Бурабайда Қазақстандағы орман әлемін зерттеушілер мен табиғат жанашырларының “Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың қазіргі жағдайы және оның даму болашағы” атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті. “Бурабай” мемлекеттік ұлттық табиғат паркі мен Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған шара табиғат паркінің 10 жылдығына, осындағы табиғат мұражайының 50 және қазақтың тұңғыш ғалым-орманшысы, ҚР ҰҒА академигі Тайжан Тоқмұрзиннің 80 жылдығына арналды.
Конференцияны Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев құттықтау сөзбен ашты. Одан кейін “Бурабай” МҰТП директоры Әліби Ғазиз, ҚР ҰҒА академигі Сәбит Байзақов, АШҒА академигі, “ҚазНИИЛХ” ЖШС директоры Болат Мұқанов, ҚР ҰҒА академигі, Лениндік сыйлықтың лауреаты Эрвин Госсен, “Көкше” академиясының кафедра меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы Әбілжан Құсайынов күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасап, олар бойынша қызу талқылау ұйымдастырылды.
Республикамыздың ерекше қорғалатын табиғи аймағы жүйесіне қосылатын “Бурабай” мемлекеттік ұлттық табиғат паркі табиғатты қорғау және ғылыми мекеме ретінде кең аумақты қызмет атқаруда. Қазір оның көлемі, қорғаныштық аймақтарды қосып есептегенде, 450 мың гектарға жетеді.
Осынау он жыл ішінде ұлттық паркте көптеген жұмыстар атқарылды. Әсіресе, Елбасының тапсырмасымен Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2007-2010 жылдарға арналған бағдарламасы қабылдануы қызмет өрісін кеңейте түсті. Туристік инфрақұрылым заманалық талаптар деңгейінде нығайтылып, Абылай хан экспозициялық кешені, ақпараттық және туристік қызметті үйлестіретін “Визит орталық” ашылып, алты гектарды алып жатқан өндірістік кәсіпорын құрылысы аяқталып келеді. Ұжым ғалымдары мен орманшылардың күшімен 282 гектар өрт шалған алқап қалпына келтірілді. Өндірістік питомникте жыл сайын 5 миллион дана көшет пен 3 миллион дана себу материалы дайындалуда. Биыл “Астана-Бурабай” автобанының Бұланды аймағында ғана 4800 түп ағаш көшеті отырғызылыпты. Конференцияда ерекше қорғалатын аймақтағы өскіндер мен аңдарды қорғау ісін дамытуға бағытталған құнды пікірлер айтылып, “Бурабай” паркінің электронды басқару жүйесін таныстыру рәсімі өткізілді.
Республикалық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар “Бурабай” МҰТП табиғат мұражайын айрықша ықыласпен аралап көрді. Ол 1960 жылы Қазақ КСР орман шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері Николай Черепановтың басшылығымен құрылған болатын. Жарты ғасырлық қажырлы еңбектің жемісі ретінде мұнда өсімдік әлемінің сирек түрлері жайқалып тұрғанын, “Қызыл кітапқа” енген аңдар мен құстардың мекендейтінін айту қажет. Әсіресе, соңғы үш жылда 7 қонжықтың дүниеге келуі ерекше оқиға. Мұражайды жыл сайын 70 мың адам тамашалайды екен. Ғылыми және танымдық әлеуеті жоғары орталықтың материалдық-техникалық жабдықталуы жақсартыла бермек.
Қазақстан орманшыларының басқосуы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, әйгілі ғалым Тайжан Тоқмұрзиннің 80 жылдығына құрмет көрсетуге ұласуы да толғанысты ойларға бастайды. ҚР ҰҒА академигі Сәбит Байзақов мерейтойлық баяндама жасаса, профессорлар Серго Ысқақов пен Жұмабай Шоманов айтулы тұлғаның қызметі мен өмір жолдарынан әңгіме өрбітті. Көкшелік академиктің бастамасымен Қазақстанның орман шаруашылығын қалыптастыру және оны кешенді пайдаланудың мектебі қалыптасты. Тайжан Хамитұлы орман әлемін зерттеу мен өнімділігін арттырудың биологиялық технологиясын, ағашты пайдаланудың отыздан астам әдістемесін жасап шыққан бірден-бір ғалым. Оның басшылығымен 13 ғылым докторы мен кандидаты даярланды. Ғалым 90 монографиялық еңбектің авторы.
Конференцияның ұйымдастыру комитетіне келіп түскен материалдар арнайы ғылыми жинақ болып жарық көретін болды.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы, Бурабай ауданы.