Оңтүстікте ел иесі, жер иесі Пір Бекетке арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті
“Біз жоқ іздеген халықпыз”, деген екен Ахаң, қазақтың заңғар ұлдарының бірі Ахмет Байтұрсынов. Жоқ іздеу деген қырға шығып кеткен малыңды емес, тарихыңды түп-тұқияныңнан бастап түгендеп, асылдарыңның қадіріне жету арқылы олардың ақыл-ойынан молыққан толыққанды мемлекет болу, мемлекетшіл болу дегенге саяды. Ал ол – бір жылдың, жүз жылдың емес, мыңдаған жылдардың еншісіндегі шаруа.
Алаштың ардақты ұлдары бір өңірдің, бір облыстың иелігінде емес, бар қазақ баласына ортақ болуы керек. Осы ой алтын арқау боп таратылған шараның бірі Оңтүстік Қазақстандағы басқосу дер едік. Атап айтқанда киелі Маңғыстаудың Оғыланды шыңында жатқан Пір Бекет Мырзағұлұлының 260 жылдық торқалы тойы Оңтүстікте “Ел иесі, жер иесі – Пір Бекет” деген атпен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға ұласты. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігі бірге ұйымдастырған осы шара Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрында өтті.
Пір Бекетке ұстаз болған Қожа Ахмет Ясауидың мәңгі дамылдаған өлкесіндегі осынау іске мұрындық болған азамат – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген заңгер, заң ғылымдарының докторы, профессор, “Жеті Жарғы және Қожаберген жырау” қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев. Бекеңді қазақ жұрты қабырғалы азаматым деп біледі. Оңтүстікте туып өсіп, азамат болып қалыптасып, Солтүстік Қазақстан облысында қазақ тарихының жоқшысы болып, әділетсіздіктерді қалпына келтіруге, елдің өшкенін жандыруға қызмет істеп жүргенін және жақсы біледі.
Мерейтойға қатысушылар алғашқы күні Шымкент қаласының көрікті жерлерін тамашалап, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи, Бәйдібек баба, Домалақ ана, Қарабура, Баба түкті Шашты Әзіз әулиелер кесенелеріне зиярат етіп қайтты. Келесі күні қонақтар “Пір Бекет Ата” атты тарихи-мәдени фотогалерея және деректі фильммен танысқаннан кейін конференция өз жұмысын бастады. Жиырмаға тарта ғылым докторы, алты академик, он Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, зиялы қауым өкілдері қатысқан халықаралық конференцияның беташар сөзін Бекет Тұрғараев айтты.
Тәуелсіздікке дейінгі аралықта халқымыздың аумалы-төкпелі тағдыры, арманы мен аңсары, арпалысқа толы күресі жатыр, – деді ол. Мұның бәрі ұмытуға болмайтын төл тарихымыздың қастерлі беттері, қасіретті тағдыры. Тәуелсіз мемлекетімізді төрткүл дүние танып, тарихымызды түгендеп жатқан кезінде, еліміздің бостандығы мен береке-бірлігін әлімсақтан ойлаған баһадүр бабаларымыздың есімдерін, қадір-қасиетке толы өмір жолдарын бүгінгі жас буынның біліп өсуі парыз.
Ғасырлар бойы халқымыз арман еткен егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздіктің туы тиген еліміз ұлан байтақ жердің толыққанды иесі атанып, ежелден қалған ұлы істердің, іргелі мемлекеттің заңды мұрагері болып отырған шақта, тарих қойнауында аты беймәлім болып қалып бара жатқан тұлғалардың есімдері әйгіленіп, тарихта алар орны зерттеліп, зерделенуде. Кәрі Каспийдің жағасындағы 362 әулие мекендеген аймақты “аспан астындағы мұражай” деп бекерге айтпайды екен, қайда барсаң да тарихтың ізі сайрап жатыр. Облыс орталығынан үш жүз шақырымдай жердегі Оғландыдағы Бекет бабаға зиярат етушілердің саны есепсіз.
Заманымыздың заңғар жазушысы, сөз зергері Әбіш аға Кекілбайұлы:“Қиянатқа жол бермес әділдіктің, күпірлікке жол бермес адалдықтың, қараулыққа жол бермес шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, еліміздің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған батыр, даудағы әділетті арашалаған қазы, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған пірәдар, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі” деп Бекет атаның ұлттың ұлы тұлғасы екендігін ерекше ашып көрсетті.
Халық арасындағы “Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет”, – деген баталы сөз бар. Осыдан-ақ, Бекет атамыздың өз заманындағы айналасына ізгіліктің сәулесін шашқан терең ғұлама болғандығын аңғарамыз.
Саналы ғұмырында айналасына қанағаттың, мейірімнің, адамгершіліктің, тәубенің нұрын шашып, әулиеліктің “гаус” делінетін ең жоғарғы сатысына көтеріліп, аса биік мәртебе “машайық” дәрежесіне жетіп, “заманының ұлы сопысы” атағын алған рухани ұстаз Пір Бекет атамыздың 260 жылдық мерейтойы республика көлемінде кең түрде атап өтілді. Оған ерекше мән беріп, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтау хат жолдауы қазақстандықтардың, күллі ислам әлемінің жүрегіне жылылық құйып, исламның өркениетті идеяларын ілгерілетуге ықпал етеді.
Пір Бекет атамыздың мерейтойы ұлт тарихынан ойып орын алған Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура, Домалақ ана, Бәйдібек ата, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек секілді көрнекті тұлғалардың жамбасы жерге тиген киелі Оңтүстікте қорытындыланғалы отыр.
Осынау мәдени-рухани шараны бірлесіп өткізуге тікелей қолдау көрсеткен Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері Асқар Мырзахметов пен Серік Біләлов мырзаларға ұйымдастыру алқасының атынан шынайы алғысымызды білдіреміз.
1993 жылдың 28 мамырында қасиетті Ордабасыда XVІІІ ғасырдың аса ірі мемлекет қайраткерлері Төле биді, Қазыбек биді, Әйтеке биді еске алуға арналған салтанатты жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Бізді де бұл киелі төрге арманды тілек, елім деген перзенттік жүрек алып келіп отыр. Біздің де ойлағанымыз – бірлік. Біздің де аңсарымыз – еліміздің көсегесінің көгергені, дәулетті де сәулетті өмір сүргені. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би заманындағы басты мақсат – бар қазақтың бірлігі болса, бүгінгі мақсат та дәл сол”, – деп еді. Мемлекетіміздің нығайып, көркеюі үшін ең бастысы ұлтымыздың өзара ауызбіршілігінің аса қажет екенін осы жылдар аралығында мықтап сезіндік. Бекет ата сынды, барша ел қадір тұтып, ардақтайтын ғұламаның мерейтой асы халқымыздың басын біріктіре түсуге ықпал ете түсетініне сеніміміз мол.
Бекет Тұрғараев осылай толғанды.
Конференцияның аяғына дейін қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов құттықтау сөз сөйлеп, тұшымды ойлар айтты. Бекет ата мерейтойының Оңтүстікте түйінделуі кездейсоқтық емес. Өйткені, мұнда сопылық ілімін негізін салған Қожа Ахмет Ясауи, яғни Пір Бекеттің рухани ұстазы жатыр. Ұлысымыздың ұйытқысы болған Оңтүстікте Бекет атаға ас берілуінің осындай заңдылықтары да бар деді. Асқар Исабекұлы сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи, Пір Бекет атаға халықтың дені ұлы діндарлар деп қана ұғып, солай қарайтынына келіспейтінін, олардың елді бірлікке, ынтымаққа ұйыстырудағы еңбегін насихаттау жағының кемшіндігіне тоқталды. Өңір басшысы ұлы, ойшыл, ұстаз, үлкен әулие ғибраттарын ұғу үшін Түркістанда хикметтерді қызыл гранитке қашап жаздыртқанын айтты. Жас ұрпаққа ұлтын жақын тану, Отанын сүюге баға жетпес тәрбие құралы екендігін термеледі.
