“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының, облыстық ішкі саясат басқармасы мен жастар саясаты орталығының ұйымдастыруымен өткен жастар слеті осылай аталды.
Қазыналы түбектің барлық елді мекендерінің 600-ден астам өкілдері қатысқан облыстық жастар слетінің бағдарламасы сан алуандығымен қатар терең мәнділігімен де мәнерленді. Слетке қатысушылар өздерінің тәуелсіздіктің арайлы ақ таңын аңсаған ата-бабалардың арманына қол жеткізген бақытты ұрпақ екендіктерін мақтан етіп, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында толағай табыстарды тасқындатып, тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсуге аянбай жұмыс жасайтындықтарын білдірді. Егемендік жолында еңбек сіңірген қайраткерлер ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, біраз қайырымдылық шараларын жасады.
Жастарды игі шаралармен құттықтаған облыс әкімі Қ.Көшербаев Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың күш-жігерімен Қазақстанның әлем мойындаған әлеуетті ел болғандығын тілге тиек етті. Одан соң осы слет аясында “Жас тұлпар” жастар байқауының осы жылғы жеңімпаздарын марапаттады. Салтанатты шерулерін “Елбасымен біргеміз, берік болсын іргеміз”, “Бізді біріктіретін бір Отан, бір тағдыр, бір Көшбасшы” деген ұрандармен бастаған жастардың басқосуы желтоқсанның 1-2 күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының саммиті қарсаңында ел мен Елбасының мерейін үстемелеп, жастарды бірлікке, татулыққа, жасампаздыққа шақырған игі шара болды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.