16 Қараша, 2010

“Адам өнерге бет бұру үшін... алдымен экономика түзелуі керек”

598 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасының Алматыдағы кешегі жұмыс сапары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында тәмамдалды. Ұлттық өнердің қайнар бұлағы, кәсіпқой музыканттардың ұстаханасы болған ұжым  Мемлекет басшысының алдында атына сай өнер көрсетіп қана қоймай, айта жүрерліктей тағылымды сәттерді бастан өткерді. “Заманға сай саз керек” деп Елбасы айтқандай, осынау ұлт­тық консерватория қай жағынан алсақ та мемлекетіміздің мақта­нышы, музыкалық деңгейіміздің өлшеуіші іспетті. Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Құддыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев сынды өнер тарландары ком­позиторлықтың, вокалдық өнер, фортепиано, ор­кестр­лік, хор мен дирижерліктің мек­тебін қа­лыптастырған оқу ор­дасы  елі­міздің жоғары музыкалық білім беру жүйесіндегі  жетекші рөлге ие. Ұлы Отан соғысы жылдарын­да, дәлірек айтқанда, 1944 жылы негізі қаланған консерватория қазіргі таңда өз биігіне көтерілді. Сөзіміз жалаң болмасын, мұның айғағы кешегі студенттердің кіші­гі­рім концерті. Аты кішігірім де­ме­сеңіз,  халықаралық байқаулар­дан жүлдемен оралып жүрген жас­тар деңгейі биік тыңдау­шыларын тамсантып, жиналған­дардың жан­сарайын серпілткен сәттер болды. Өнерді бір кісідей сүйетін, өнерді бір кісідей бағалайтын Мем­лекет басшысы сахнаға риза­шы­лықпен көтеріліп: – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы – қазақ­тың өнері мен музыкасының қа­ра­шаңырағы. Осы жылдар ішінде 8 мыңнан астам  маман дайындап, бүкіл Қазақстанға, дүние жүзіне аты шыққан оқу орны бола білді. Кеңес Одағының әртістері,  батыр­лары, еңбек ерлері осы шаңы­рақ­тан шықты. Халықтың інжу-мар­жан әндерін жинап, паш етіп жүр­ген де осы консерватория. Мен сон­дықтан әрқашан консерва­то­рияға көңіл бөлетін боламын. Мен соңғы рет бұл оқу ордасына 1996 жылы келдім. Сол кезде де айтқан бо­латынмын. Адам өнерге бет бұ­рып, сұлулыққа, әдемілікке жақын болу үшін алдымен экономика тү­зелуі керек. Халықтың әл-ауқаты жөн­деліп, дүниесі, жүрегі, тірлігі жақ­сы болатын болса, сонда ғана му­зыкаға, спортқа, басқа да сала­ларға  көңіл бөледі. Ал бұл – елдің рухы. Елдің рухы биік болмай, мықты тәуелсіз ел орнамайды. Хал­қы аз болсын, көп болсын, рухы биік елді ешкім жеңе алмайды.  Рух деген елдің тарихы, елдің тілі, елдің дәстүрі. Елдің музыкасы  анамыздың сүтімен қанға сіңген ұлттық  тәжірибеміз, тәрбиеміз бо­лып саналады. Оның ең үлкені, әрине, мәдениет, музыка,  – деді Нұрсұлтан Назарбаев. “Алдымен – экономика, содан кейін басқасының бәрі болады деген қағидамен талай жұмыс жа­салды”, деген сөзін Елбасы музыка мен өнер саласында атқарылып жат­қан іргелі, ілкімді тірліктермен дәйектеді. “Мәдени мұра” бағдар­ламасы бойынша музыка саласына үлкен көңіл бөлініп жатқандығын атап өтті. “Қаншама том-томымен әдеби кітаптар, музыка саласының кітаптары шығып жатыр. Музыка­мыздың тарихы жаңартылып, тас­па­ларға жазып, түсірілуде. Музы­ка­ның тарихы қайта зерттеліп, әуен­дер таспаға өшпейтіндей жазылу үстінде. Осының барлығы – мем­ле­кеттің өнерге деген қамқор­лығы”, деді Президент. Егер Елбасы мәдениет барлық кезде мемлекет назарында  десе,– оның зәредей жасандылығы жоқ.  Бұл қамқорлықты өнер сүйетін ел де, өнерге қызмет етіп жатқан қауым да жақсы біледі. Мемлекет басшысы бүгінгі таң­да елімізде 50 театр, 164 мұражай жұмыс істейтінін атай келе: – Астана қаласы салына баста­ған­нан бері алдымен өнерге қатты көңіл бөлдім. Пирамида  ғимара­тын­да үлкен керемет театр жұмыс істейді. Жақында, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай,  3500 орын­дық  Қазақстан орталық концерт залы, Академиялық опера және ба­лет театры ашылады. Қазір Өнер институтын салып бітірдік.  Бұл бәсекеге түсетін оқу орындары болады, – деді. “Сіздердің басты міндетте­рі­ңіз – мәдениетті бұқара арасында насихаттау, қоғам ішінде өнердің абыройын көтеру және  менед­жер­лер дайындау”, – дегенде Елбасы Ұлттық консерваторияның музыка саласындағы жетекшілік орнын меңзейді. Елбасы халыққа қажет мә­дениеттің өз деңгейінде ғана емес, бәсекеге де қабілетті, әрі қар­жы да таба алатындай халде болу ке­ректігін айтады. Кәдімгі орын­дау­шыларды, таланттарды музыка­лық училищелерден де табуға бо­ла­ды деген Мемлекет басшысы музы­калық менеджерлер дайындау мәселесін текке көтеріп отыр­ма­ғанын өнер саласының майталман­дары түсінеді. Сахнада түрлі музыкалық аспап көтерген жастарымыздың өнеріне ғана емес, елжандылығына да  ке­ле­шегіміз тәуелді екенін тұспал­да­ған Елбасы әлемдегі болып жатқан үрдістерге, келешегі бұлыңғыр ке­ңіс­тікке, жаһандануға, алмағайып заманға жұтылып кетпес үшін өнер­де де бәсекелі өз бет-бейне­міздің  болуы қажеттігін шешіле отырып тарқатты. Шіркін-ай, уақыт болып жатса, дәл осындай концертті ең болмаса екі сағат тыңдар ма еді, дейтін Ел­ба­сының қалжыңына екі күндік концерт қоюға шамалары жететінін әзілмен жеткізген консерватория жетекшісінің де сөзінде шындық жатыр. Экономика түзеліп, ел еңсесін көтерген кезеңдерден бері консер­ватория халықаралық музыкалық ұйымдармен етене жұмыс жасап келеді. Әлемнің әр шалғайындағы байқаулардан да олжасыз қайтқан емес. Ал Елбасына уақыт бөліп кел­гендігі үшін алғыс білдірген атал­мыш оқу орнының ректоры Жәния Әубәкірова: – Біздің студенттеріміз бен ұс­таз­дарымыз барлық биік сахналарда үлкен жетістіктерге жетуде. Сіз әрқашан талантты адамдарға үлкен үлгі көрсетіп жүрсіз. Біз де сіздің үлгіңіз бойынша үлкен жетіс­тік­терді бағындыруға ұмтыламыз. Біз­дің барлығымыз әрі музыкант, әрі ұстаздармыз. Сіздің мәдениетке деген әкелік қамқорлығыңызға үл­кен алғыс білдіреміз. Сізбен және біздің өркендеу үстіндегі мемлеке­ті­мізбен мақтанамыз, –  деді шынайы тебіреніп. Реті келіп тұрғанда айта кетелік, 1944 жылы Алматы қаласында Мемлекеттік өнер институты болып құрылған оқу орны кейіннен Мәскеу және Ленинград консерва­торияларының үлгісінде Алматы консерваториясы болып өзгертілді. 1945 жылы оқу орнына ХІХ ға­сырдың атақты күйшісі Құрман­ғазы Сағырбаевтың есімі берілді. Бүгінгі күні Құрманғазы атын­да­ғы Қазақ ұлттық консервато­риясы екі оқу корпусында орна­ласқан. Оқу орнының студенттері мен оқытушыларына – кең оқу аудиториялары, 170 орындық каме­ралық зал, 236 орындық кіші кон­церт залы, спорт залы, оқу залы, сынып абонементі қызмет етеді. Қазіргі уақытта 500 орындық үлкен орган залының құрылысы аяқ­талды. Консерватория түлектері еліміз­дің барлық шығармашылық ұжым­дарында, сонымен қатар, білім меке­мелерінде қызмет етеді. Ұлт­тық консерваторияның түлектері және де Ресей, Германия, Грекия, Голландия, Израиль, АҚШ, Фран­ция, Чехия, Канада, Корея, Қытай және т.б. жақын және алыс шет­елдердегі кәсіби ұжымдарда табыс­ты жұмыс жасап жүр. Соңғы үш жыл ішінде консерватория қабыр­ғасында   50-ден астам халықара­лық және 200-ден астам респуб­ликалық конкурстардың лауреат­тары дайындалды. Әр сәті, әр сағаты санаулы Мем­лекет басшысы осынау өнер ордасына тағы қашан жолы түсері белгісіз. Бірақ, белгілі нәрсе – Елбасы ұлттық консерваторияда аз уақыт болса да ұмытылмастай тағы­лымды оқиғаның себепшісі болғаны анық. Айнаш ЕСАЛИ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.