Елімізде Ата Заңымызға енген өзгерістерге сәйкес конституциялық құқыққа ие Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 15 жыл толды. Осы атаулы датаға және 370 мыңдай украиндықтарды біріктіретін “Қазақстан украиндарының радасы” заңды тұлғалар бірлестігінің 5 жылдығына орай өткен сенбі, жексенбі күндері украин этномәдени бірлестіктері өнерпаздары арасында 5-ші республикалық фестиваль болып өтті.
Фестиваль алдымен “Отан қорғаушылар” монументіне гүл шоғын қоюдан басталып, ертеңіне “Жастар” сарайы өнерсүйер қауымға лық толды. 9 облыстың, 2 қалалық – барлығы 15 этно-мәдени бірлестіктің өнерпаздары көпшіліктің назарына ұсынған өнер кеші көрермендерді де, фестивальге қатысушыларды да желпінтіп тастады.
Қатысушылардың жас шамалары да әркелкі. Мектеп оқушысынан зейнеткерге дейін көрігін қыздырған фестиваль қорытындысы бойынша бас жүлдеге Атырау облысындағы “Довира” этномәдени бірлестігінің “Фуэте” хореографиялық тобы ие болса, бірінші орынды ақтаулықтардың “Альтаир” атты халықтық би ұжымы, ал екінші және үшінші орындарды Қостанай облысы, Затабол кентіндегі “Боярыня” ұлттық-фольклорлық ансамблі мен астаналық “Оберег” ЗТБ-нің “Друзи” вокалды ансамблі иеленді.
Қазақстан – Отаным деп ән шырқап, би билеген этномәдени бірлестіктер мүшелері үзіліс уақыттарында арнайы ұйымдастырылған ұлттық қолданбалы өнердің көрмесін де тамашалады. Ағаштан, балшықтар, темірден жасалған бұйымдар әсемдігімен көздің жауын алады. Ал жиналғандар қыз-келіншектер қолынан шыққан тоқыма бұйымдар тұсында қалай көбірек аялдап қалғандарын да байқамай жатты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Юрий Тимощенконың айтуынша, бірлестіктер Украинада тұратын қазақ диаспорасымен де жиі қатынасып, хабарласып тұрады екен. Украинада 10 мыңдай қазақ бар, бір ғана Киевтің өзінде 1,5 мың қазақ тұрады, олардың “Достық” атты және Харьков пен Қырымдағы “Бірлік” орталықтарымен байланысымыз жақсы. Оның осылай жолға қойылуына біздің еліміздегі Украина елшілігі қолұшын беріп келеді, дейді ол.
Фестивальді тамашалаушылар қатарында ҚХА Хатшылығының, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Мәдениет министрлігі мен қалалық әкімдіктің адамдары және шетелдік дипломатиялық миссиялардың өкілдері болды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.