18 Қараша, 2010

2 алтын, 6 күміс, 11 қола

561 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қоржын тоғайды. Екі алтын, алты күміс, он бір қола медаліміз бар. Көңіл тоқ па? Әрине жоқ, Азия ойындарының ашылуы салтанатына айрықша көңіл-күймен шыққан айыр қалпақты ағайын — қырғыз бен жарысқа 160 адамын салған Түркіменстан бір қола медальға зар, сіздердікі қай тойып секіргендік дерсіз.

Бақтияр ТАЙЖАН – Гуанчжоудан (Қытай).

Баяғыдағы аштықтан “арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен” деген аталы сөз қалған. Соның кері келген.  Өзбек­стан­да үш алтын. Сол Өзбек елі Қа­зақстаннан үш саты жоғары тұр. Міне, алтын медальдың қадірі. Ал біз Азия ойын­дарында Қытай, Корея, Жапония мемле­кеттерінен кейінгі орынды аламыз деп кел­генбіз. Қызыл сөз емес. Та­лай рет қолымыз жет­кен. Қазір үш күннің есебімен 10-шы орында тұрмыз. Қалай маза­сыз­данбауға болады? Қор­жы­ны­мызға күміс медаль­дар түсе бастады. Суға жүзудегі басты үмітіміз Владислав Поля­ков квалификациялық жүзуде өз мінезін тапты. Евгений Рыж­ков екеуі 100 метрге брасс ар­қы­лы жүзуде үздік сегіздікке кір­ген. Кешкі финалдық жүзу­де Поляков алтын медальға сынық сүйем жетпей тоқтады. Алғашқы апыр-топырда қарсы бетке қос қытай және иран жігіті бірінші болып барды. Екінші айналымда Владислав қамшыны басты. Суды аяқ­қаптай кеудесімен жал-жал айырып мәреге екінші болып келді. Бірінші орында – Тател­ху Ру. Қытай жігіті. Біздің жерлесімізден 0, 65 секөнт қана озды. Рыжков жетінші орынға шықты. Велотрекшілеріміз қуанта алма­ды. Академиялық есу де солай бол­ды. Ал, мергендеріміз әу бас­тағы дүрбісі не ұңғысы қисық мылтық­тарын оңдаған болу керек. Дохада 50 метр қашықтықта жатып атудан бірінші орын алған Юрий Мель­ситов бұл жолы күміс медаль алды. Әуелі 54 мергеннің ішінен дарала­нып үздік сегіздікке өтті. Мұнда нысанаға дәл тигізуден басқа бір машақат бар. Ондыққа тигізгенімен ұпай-нысанаға қаншалықты алыс, жақындығымен өлшенеді. Яғни, сапа керек. Корей Ким Пак алты кезектің екеуінде ғана 100 ұпай, қалғанын 99-дан жинады. Ал Юрий 100 ұпайға үш рет ие болды. Оны төменге түсіріп жүрген бірінші ке­зек­тегі 97 ұпайы мен үшінші кезек­тегі 98 ұпайы. Корей 595, біздің жігіт 594 ұпай жинады. Бұл сында Александр Ермаков 18-ші орын, Игорь Пирекеев 21-ші орын алды. Мылтықпен 50 метр жерден жатып атуда командалық есепте О.Довгун, А.Малиновская және О.Снегиревич те күміс медаль олжалады. Ал осы күні татамиге шыққан А. Тен (57 кг), Р. Ибрагимов (73 кг), Ш. Қалиева (52 кг), Д. Ықыбаев (66 кг) жанкүйерлерін қуанта алмады. Ренат Ибрагимов­тен үміт күтіп едік. Бір “вазари”, бір “юко” ұтып тұрып, сәтсіз жасаған әдістің құрбаны болып кетті. Дастан Ықыбаев Таиланд және Вьетнам дзюдошыларын ұт­қанымен, өзбек Мирзот Фармонов­тың қолтығында кетті. Шолпан Қалиева жетінші орында қалды. Ол да өзбек қызы Римма Бердыгулова­дан өте алмады. Ауыр атлеттеріміз Светлана Черемшанова (58 кг) қос сайыста 200 кг. көтеріп 11-ші орында қал­ды. Бірінші орынды алған Ли Хунг (Қытай) көрсеткіші 238 кг. Әлі 20-ға толмаған Медет Жүнді­баев (69 кг) үшін Азия ойындары тәжірибе жинақтайтын үлкен спорт аренасы. Ол қос сайыс қорытынды­сы бо­йын­ша 286 кг. көтерді. Ал солтүстік кореялық Ким Сук 324 кг, иран Резалан Мортез 324 кг. көтеріп, бірінші-екінші орындарды бөлісті. Бізге қазірден бастап ойлана­тын, қорытынды шығаратын жәйт­тер бар. Мәселен, дзюдо. Төрт қола медаль алдық. Жаман емес сияқты. Ал көрші өзбек ағайындар ше, 1 алтын, 5 күміс, 3 қола медаль алды. Біздің дзюдошылар өзбек дзюдо­шы­ларымен 7 рет кездесіп, бі­реуінде ғана жеңді. Балуандарымыз жас дейміз. Ал олардың балуан­дарының жағы түсіп тұрған жоқ. Жауынгерлік рухы мықты. Соңғы секөндке дейін күреседі. Техника­лық та, тактикалық та, психология­лық та дайындықтары мықты. Біз қай жерден ақсадық? Осы сауалды Гуанчжоуда Туризм және спорт министрі Темірхан Дос­мұ­хам­бетовтен сұрағанбыз. Бір Қарасу ауылынан Айтжан Шаңғараев, Бостан Жаңбырбаев және Мәден Қалиеков сынды дарабоз саңлақ­тарды дайындаған кешегі бапкер, бүгінгі министр өз шәкірті Ербол Қырғызбаевты қалай қамшылай­тынын білсе керек. Біз бұл тақы­рыпқа есептік қорытындыда қайта оралатын боламыз. Құрбан айтқа алтыннан сый Құрбан айттың алғашқы күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды. Алғаш рет алтын медаль­дің сыңғырын естідік. Оны өзіміз көбірек сынаңқырап жіберген мер­гендеріміз әперді. Зәуреш Бай­бо­сынова, Галина Беляева және Юлия Дришлюк 25 метр жерден тапаншамен атудан командалық бірінші орынды иеленді. Таңертеңгі квалификациялық сында сүрін­беген қыздарымыз түс ортасы ауа басталған финалда жинаған ұпай­ларының қорытындысы бойын­ша бірінші орынға шықты. Алғашқы күндері жүлдегерлерден қозы көш қалып кетіп, өкпемізді қара қазан­дай қылған мергендеріміздің атына артық ауыз сын айтсақ, қайтып алдық. Біздікі де ретсіз емес. Қа­зақ­стан байрағы аспан асты елінде желбіресе деген тілек қой. Әне, ал­пыс екі тамырды балқытып мемле­кетіміздің әнұраны ойналды.

Ал 16 қараша күні жарыс жолы­на шыққан спортшылары­мыздан ауыр атлеттерімізді бөліп қарайтын болсақ, оншалықты қуанта алмады. Дзюдошылар ши­рек финалдан өте алмады. Боксшы­ларымыздың бірі Мирас Жақыпов (52 кг) қатардан шықса, 69 кило салмақтағы Серік Сәпиев катарлық Нзам Хаванды, ал Данияр Төлегенов филиппиндік Чарли Суаресті 7:1 есебімен жеңді. Шахмат, велотрек, спорттық гимнастика, академиялық есу және жағажай волейболдан жүлдеге іліне алмадық. Азияның маңдайалды 45 мемлекетінің ортақ сыбағасынан мол қарпып алмадық деген біздікі де күпірлік шығар. Енді есесіне ауыр атлеттеріміз Азияның аузының суы құрып айтатын ортақ әңгімесіне айналды. Бас бапкер Алексей Ни үлкен дода­ның дуын көрсін деп жастарды да молынан әкелген. Солар сен­сация­лык ерлік жасады. 77 кг. салмақта Кирилл Попов жұлқа көтеруде үшінші кезекте 140, 145 және 147 кг. көтерді. Ал серпе көтеруде 170 кг.-дан бастап 175, 178 кг. төбесінде шырқатты. Қос сайыс­тан, 325 кг. жинап екінші орынға шықты. Бас жүлде солтүстік кореялық Панк Кимнің еншісінде. Оның жинағаны – 348 кг. Дәурен Шаутиев бауыры­мыз ауыр атлетикада қазақ жас­тары­ның алынбаған несібесі барын дәлелдеді. Ол қоссайыс қорытын­ды­сында 310 кг. ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Алты кезектің екеуінде ғана көтеріп, осындай тамаша жеңіске жетті. Қытайдың басты үміті Шу Да Жин көп асай­мын деп бірдеме болып қалатыны­ның керін келтірді. Жұлқа көтеруде екі кезек ала алмағанымен 158 кг. нәтижесімен бірінші орында тұр­ған. Бапкерлерін қара басты. 190 кг. тапсырыс берген. Қытай атлеті үш кезеңінде де күшенгенімен ауыр зілтемір ырқына бағынбады. Ал мейлі сеніңіз, мейлі сенбеңіз такти­калық ойында біздің Алексей Ни мен Энвер Түркелери кез келген құра­ма бапкерлерінің әкесін таны­тып жібереді екен. Бұл жолы да соған көз жеткіздік. Біздің Майя Манеза (63 кг) әлемнің екі дүркін чемпионы, бас бәйгені шаппай аламыз деген күпірлік ойдан аулақпыз. Халқы миллиардтан мол асып жығылатын Қытай өз елінде тосын сыйлықтар дайындай алады. Әуелгіде де солай болды. Жүлдеге таласқан алты мықтының ішінде моңғол қызы Намхайдори өз мүм­кін­дігін білді. Алты кезек көтеріп алтыншы орында қалды. Солтүстік кореялық Лонг де сөйтті. Ал, Оң­түстік Кореяның қос қызы Ким және Мун қос жақтап кірісті. Жұл­қа көтеруде екеуі де 100 кг. сал­мақты бір көтеріп тастады. Алексей Ни Манезаны әрі-бері ойнатып қос корейді алға салған соң 103 килоға шығарды. Майя қиналмай көтерді. Есіл дерті біздің қыздың соңын бағу болған кытай бапкерлері Шенге 105 кг. тапсырыс берген. Бірінші