18 Қараша, 2010

Таңдау кімде болса, ықпалын сол жүргізеді

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында жиырмадан астам мәселе қаралды. Күн тәртібіне ұсынылған заң жобаларының дені құқық қорғау саласын ізгілендіру жайына арналды. Қорытынды әзірлеу үшін па­лата қарауына ұсынылған кейбір заң жобалары күн тәртібіне қайта ұсынылып, мақұлданып жатты. Солардың бірі – еліміз бен көр­шілес Өзбекстан үкіметтері ара­сындағы дипломатиялық өкілдік­тер ғимарат­тарын салуға жер учас­келерін өзара беру туралы келі­сімді ратифика­циялау жөніндегі заң жобасы. Аты айтып тұрғандай, бұл құжат еш қиындықсыз ше­шімін тапты. Сенаттан кері қайтқан 2011-2013 жылдарға арналған респуб­ли­калық бюджет туралы заң жоба­сын талқылау барысы 20 минөтке созылды. Осы ретте депутаттар Мәжіліс тарапынан ұсынылған кей­бір мәселелердің Үкімет тара­пынан қолдау таппай, Сенатқа бар­ғанда шешімін тауып жатуында бір кілтипан бар ма деген сауал­дың айналасында біраз ойға ерік берді. Әйтсе де, заң жобасын қол­дау қажет деп шешті. Сонымен, аталған заңдық құжат қабылданды. Мемлекеттік қызмет және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша кейбір заң­намалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасы бірінші оқылымда талқыға түсті. Бұл жерде басты көз­делген мәселе мүдделер қақ­ты­ғысын бол­дыр­мау және мемле­кеттік қызмет­тен босатылғаннан кейін белгілі бір кезең ішінде (1 жылға дейін) бұрын өзінің ба­қылауында немесе бай­ла­ныста болған коммерциялық ұйым­дарға жұмысқа ауысуына тыйым салуды көздейді. Сондай-ақ, мем­лекеттік қызметшілер үшін шек­теу­лер мемлекеттік ұйымдарда және мем­лекеттің қатысу үлесі бар ұйым­­дарда басқару функцияларын орын­дайтын адамдарға да қолдану қарастырылған. Осы орайда баяндама жасаған Мемлекеттік қызмет істері жөнін­дегі агенттігі төрағасының орын­ба­сары Әли Көмекбаевқа депутаттар бірқатар сұрақтарын қойып, өз пі­кірлерін ортаға салды. Аталған жобада мемлекеттік қызметкерліктен үміткер адамның қабілетін жан-жақты анықтауға ден қойылмақ. Бұрын тек заңдарды білуі тексерілсе, енді құжаттармен жұмыс істеуі, адамдармен араласуы да тексерістен өткізілмек. Жемқор­лық­ты түбірімен жоюдың бір әдісі ретінде белгілі бір саланың қызмет­керлерін толық жұмыстан шыға­рып, қайтадан жасақтау қажеттігін ұсынған Зейнолла Алшынбаев бұған мысал ретінде Сингапур, Грузия сияқты елдерді келтірді. Заң жобасы осылайша біраз талқы­лаудан өтіп барып, мақұлданды. Бұдан басқа отырыс барысында мемлекеттік бақылау, құқық қорғау қызметі, прокуратура органдары­ның қызметін жетілдіру, қыл­мыстық заңнаманы ізгілендіру, рейдерлікке қарсы іс-қимыл, сот жүйесі сияқты мәселелерге құрыл­ған көптеген заңдық құжаттар тиісті шешімдерін тапты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.