсеткіш 46,1 пайызды құрайды. Химия өнеркәсібінде 3,3 есе өсім болса, мәшине жасау мен металлургия өнеркәсібінде де елеулі ілгерілеушіліктер бар. Ет, ұн, сүт, өсімдік майы өндірісі, феррохром, хром ангидридін, хром қышқылын, натрий бихроматын және тағы басқа өнімдерді шығару көлемі өсті. Электрмен қамтамасыз ету, газ, бу және ауамен баптау саласында нақты көлем индексі 126,5 пайыз құраса, электр энергиясын өндіру көлемі 23,7 пайызға, жылу энергиясын өндіру 6,9 пайызға өскен.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.
______________
85 000 000
тауар өндірушілер жәрмеңкеде алматылық тұтынушыларға осыншама теңгенің азық-түлігін саудалады
Қалалықтар мен ауылдағы тауар өндірушілер арасындағы байланыстың қалыптасқанына да біраз жыл болды. Алматылықтар сенбі, жексенбіде жәрмеңкеден арзан бағаға қажетті азық-түлік тауарларын алып, қысқа қор жинауда. Жәрмеңкеге Жетісу жеріндегі шаруа қожалықтары мен диқан қауымы өздерінің жаз бойы төккен терлерінің өтеуі – өнімдерін шығарып, екі арада делдалсыз сауда жүйесі қыза түскен.
Өнеркәсібінің өркендеуімен ерекшеленген Іле ауданының тауар өндірушілері өткен жылы алматылықтарға 54 млн. теңгенің азық-түлігі мен бақша, көкөніс түрлерін саудалаған еді. Ағымдағы жылы оларға бөлінген “Қазақфильм” шағын ауданындағы тұтынушыларға арнап, 30 мәрте жәрмеңке ұйымдастырып, ет пен сүт, шұжық, нан өнімдері мен көкөніс түрлерін әкеліп, тұтынушылардың алғысына бөленді. Баға базардағыдан едәуір төмен, сапасы жоғары.
Биылғы жәрмеңкеде жолдары болған ілелік тауар өндірушілер тұтынушыға 85 млн. теңгенің азық-түлігін ұсынып, қала мен ауыл арасындағы байланысты жақсарта түсті.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
______________
5 690
“Жол картасы” шеңберінде облыста осынша жұмыс орны ашылды
“Жол картасы” шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар тәжірибесін ұйымдастыру бағдарламасын кеңейту бағыты бойынша жыл басынан бері жоспардағы 4500-дің орнына 5690 адам нәпақасын табатын жұмысқа орналасты.
Бұл үшін облыста жан-жақты жұмыстар жүргізілді. Әсіресе, кәсіпорындармен, шаруашылықтармен, мекемелермен келісім-шарт жасалды. Оларда әлеуметтік жұмыс орындары ашылды. Жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша алғашқы еңбек жолын бастады.
Облыс бойынша ең жоғары еңбекақы Рудный қаласында, ал өндірісі, қаулаған кәсіпорны жоқ ауылдар бұл жөнінен әлі артта қалып отыр.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай облысы.