03 Қараша, 2010

Түсіндіру жұмыстары қарқынды

392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Президенттің үдемелі индус­трия­лық және инновациялық даму бағдарламасы“Нұр Отан” ХДП-ның басты назарында. Нұротан­дық­тар осы ауқымды бағдарла­ма­ның басымдықтары мен негізгі бағыттарын түсіндіру жұмыстарын қарқынды жалғастыруда. Аймақ­тарда, өндіріс орындарында түрлі кез­десулер өткізіліп, экономиканы жедел индустрияландырудың Қазақстанның болашағы үшін қаншалықты маңызды екені кеңінен түсіндірілуде. Дәл осы тақырып 2 қарашада өткен “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің Локомотив құрастыру зауыты жұмысшы­лары­мен кездесуіне арқау болды. Алғашқы қазақстандық тепловоз өткен жылдың желтоқсан айында құрастырылған еді. Мамандардың айтуынша, аталған локомотивтің техникалық мүмкіндігі қазіргі қолданыстағы машиналардан бірнеше есеге артық. Үстіміздегі жылы 32 локомотив құрастыру көзделген. Ал жалпы зауытта жылына 100 тепловоз шығару жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның қажеттілігін толықтай қанағаттандырып қана қоймай, алыс, жақын шетелдерге де шығаруға мүмкіндік береді. Өндірістің негізгі цехында өткен кездесуде Нұрлан Нығ­матулин бағдарламаның басым бағыттары туралы айта келіп, оның еліміз экономикасын дамытудағы маңызды рөліне тоқталды. “Елбасымыздың инновациялық-индустриялық бағ­дарламасы – бұл еліміздің даму жолындағы ерекше кезең. Осы бағдарламаның арқасында Қазақстанымыздың әрбір азаматы үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, заманға сай ірі өн­дірістік жобалар қолға алынады. Бұл – өте үлкен жетістік. Мұны тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихындағы ең табысты уақыт деуге болады”, – деп атап өтті “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. Жұмысшылар бағдарламаны одан әрі жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды дамыту жолында атқарылып жатқан шаралар төңірегінде әңгіме қозғады. Бағдарламаны түсіндіру жалғасуда, бұл жұмыста партия ең алдымен аймақтарға баса назар аударып отыр, деп хабарлады “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының баспасөз орталығы.