Еуроодаққа кіргісі бар
Молдованың премьер-министрі Владимир Филат өз елінің Еуроодаққа кіруі үшін алдағы жылы өтініш беретіндерін мәлімдеді.
Мұндай мәлімдемені Молдова басшылығы Еуроодақ Кеңесінің өз үкіметіне Молдова үшін визалық тәртіпті жұмсарту жөнінде нұсқау бергеннен кейін жасап отыр. Жұрттың көңілінде сепаратистік Приднестровье қалай болады деген сұрақ тұр.
Съезд болады
Куба республикасының көсемі Рауль Кастро ел коммунистерінің съезін өткізу жөнінде хабарлама жасады. Оның коммунистік рухта өтетін түрі бар. Жарты жылдай бұрын хабарланып, оның қабылдайтын құжаттарының тезисі де жарияланып үлгерді.
Талқыланатын мәселе экономика болмақ. Басқа мәселелер содан туындайтынын Куба басшылары жақсы ұққандай. Мемлекеттік меншік саласында жұмыс істейтін 500 мың адам қысқарып, енді жекеменшік жүйеден орын іздеп жүр.
Қауіпті қорқыту
Сеулде “20-ның тобы” саммитіне қатысушыларды Солтүстік Корея тарапынан биохимиялық шабуыл жасалады деген хабар-қауесет шынымен-ақ шошытқан еді. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Қытайдан Ким Чен Ирдің өрекпуін басуды өтінуге мәжбүр болды.
Веб-сайтта хабарланғандай, Солтүстік Корея әуе шарларына және парашюттерге 20 түрлі биохимиялық қару іліп, оны “оңтүстікке” жібермек болған көрінеді. Ал сарапшылар саммитке Қытай басшысы қатысып отырғанда, мұндай әрекетке бармайды дегенді айтады.
Алып сағат
Бұрын әлемдегі ең үлкен сағат Лондонда болатын да, соны ағылшындар мақтан ететін. Енді ең алып сағат – Меккеде.
Ол 425 метр биіктікке орналасқан. Циферблаттарының көлемі 45 және 43 метр. Ол түнде 17 шақырым, ал күндіз 12 шақырым жерден көрінеді екен. Күніне бес рет қоңырау соғып, дәл намаз уақытын білдіреді.