...НАСИХАТТЫҚ ТОП АУЫЛҒА КЕЛДІ
Елбасы Жолдауын насихаттау қай кезде де артық етпейді. Кеше “Нұр Отан” ХДП Атырау облыстық филиалы жанынан құрылған насихатшылардың бір тобы Махамбет ауданының елді мекендерін аралады. Бұрын осы ауданның әкімі болған, бүгінде обыстық жер қатынастары бөлімін басқаратын Рысқали Сисатов бастаған топ Есболда, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының бастығы Қуан Бисенов жетекшілік еткен насихатшылар Сарытоғай ауылдық округінде тұрғындармен кездесіп, Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп берді.
Жолдауда айқындалған мақсаттар мен міндеттердің мұнайлы өңірде орындалысы да айтылды. Әсіресе, әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқату, тұрғындардың тұрмысын жақсарту орайындағы қолға алынған істердің өміршеңдігіне назар аударылды. Оның мысалы аталған ауылдардың қазіргі ахуалынан да байқалады. Бұл ауылдарда табиғи газ, ауыз су желілері тартылған. Ал тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар жеке бастың қамын емес, көпшілікті толғандырған мәселелерді қамтыды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ
Атырау облысы.
* * *
...“СЫР СҮЛЕЙІНІҢ” ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде атақты шайыр Тұрмағанбет жайында түсірілген “Сыр сүлейі” деректі фильмінің тұсаукесер рәсімі болды.
Заманның қиын-қыстау кезінде көп қиындық көріп, қудаланған жыраудың шығармаларына да тыйым салынып, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Елбасының “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында Тұрмағанбет есімі қайта жаңғырғаны көпшілікке аян. Деректі фильмнің желісінде оның осындай соқпақты да тоқпақты өмір жолы мен шығармашылығы барынша дәріптелген. Осы арқылы зал тола көрермен қауым жырау атамыздың мол мұраларына қанықты.
Фильмді түсірген режиссер – қармақшылық Жетіру Жәнібеков.
Еркін ӘБІЛ.
Қызылорда.
* * *
...“ЖАC ҰРПАҚ” ТРЕНИНГІ ӨТКІЗІЛДІ
Кәмелеттік жасқа келмей, темекі тартуға әуестену – жасөспірімдердің денсаулығына да, болашағына да үлкен қауіп. Осы әлеуметтік кеселдің алдын алу мақсатында Орал қаласындағы “Жас ұрпақ” қоғамдық бірлестігі жетекшілері “Темекі сатып алғысы келген жасөспірімді қалай тоқтатуға болады?” деген тақырыпта тренинг өткізді.
Мұнда темекі тартудың зияны экологиялық, медициналық, әлеуметтік-психологиялық және рухани-эстетикалық тұрғыдан дәлелденді. Тренингте мазмұн мен түр тығыз үйлесім тауып, ол ойын үлгісінде өткізілді. Аталған шараға оқушылар мен әлеуметтік педагогтар және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.