Жақында Арқалық қаласының полицейлері жолдан екі “КамАЗ” мәшинесіне жол бастап бара жатқан “Ниссан” жеңіл көлігін тоқтатты. Екі “КамАЗ” үстіне 42 ірі қара артылған. Бірақ мәшинедегі жолаушыларда мұның кімнің малы екенін көрсететін ешқандай құжат болмай шықты. Жүк көлігінің жүргізушілері Арқалық қалалық ішкі істер басқармасына әкелініп, олардан істің жөн-жосығы тергелді. Жүргізушінің бірі 1963 жылы, екіншісі 1981 жылы туған, жұмыссыз. Олар полицейлерге сиырларды даладан, жайылып жүрген жерінен артып алғанын мойындады. Жайылымда жүрген малдың иелері табынды әр 5-7 күн сайын тексеріп тұрады. Әккі ұрылар осыны пайдаланып, ешқандай қараусыз, бақташысыз жайылып жүрген сиырларды белгілі жерге жеткізіп, дереу сатып жіберуге әрекеттенген. Ұрылардың есебі күшті болған, полицейлер қалғып кетіп, бұларды байқамағанда, ұрланған малды олар кемінде 2 миллион теңгеге сатар еді.
Полицейлер мал иелерін қалалық ішкі істер басқармасына шақырғанда, өз сиырын мәшиненің үстінен көрген олар таңқалғаннан не күлерін, не жыларын білмеді. Облыста мал ұрлығы тек бұл емес. Жыл басынан бері 134 мал ұрлығы тіркелсе, соның 94-інің беті ашылған. Облыстық ішкі істер департаменті басшыларының айтуынша, өрістегі мал көбіне қараусыз жатады. “Шығасыға иесі басшы” деп қазақ бекер айтпаған. Ал көзінің құрты болған иесіз малды құртпайынша ұрылар да көз ілмейді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.