Үш жүз мыңнан астам халқы бар Семейде қалалық денсаулық сақтау бөлімінің таратылғанына екі-үш жыл болып қалды. Ал оның қандай қажеттіліктен туындағанын ешкім дөп басып айта алмайды. Қалай болғанда да бұл шешімнен кейін мұнда бәрі жақсы болып кетті дегенге сену қиын. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары деңгейіндегі шағын штат барлық мәселеге бақылау жасай алмайтындығы және шындық.
Соның айғағындай, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жоғарыдағы тиісті орындарға Семейден сапасыз медициналық қызметке наразылық ретінде қырыққа жуық хат түскен көрінеді. Оларда қаладағы медицина саласындағы түрлі кемшіліктер атап көрсетілген. Ал былайғы жұртшылық аузынан естіліп қалып жататын өкпе-реніштер мұның сыртында.
Әрине, қиын саланың өзіне тән қиыншылықтары қай кезде болмасын кезігіп жататыны рас. Солай дей тұрғанмен, өткен жылғы аккредитация қорытындысымен қаладағы бірқатар емдеу орындарының қызмет көрсету құқығынан айырылып тынғаны көп нәрсені аңғартса керек. Айталық, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында емдеу мекемелерінде облыс бойынша мыңнан астам адам қайтыс болған. Өз сөзіне жауап бере алатын маман басшылардың мәлімдеуінше, дұрыс ем қолданған жағдайда соның ең кемі алпыстан астамын аман алып қалуға мүмкіндік болыпты. Сондай мүмкіндіктің біршамасын семейлік дәрігерлер де пайдалана алмаған. Адам өмірінен асқан қымбат қазына жоқ десек, бір адамның өмірін сақтап қалудың өзі неге тұрады!
Қазірде Семей қаласында да емдеу мекемелерін аккредитациялау жүріп жатыр. Қаладағы елуге жуық емдеу мекемелерінің тең жартысы бұл сынақтан өтіп үлгерді. Түпкілікті нәтиже жыл соңына қарай белгілі болады. Барлық талапқа сай емдеу мекемелеріне алдағы үш жылға қызметін жалғастыруға кепілдік берілмек. Солайша сынақ әрі қарай жалғасуда.
Осы орайда біздің негізгі әңгімеміз бұл емес екендігін қайталап айтамыз. Семей қаласында тіпті ауыл шаруашылығы бөлімі жұмыс істеп тұрғанда денсаулық сақтау бөлімінің болмауы, меніңше ақылға сыймайды. Рас, қалаға қарасты ауылдық округтер болған соң ауыл шаруашылығы бөлімі де керек-ақ шығар. Бірақ мұнда денсаулық сақтау бөлімі артықтық етеді деп кім айта алады? Әрі-беріден соң енді осында қалалық білім беру бөлімінің болмауын көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Ал бұған тиісті орындардың айтар уәжі қандай екен?
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей