19 Қараша, 2010

Әскери әріптестік

466 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков АҚШ Орталық командо­ва­ниесінің қолбасшысы генерал Джеймс Меттиспен кездесті. Кездесуде екі ел қорғаныс ведом­ство­лары арасындағы бесжылдық жоспар шең­берінде мамандар дайындау, әскери білім беру жүйесін дамыту сынды екі жақты ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Әңгіме арасында халықаралық қауіп­сіз­діктің басым мәселелері қатарында Ау­ғанстан бойынша екі жақты өлшемдегі ынтымақтастық екені аталып өтілді. Ауған мәселесі Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ға төра­ғалық еткен кезеңдегі бірден-бір маңызды басымдық екендігі еске салынды. Тараптар қазақстандық әскери қыз­мет­шілердің АҚШ Қарулы Күштерінің әскери оқу орындары мен мамандандырылған оқу орталықтарында, соның ішінде Ұлттық қорғаныс университеті мен командалық-штабтық колледждерде оқыту мәселелерін талқылады. Бұл бағдарлама бойынша барлығы 30 мамандық түрінен қазақ­стан­дық 370 әскери қызметші оқуға жіберілді. “Вест-Поинт” әскери академиясы, Ұлттық қорғаныс университеті, АҚШ Қарулы күш­терінің командалық-штабтық кол­ледж­­дері сынды жоғары әскери оқу орындарында 27 әскери қызметшіміз білім алды. Сонымен қатар, негізгі басымдық, әдет­тегідей, бітімгерлік дайындық мәселелеріне бөлінетін болады. “Қазбриг” – халық­ара­лық талаптарға сай келетін аймақтағы бір­ден-бір бітімгерлік құрама болса, “Дала қы­­раны” оқу-жаттығуын өткізу де ын­тымақтастықтың маңызды мақсаттарының бірі. АҚШ Қарулы Күштері Орталық ко­ман­дованиесінің қолбасшысы генерал Джеймс Меттис Қорғаныс министріне қазақ­стандық әскери қызметшілердің Иракқа көрсеткен көмектері үшін алғысын білдірді. Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы кездесудің соңында екі елдің ұстанған мақсаты бір екендігін, ол – мемлекеттер арасындағы өзара түсіністікті келісім мен ынтымақтастық арқылы кеңейту болып табылатынын атап өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.