28 қазан күні Түркия Президентінің Анкарадағы “Чанкая” сарайында Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлге Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев Сенім грамотасын тапсырды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Сенім грамотасы тапсырылған соң елші мен Түркия Президентінің арасында болған сұхбат барысында А.Гүл Қазақстан-Түркия қатынастарының қазіргі жай-күйіне жоғары баға берді, түрік басшылығының Қазақстан мен Түркияның екіжақты және халықаралық мәселелердің кең ауқымы бойынша одан әрі өзара іс-қимылдарына деген ұмтылысын қуаттады.
Түрік мемлекетінің басшысы Түркияның бауырлас Қазақстанның барлық бастамаларын қолдайтынын, біздің еліміздің жетістіктеріне қуанатындығын және мақтан тұтатынын атап өтті. Бұл орайда ол тағы да өзінің Астанада үстіміздегі жылғы 1-2 желтоқсанда өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қатысатындығын растады.
Ж.Түймебаев Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ең ізгі тілектерін жеткізе отырып, бүгінгі таңдағы Қазақстан-Түркия қатынастарының күн тәртібінде тұрған, соның ішінде көпжақты саяси ынтымақтастық, сауда-экономикалық, көлік-коммуникация және инвестиция слалаларындағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы бірлескен ірі жобалар екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы елеулі үдерісті және Қазақстан-Түркия қатынастарының сапалы жаңа деңгейге көтерілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты. Ж.Түймебаев соңғы 2 жылда 6 реттен астам кездескен екі ел басшылығының ең жоғары және жоғары деңгейлердегі тығыз байланыстарының қарқындылығына тоқталды.
Ж.Түймебаев Президент А.Гүлге жылы қабылдауы үшін алғысын білдірді және Қазақстан-Түркия қатынастарының одан әрі де стратегиялық әріптестік рухында дамуы үшін барлық күш-жігерін жұмылдыратынына сендірді. Сұхбат соңында А.Гүл Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа өзінің ізгі тілектерін жеткізді және Қазақстанның Түркиядағы жаңа елшісіне табыстар тіледі.
Осы күні Қазақстан елшісі Сенім грамотасының көшірмелерін Түрік Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ф.Жейланға да тапсырды.