СЫР БОЙЫНДА БАС ГАЗЕТ БӘСІ БИІК
Келесі жылдың мерзімді басылымдарына жазылу науқаны кемеліне келе түскен шақта “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов Қызылорда облысына атбасын тіреді.
Мұнда басылым басшысы алдымен қаладағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында қалың оқырманмен жүздесті. Кездесуді ашқан облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев басқосудың мақсатын саралап айтып шығып, сөз кезегін қонаққа берді. “Егемен Қазақстан” газетінің басшысы өз сөзінде былтыр ғана шыға бастағанына 90 жыл толған басылымның тарихына қысқаша тоқталып өтіп, қазіргі таңда алдағы тұрған негізгі міндеттердің жайын баяндады. Елімізде “Жол картасының” қолға алынғанына бірқатар уақыт болып қалды. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде жасалып жатқан жұмыстар қызу қарқын алуда. Кешегі посткеңестік елдердің арасында бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету құқығына қол жеткізген республикамыз алдағы желтоқсан айының басында осы қабырғалы халықаралық ұйымның Саммитін өткізу үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір міне, осы айтулы оқиғалар Отанымыздың бас газетінің басты назарында тұр.
Бұдан кейінгі сөз тізгінін Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Байзақ Момынбаев алып, өзі жетекшілік ететін жоғары оқу орны жөнінде әңгімелеп берді. Кезінде екі институттың негізінде қайта құрылған университетте қазір еліміздің бас басылымының оқырмандары өте көп. Газетте жарық көрген тарихи-танымдық, сондай-ақ білім беру саласы мен педагогикаға қатысты материалдарды оқытушылар өздерінің дәрістерінде қосымша әдебиет ретінде пайдаланып тұрады. “Егемен Қазақстан” – елдің газеті ғой. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің күнделікті жазылып жатқан жылнамасы секілді. Онда Мемлекет басшысы мен Үкіметтің, мемлекеттік органдардың күн сайынғы дерлік халық игілігі, елдің келешегі үшін атқарып жатқан жұмыстары жүйелі түрде көрсетіліп тұрады. Сондықтан өз елінің лүпілдеп соққан тыныс-тіршілігі мен қарыштап басқан қадамына құлағы түрік жүретін озық ойлы әрбір азамат ата басылымды жаздырып оқуға тиіс. Бұл — ешбір талас тудырмайтын талап.
Осыған ұқсас ойларды университеттің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлжан Жаңбыршиева да айтты. Ол өзінің сөзінде сондай-ақ бас басылымда шығып жатқан материалдарға ұдайы шолу жасап тұратындарын жеткізді. Сонымен қатар айтылатын ұсыныстар да жоқ емес. Мәселен, газет бетінде экономика және ауыл шаруашылығы салалары бойынша талдамалы материалдар жиі жарияланып тұрса. Оқырмандар арасында қызу пікірталас туғызатын полемикалық бағыттағы дүниелерге де мән берілсе. Ал университет оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Меруерт Аңсатова газетте қыздардың тәрбиесіне байланысты арнайы бет болуын қаласа, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Дүйсен Нұрымов Арал теңізінен ұшып жатқан тұзды шаң-тозаңның әлі алаңдататынын айтты.
Университеттегі жүздесуден соң Сауытбек Абдрахманов облыс әкімі Болатбек Қуандықовпен кездесті. Әңгіме-дүкен барысында газеттің соңғы уақыттары көтеріп келе жатқан тақырыптары турасында сөз қозғалды. Облыс басшысы мұнда бас басылымның қаперінен тыс қалмаған аймаққа қатысты екі мәселенің нәтижесіне назар аударды. Бірінші, кезінде көп талас тудырған Көксарай қарсы реттегіші өзінің мақсатын толығымен ақтап, бүгінде жұрттың игілігіне жарай бастады. Биыл су қанша көп болғанымен, су реттегіштің қызметі арқылы дария жағасындағы жұрт тасқынға ұрына қоймады. Екінші, осы Көксарайдың арқасында Сыр диқандары күріштен мол өнім алудан үстіміздегі жылы соңғы 25 жылдың бедерінде болмаған мол көрсеткішке қол жеткізді. Облыста 77,4 мың гектар жерге күріш дақылы егіліп, оның әр гектарынан 48,6 центнерден түсім түсті. Аймақ егіншілері мұндай көрсеткішке соңғы рет сонау 1985 жылы иек артқан еді. Диқандардың осындай табысқа жетулеріне мемлекет тарапынан беріліп келе жатқан субсидия көлемінің арта түсуі де оң ықпал жасап отыр.
Осы кездесулерде қозғалған әңгімелердің арқауы мен олардағы ойлар түйіні Сыр бойында ата басылымның беделі мен бәсі биік болып қала беретінін байқатты.
