02 Қараша, 2010

Бүлдіршіндер Азиаданы қалай көзге елестетеді?

553 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Облыс орталығындағы “Бура­бай” әмбебап спорт кешенінде елімізде өтетін VІІ Қысқы Азия ойындары қарсаңында “Азия ой­ын­дары балалар көзімен” атты об­лыстық байқаудың жеңімпаз­да­рын марапаттау рәсімі өткізілді. Байқауға 6-12 жас аралығындағы балалардың жүзге тарта еңбегі ұсынылып, олар негізгі үш аталым бойынша сарапқа салынды. Көрме залдарын он күн бойы аралаған сансыз көрермен балалар қиялының кең көкжиегіне саяхат жасап, олардың елімізде алғаш рет өтетін додадан жеңіс күтер арман-үміт әлеміне қайран қалғаны анық. Қазылар алқасы да озып шыққандарға орын белгілеудің қиынға түскенін айтады. Әйткенмен, жеңімпазсыз жарыс болмайды. Сөйтіп, “Үздік сурет” аталымында Көкшетау көркемсурет мектебінің оқушысы Ангелина Шауберт, “Үздік кескіндеме” бойынша ақмолалық Ділназ Рахматуллина мен астаналық Бибіфатима Тасымова, “Үздік коллаж” сынында көкшелік Олеся Князева мен Астана қаласындағы дарынды балалар мектеп-интернатының өкілі Аяулым Уәлихан жүлде төріне көтерілді. Жеңімпаздар мен байқауға қатысушыларды “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы, облыстық туризм және спорт, білім беру басқармаларының өкілдері дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.