“Мешкей деген жақсы ат емес” десек те, орыс ағайындар мақтанғанды артық көрмейді. Жақында “Известия” газеті “Біздің ұрылар әккілеу” деген хабар жариялады. “АҚШ пен еуропалық елдердегі дүкендерде ұрылар тым қарадүрсін ұрлайды екен” деп оларды бір сыбап алады да, өз ұрыларының әккілігін сөз етеді. Олар электрондық клипстарды өшіретін кілттерді оны жасайтын зауыттардан сатып алады екен. Сондай-ақ, электрондық белгі дыбыс шығармас үшін орыс ұрылары тауарды фольгамен орап, қойындарына тығады екен.
Құмыраның құны – $ 83 миллион
Лондондағы аукционда ХVІІІ ғасырда Қытайда император әулеті үшін жасалған фарфор құмыра 51,6 миллион фунт стерлингке, яғни 83 миллион долларға сатылыпты. Бұл бұрын-соңғы ең қымбат құмыра болып отырған көрінеді.
Мұншалықты қымбат екенін оның иелері де білмепті. Ата-аналарынан мұраға қалған дүние-мүліктің ішінен табылған құмыраны алғашында 1,2 миллион фунтқа сатпақ болған екен, Қытайдан келген бір алушы жоғарыдағы сұмдық соманы ұсыныпты.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.