“Егемен-ақпарат”.
* * *
ОҚЫРМАНҒА ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ЖАЗАТЫН БАСЫЛЫМ КЕРЕК
Еліміздің бас басылымын жаздырып алуда оңтүстікқазақстандық оқырмандар республикада көш бастап келеді. Былтыр 25 мыңнан аса адам “Егемен Қазақстанды” таңдағанын әңгіме ыңғайында баяндай кетейік.
Осы өңірге жұмыс сапарымен келген “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановты облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің іссапарда жүруіне байланысты облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев қабылдады.
– “Егемен Қазақстан”– әмбебап басылым, – деді Әли Әбдікәрімұлы. – Елбасының сындарлы саясаты мен мемлекеттің тыныс-тіршілігін, Үкімет қабылдаған бағдарламалардың қалай орындалып жатқанын “Егемен Қазақстандағыдай” ешкім көрсете алмайды. Сондықтан бұл ата газетті басқа оқырмандарды былай қойғанда, әрбір мемлекеттік қызметкер жаздырып алуға тиіс деп ойлаймын.
Облыс әкімінің орынбасары қонаққа мұнда атқарылып жатқан оң өзгерістерді сала-сала бойынша баяндап берді. Содан соң ол өңір басшысының бастама, бақылауымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған нысандардың құрылысымен таныстырды. Атап айтқанда Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің көшелері тоғысқан жердегі “Тәуелсіздік монументі”, “Ту төбе”, “Шәмші гүлзары”, “Неке сарайы”, “Қызғалдақ” жастар аллеясы мен “Хакім Абай мұражайы”, “Даңқ” монументі сияқты қала көркін ашып, мазмұнын байытқан келісті нысандарды көріп, тамашалау барысында құрылысқа қатысқан мекемелер және жеке кәсіпкерлер жайында жылы да жақсы әңгімелер айтылды.
Түстен кейін басылым басшысы Сайрам ауданына сапарын жалғастырды. Аудан әкімі Уәлихан Қайназаров мейманды қала шетінде орын тепкен Мұхтар Оразалиев атындағы “Ұлан” спорт кешенінің жұмыс барысымен таныстырды. Әлі толық пайдалануға беріле қоймаған ғимарат Еуропадағы мақтаулы спорт орталықтарынан бір де кем емес. Жазғы футбол алаңын былай қойғанда, жабық баскетбол және жасанды төсеніші бар жабық футбол алаңының өзі мұндағы спортшыларға қажет барлық жағдайдың туғызылғанын толық көрсеткендей.
Ауданның Ақсукент елді мекеніндегі жеке кәсіпкер салған балабақша 120 бүлдіршінге лайықталған. Бұл жердегі мемлекеттік шығын – қызметкерлердің жалақысы және коммуналдық төлем ғана. Екі жаққа да ыңғайлы мұндай жоба “Балапан” бағдарламасының орындалуына жақсы көмек бермек.
Оқырмандармен кездесуде Сауытбек Абдрахманов басылымға жазылудан бөлек, ел өміріндегі келелі мәселелердің мәнісін байыппен таратып, тарқатып айтты.
Осы Сайрамда “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Пахриддин Қаратаев деген жайсаң азамат бар. Ол – “Егемен Қазақстанның” шынайы жанашыры. Бұл жолы да қолында аға газет бар ақкөңіл жан басылымда жарияланған Ө.Байгелдидің “Қазағым, қайда барасың?” мақаласын тұшынып оқып, өз көңіліндегі сауалдарына толық жауап тапқанын айтты. Газет оқырмандарының көп болатындығына, таралымының артатындығына сенетіндігін білдірді.
Кездесуге ауыл әкімдері де көп келген екен. Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ақылбек Құрманбеков 18 ұлттан құралған ауылда “Егеменнің” оқырмандары жыл сайын көбейіп келе жатқанын айтса, Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрболат Қарабаев басылымның мемлекеттік мәселелерді насихаттаудағы орны ерек екендігін тілге тиек етті. Шағын ауылдың мемлекеттен алған үлесі 1 млрд. теңгеден асады екен. Қай мемлекет мұндай тәуекелге барады?!. Сәл кемшілік тапса соған қуанып, сүрінгендерді сүзгілейтін басылымдарды емес, жұрт жақсылыққа жаны үйір, ел берекесіне шын қуана алатын газетке жазылу керек, таңдауды солай жасау керек деді ол.
Жиынды аудан әкімі Уәлихан Қайназаров қорытты. Айналдырған он жылдың ішінде таралымын 38 мыңнан 160 мыңға жеткізген бас басылым қалың қазақ жұртына ең керек газет. Таралымының артуына бәріміз де үлес қосамыз деді.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
----------------------------------
Суреттерді түсірген Хусан АЗИЗОВ.