Конференцияда Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің құттықтау хатын облыстық мәдениет басқармасының бастығы Дидар Малаев оқып берді.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің құттықтауынан соң Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі Ержан Уәйіс облыс әкімі Б.Қуандықовтың құттықтауын жеткізді.
Осыдан соң ғалымдардың баяндамаларына кезек берілді. Профессор Ө.Озғанбаев, өзбекстандық ғалым К.Құдайбергенов, Еуразия университетінің оқытушысы, математик Н.Темірғалиев Бекет Ата жөніндегі зерттеулерінің мәнін тарқатты. Делегаттар Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ұлт зиялысы Сейілбек Шауқамановтың сөзін тұшынып тыңдады.
Тоқсаннан асқан жасында нағашысы тама Есет батыр жиені Бекетке:
Үстіңнен дүбір кетпесін,
Құлағыңнан сыбыр кетпесін.
Ақ пен қараны айырар,
Жауды кері қайырар,
Атың да айтып тұрғандай дүр боларсың,
Елге шуақ шашып нұр боларсың,
Үш жүзге танымал Пір боларсың, – деп бата бергенін термелеген Сейілбек аға үштен бір бөлігі дүниенің түкпір-түкпірінде шашылып жүрген қазақтың өз Отанындағы үштен бірі Оңтүстікті жайлайтынын айтып, жұртты бір желпінтіп тастады. Имандылықтың есігі, әулиелердің бесігі деді. Ислам дінінің ең асыл дін, азамат ғұмырындағы ең ұлы тұлға – Мұхаммед пайғамбар екендігін тарихи деректермен өрнектеп, бар қазақтың бір қазақты, бір қазақтың бар қазақты бағалауы, құрметтеуі, тыңдауы ұлттың мерейін өсіретіндігін айтты. Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ проректоры, профессор Құлбек Ергөбек әзілге сүйеп: “Озғанбаевтан озып ештеңе айта алмаспыз-ау”, дегенімен, таңдайына шешендік ұялаған, сөздің қадірін бір кісідей білетін, қадірлейтін азамат жақсы ойлар айтты.
Ғалым қазақ қазақ болғалы сан мыңдаған жылдар өткенімен тарихи мұраларына әлі де жеткілікті мән бермей жүргендігін, осы олқылықты Өзбекәлі Жәнібековтей ұлтжанды азамат толықтырып, алды мал қораға айналған ескерткіштердің тізімін алып, есепке түсіргенін айтты. Мырыштан тақтай құйғызып, мемлекет қамқорлығына алған сол ескерткіштерге әлі де жүрдім-бардым қарау бар. Оларға консервация жасау мәселесін көтеріп, ғылыми негізде реставрациялау қажеттігіне тоқталды.
Пір Бекет ескерткішінің статусын көтеру жайын ел есіне салды.
Ғалым көтерген өзекті мәселе сопылық ілімнің негізін салған ұлы ойшыл, ағартушы Қожа Ахмет Ясауидің ғылыми-теориялық конференциясын тек Оңтүстікте ғана емес, республикамыздың басқа өңірлерінде де өткізуді ұсынды. Сонда ұлы тұлғаларға кешенді түрде келер едік, деді. Жөн сөз. Ұлт ардақтыларын өзі дүниеге келген аймақта ғана дәріптеу шектеуді туғызады, бөлінушілікке әкеледі, бірлікке сына қағады.
“Ел иесі, жер киесі – Пір Бекет” халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор Өмірзақ Озғанбаев қорытты. Ол “Пір Бекет Ата” конференциясына ұсынылған еңбектердің кітап болып шығатындығын, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың баба мұрасын ұлықтау ісіне сергек қарайтын ұлтжанды азамат екендігін ел есіне салды. Ұлт болып ұйысып, халық болып бірігіп, Елбасының төңірегінде топтасайық, тәуелсіздіктің туын бекем ұстайық деді. Мұны ешкім қызыл сөз дей алмас. Бірлігі жоқ халықтың ертеңі бұлыңғыр. Тарих тегершігі оның салдарын сан мәрте көрсеткен. Ал, бүгінгі қазаққа ынтымақ бұрынғысынан да керегірек.
