02 Қараша, 2010

Екі ел қарым-қатынастарындағы ұлы күн

403 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Екі миллиард еуро инвести­ция­лар, технологиялар трансферті туралы уағдаластық және ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне қолдау. Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркозидің Париждегі кездесуінің басты қорытынды­лары, міне, осылар. Францияның Сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы оны Астана мен Париж қарым-қа­ты­настарындағы ұлы күн деп ата­ды. Бүгінде Франция Қазақстан­ның индустриялық-инновациялық саясаттағы шешуші шетелдік әріптестерінің біріне айналды. Қазақстан Президентінің сапа­ры Францияның саяси және іскер топтары тарапынан кең көлемді резонанс туғызды. Жак Меркерон-Викат­­ – “Викат” компаниясының президенті: – Қазақстандағы, Жамбыл облы­сындағы біздің жаңа зауыт – Нұрсұлтан Назарбаев пен Ни­коля Саркозидің табысты келіс­сөз­дерінің нәтижесі. Біздің кәсіп­орында 400-ден астам қазақстан­дық өздеріне жұмыс тапты. Олар­дың бәрі оқытылды. Зауыттың сыртында біз зауыт жұмыскерлері үшін бүтіндей қалашық тұрғыз­дық. Ол жобаға біз 280 миллион доллар салдық. Лутс Бертлинг – “Еврокоптер” компаниясының президенті: – Мен Қазақстанды өте тар­тым­ды рынок деп санаймын. Со­нымен бірге біз сіздің респуб­ли­ка­ны бүкіл өңірде жұмыс істеу үшін плацдарм ре­тінде қарастырамыз. Біздің ком­пания Қазақстанда қа­зір­гі заманғы тікұшақтар шығара­тын болады. Уағдаластық қазірдің өзінде бар. Анна Ловержон – “Арева” компаниясының президенті: – Қазақстанда өте жақсы ин­вес­тициялық ахуал бар. Біз Қа­зақ­станмен 15 жылдан бері қызметтес бо­лып келеміз. Біздің жаңа келісім Қазақстанда жылу бөлетін құралдар өндірісі жөніндегі зауыт салуды қарастырады. Даразон – “Сеис” компания­сы­ның президенті: – Қазақстан өте тартымды ел. Мен сіздің республиканың ең басты байлығы тіпті ресурстар да емес, “сұр заттар” деп есептеймін. Сіз­дерде өте талантты да күшті ядрошы-ғалымдар бар. Париж хартиясының 20 жыл­ды­ғына арналған халықаралық конференцияда оған қатысу­шы­лардың бәрі ЕҚЫҰ-ның алдағы Астана Саммитінің жаһандық кө­кей­кестілігін атап көрсетті. Бернар Кушнер – Францияның сырт­қы және еуропалық істер министрі: – ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті Еуропаның көптеген проблема­ла­рын шешуге серпін бере алады. Сондықтан Қазақстандағы үлкен кездесу – ол тамаша идея. Мен Нұр­сұлтан Назарбаевтың басшы­лы­ғымен ЕҚЫҰ елдеріне Париж хартиясының шешуші бағыттарын жүзеге асыруда прогреске қол жет­кізудің сәті түсетініне күмән­данбаймын. Валери Жискар д'Эстен–Францияның экс-президенті: – Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналды. Бұл ЕҚЫҰ-ға басшылық жасап отыр­ған бірінші посткеңестік мемлекет. Сіздің елдің ашықтық пен бейбіт дипломатияға ұмтылысы жаңа жемістер әкелуде. Ұлтаралық толеранттылықты нығайтудағы және ұжымдық қауіпсіздік жүйесін күшейтудегі сіздердің рөліңіз ең бір жоғары бағалауларға лайық. Мен ЕҚЫҰ саммиті идеясын толық қолдаймын. Ролан Дюма – Францияның экс-сыртқы істер министрі: – ЕҚЫҰ-ның Астанадағы ал­дағы саммиті өте маңызды болмақ. Өйткені Париж хартиясы өзінің көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Назарбаев мырзаның қолдауымен бұл ұйым жаңа өмір лебімен ты­ныстады. Ганс-Дитрих Геншер–ГФР-дің экс-сыртқы істер министрі: – Сіздердің ЕҚЫҰ-ны дамыту үдерісінде шешуші рөл атқара ала­тындарыңызға біз сенеміз. Қазақ­стан Президентінің жеке тұл­ға­сының арқасында ғана біз ұйымды алға бастырып, қызметтестіктің жаңа принциптерін белгілей аламыз. Париж конференциясында Қа­зақстан басшылығындағы ЕҚЫҰ қызметі басты назарда болды. Еуро­паның жетекші саясаткерлері біздің еліміздің Президентінің сыртқы және ішкі саясатын жоғары бағалады. Кристиан Понселе–Франция Сенатының экс-төрағасы: – Қазақстан Президенті өзін кемеңгер адам ретінде көрсетті. Онда көшбастаушылық талант бар. Ол оған көп ұлтты қоғамда бірлік пен өркендеуге қол жеткізуге кө­мектесті. Ол бүгінде Қазақстанның халықаралық табысының басты факторы болып отыр. Эмери де Монтескью – сенатор: – Президент Назарбаев бү­кіләлемдік мойындауға қол жет­кіз­ді. Ол Батыс пен Шығыс арасын­дағы қарым-қатынастарда шешуші рөл атқара алады. Оның сыртында Қырғызстандағы дағдарыс кезінде Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі дау-жанжалдарды қалайша бейбіт және тиімді жолмен реттеуге бола­тынын бүкіл әлемге көрсетті. Андре Дюле – сенатор: Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ саммитін ұйымдастырудың орайын келтіруі біздің бәріміз үшін күтпеген тосын жаңалық болды. Бұл табыс шынайы таңғалыс сезімін тудырады.