кезегінде көтере алмағанда алып сарайдағы қалың қытай ішін тартып ауыр күрсінді. Мун шығып, бір шыңғырып алды да 104 кг. көтеріп кетті. Қытай Шен қайта шығып 105 килоны игерді. Ким 105 килоны қиналып барып төбесіне шығарды. Біздің Майя сөзсіз асы­ғып кетті. Басқалар сияқты бақы­рып-шақыратын мінезі жоқ. Зіл­темірді басынан асыра беріп тастап жібергені. Зәреміз ұшып кетті. Қазақстандық қыз 106 килоны үшін­ші кезегінде көтерді. Ал, аруа­ғын шақырып шыңғырып жүрген Ким 107 кг, Шен 108 кг. салмақты игерді. Жұлқа көтеру бойынша Майя үшінші орында қалып қойды. 10 минөттегі үзілісте қазақстандық жанкүйерлердің қандай сезімде болғандығын сөзбен жеткізу қиын. Серпе көтеруде анық егес, іштей аңдысу басталды. Қос корей және қытай атлеті Манезадан қорқады. Бірінші шығаруға тырысады. Манеза 130 кг. тапсырыс бергенде Шен 140 кг. сұрады. Қос корей мұндай бопсаға шыдамады – екеуі де 125 килоға шығып, көтеріп кетті. 140 кг. сұрап тұрған Шен де шы­дамады. 125 кг. сұрап, ол да көтер­ді. Ал біздің Майя шықпайды. Ни сәл ғана салмақ қосып қояды. Майя­ны алға салмақ болып 130 кг. тап­сырыс берген Мун зорығып тыңды. Бақырып жүріп екі кезе­гінде де көтере алмады. Ким кө­теріп кетті. Шен 130 килоны ұстап тұра алма­ды. Болмаған соң 131 кг. сұрады. Тағы да көтере алмады. Ким соңғы мүмкіндігінде 130 кг. салмақты жұлып кетті. Әзірге бірінші орында. Пендеміз ғой, олар да Майяның 136 кг. көтере ал­мағанын құдайына қой айтып тіле­ген шығар. Майя екінші кезегінде шынында көтере алмады. Бізді де қара тер қысты. Тегін адам екі рет әлем чемпионы бола ма?! “Әй, ағайындар, төзім­деріңді сарқып көрейін деп едім, кешіріңіздер, мен үміттеріңізді алдамаймын ғой”, дегендей әдемі жымиып Майя соңғы кезегіне шық­ты. Басын иді. Бір толғап, төбесінде ойнатты! Көріп тұрмыз. Оңтүстік Корея бап­кері басын ұстады. Корей Ким жы­лап жіберді. Біздің корей Алексей Ни аспанға секіріп жүр. Қазақ­стандық жан­күйерлердің алапат сезімін айтпа­ңыз. Бай­рағымыз көтерілді. Әнұра­нымыз ойналды. Қасымызда отыр­ған шетел журна­листері “бақытты­сыңдар” дегендей қолымызды қы­сып жатыр. Ми­нистрден, бас бап­кер­ден, батыр қызымыздан ин­тервью алдық. 1994 жылдан құрама тізгінін ұстап келе жатқан Алексей Ни өзге мемлекет бапкер­лерін топалаң қылып кететін әдіс­терінің құпиясын ашты. Оны кейін кел­генде әңгімелерміз. Бет қатталып жатқанда су добынан Қазақстан құрамасы финалда Қытай спортшыларынан ұтылып, күміс жүлдеге ие болды. Сөйтіп, Қазақстан 2 алтын, 6 күміс, 11 қола медальдарымен жал­пы командалық есепте 10-орынға шықты.