Мақаланың біссмілласын Ахаңның “Біз жоқ іздеген халықпыз” деген сөзімен әдіптеген едік. Жоғымыз түгенделіп келеді. Маңғыстаудың ғана емес, қазақтың Бекетінің асы ұлыстың ұйытқысы болған, қазақ баласы қысылғанда қолтығынан демейтін, жүрегі ыстық, жаны жомарт Оңтүстікте берілді. Халқымыздың айтулы азаматтарының мерейтойларын өзі туған аймақ емес, бар қазақ даласы іліп әкетіп жатса, алаш баласының біріккені сол емес пе?! Жиыннан соң өнер тарландары концерт қойды. Бекет ата әруағына бағышталып ас берілді, қонақтарға сый-сыяпат жасалды.
Көңілде шуақ қалдырған сәттердің бірі атақты Ескендір Хасанғалиевтың ұлы Біржанмен қосылып, “Атамекен” әнін шырқағанда болды. Конференция делегаттары орындарынан тік тұрып, әуені қуатты, сөзі мағыналы әнге қосылды. Жасы да, кәрісі де, жасамысы да. Сүйікті атамекенге, ұлы Отанға деген құрмет ешкімді де орнында отырғызбайды екен...
Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.
__________________
Суреттерде: мінбеде – Б.Тұрғараев; Бекет атаның ұрпағы Н.Аралбайұлы баба шаңырағының маңдайшасын қастерлеп сақтауда.
* * *
БЕКЕТ БАБА
Күліп кетер, өмір жоқ, күліп келіп,
Дүниені барады күдік керіп.
Заманақыр зауалы таяғанда,
Әулиені іздейді ел үміттеніп.
Дұға біткен өріліп таңдайына,
Тірі барған Алланың дәргайына.
Алтын тәжді, айбарлы әулием-ай,
Маңғыстаудың жарасқан маңдайына.
Сен қаласаң тау мен тау жымдасады,
Сен қаласаң шөлді де гүл басады.
Аспан, жердің арасын тазартсын деп,
Пәруардігәр өзіңді Пір жасады.
Талай рет бұл жалған шайқалыпты,
Ер Бекеттен ысқырған шайтан ықты.
Бір қылышты сілтесе, мың қылыш боп,
Мысын басып дұшпанның қайтарыпты.
Пенделікті деді ме тастаса адам,
Екі қолмен ерінбей тас қашаған.
Кие тұнған ұядай үңгір мешіт,
Алтын сарай жердегі аспас одан.
Адамдардан айрықша өресімен,
Бар құдірет бұйырған Егесінен.
Малға, жанға медеткер мешіт салып,
Тырнағының қан аққан көбесінен.
Жардан түсер соқпағы сылаң қағып,
Жұмбақ мекен, қарайсың, сыр аңғарып.
Тау да, тас та, бұлақ та, аң да, құс та,
Қасиетке малынған Құран дарып.
Ізгілікті есті ұрпақ өшірмейді,
“Жаздым, Құдай, жаңылдым”, – десін мейлі!
Маңғыстауда жағымпаз, мәймөңке жоқ,
Жолдан тайса Бекеті кешірмейді.
Емен болып көрініп ебелектер,
Тегістеліп кетеді терең өткел.
Жолаушыны тәубеге түсіретін,
Бірі асады, бірінен кереметтер.
Ақ-қараны алғаусыз айыратын,
Көкіректер кірінен шайынатын,
Бекет керек дүниеге, Бекет керек
Қанатыма болашақ жайылатын.
Жердің үсті қантөгіс қызыл ала,
Бомбадан да қорықпас жүзі қара.
Аса таяқты әулие бір көрінсе,
Бүкіл ғалам құлар еді құбылаға.
Аса таяқ қақ бөлер қасқа құзды.
Шындықты алар тереңге сүзгі.
Сүйген құлы Алланың Бекет баба,
Ұят, Иман, Пәктікке баста бізді.
Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, Қазақстанның халық ақыны.