05 Қараша, 2010

Ұлағат ізі

554 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгінде көзі тірі болса абайлық жергілікті жазушы Кәмен Оразалин торқалы 90 жасын баршамыз­бен бірге атап өткен болар еді. Өкінішке қарай, ол осыдан екі жыл бұрын өмірден озған-тын. Дәтке қуат дейтін жәйт сол, қаламгердің артында мол әдеби мұрасы қалды. Майданнан жараланып қайт­қан небәрі жиырма үш жастағы азамат 1943 жылы болашақ эпо­пея­сына материал жинау мақсаты­мен Шыңғыстауға келген Мұхтар Әуезовтің назарына ілігеді. Сол жолғы сапар қорытынды­сымен “Социалистік Қазақстан” газетіне мақала берген Мұхаң жас Кәмен туралы: “... Мұның өзі оқыған, өзі жазушы, Отан соғысынан жаралы болып қайтқан жас жігіт әкесі білген әңгіменің көбін зор ынта­мен айтады”, деп жазған еді. Арада жеті жылдан соң Кә­мен­нің “Жексен” деген повесі жа­рық көреді. Мұнан соң жергілікті жазушы қаламынан “Көктем салқыны”, “Ақ жазық” романдары өмірге келеді. Солай дей тұрған­мен, оның бас туындысы отыз бес жыл өмірін арнаған Әуезов туралы “Абайдан соң” атты төрт кітаптан тұратын романдар сериясы болып табылады. Жазушының бұл еңбегі туралы есімі елге белгілі жазушы-ғалымдар Әзіл­хан Нұршайықов пен Зейнолла Қаб­­доловтың ла­йықты баға­сын бер­гені кө­зі­­қа­рақ­ты оқыр­ман қауымның есінде екені анық. Ұстазы Әуе­зовтің кеңесімен өмір бойы елден алысқа кетпеген еңбекқор жазу­шы һәм ұлағат­ты ұстаз Кәмен Ораза­линнің еңбегі кешегі кеңес зама­нын­да да, еге­мен ел атанған кезі­міз­де де ла­йық­ты бағасын алып, Отан награ­далары­мен бір­неше мәр­те мара­пат­талды. Сон­дай-ақ ол Абай аудан­дық мәс­ли­­хатының шешімі­мен оншақты адамның ішін­де “Абай ауданының ХХ ға­сыр тұл­ғасы” деп танылды. Мұн­дай құр­метке ол қай жағынан бол­сын лайық деп білеміз. Айта­лық, жо­ғарыда біз оның жазушы ретін­дегі ерен еңбектерін атап өттік. Ал ұла­ға­тты ұстазды­ғына Мұхаң­ның ақыл-кеңесімен Қарауылдағы Абай орта мек­тебінде “Абай ұр­пақ­­тары” қол­жазба журналын шы­­ғаруы, Мер­ғали Ибраев, Рол­лан Сейсен­баев, Жәнібек Кәр­менов, Тыныш­тық­бек Әбдік­әкімов, Төле­ген Жан­ғалиев, Мұ­рат­бек Оспанов пен Айгүл Кемелбаеваны әдебиет майданына әкеліп қос­қаны соған айқын айғақ болса керек. Күні кеше ғана өз іштерінде жүрген жазушы есімін Семей өңірінің хал­қы ешқашан ұмытпақ емес. Оның 90 жыл­дығы қар­саңында, нақты­лап айт­сақ, биылғы жыл­дың қыркүйек айында Абай ау­данында “Кәмен оқулары” өткі­зілсе, содан кейін іле-шала Семей­дегі Абайдың республикалық қорық мұражайында жазу­шыны еске алу кеші болып өтті. Ал өткен аптада жазу­шы­ның 90 жылдығы Абай ау­данын­да ресми түрде кеңінен атап өтілді. Осы мерейтой аясында Бөрлідегі Әуезов мұра­жайында Кәмен Оразалинге ар­нал­ған бөлім ашылып, Қарауыл­дағы жазушы тұрған үйге ескерт­кіш тақта орна­тылды. Сондай-ақ Қа­рауылдағы Абай атындағы мектеп-лицейде жазушы атындағы кабинет те салтанатты жағдайда ашылды. Жазушы аталған мек­тепте ширек ғасырдан астам еңбек еткен бола­тын. Бұдан кейін аудан­дық мәде­ниет үйінде жазушы өмірі мен шы­ғармашылығына арналған ғылыми конференция өткізілді. Алқалы жиын соңы жергілікті “Қаламқас” халықтық ән-би ан­самблінің тамаша ойын-сауығына ұласты. Солайша абайлықтар Әуезовтің шәкіртіне лайықты құрмет көрсетті. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы.