19 Қараша, 2010

Дүбірге толы дүние

420 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ирактағы жағдай оңалуға бет бұрғандай Сонау көктемде бұл елде парламент сайлауы өткен. Оған жұрт үлкен үміт артқан еді. Парламент сайлан­ғанмен, үкімет құрылмай, жұрт тағы дағдарған. Енді, міне, сегіз ай өткенде, үкімет басшысы тағайындалды, ол – бұрынғы премьер-министр Нури әл-Мәлики. Әл-Мәлики – шиит өкілі. Ирак араб­тары­ның ба­сым көп­шілігі шиит бол­ған­мен, елдің ба­с­ым көп­шілігі емес. Сол араб­тар­­дың сүн­нит қауы­мын айт­па­ғанда, мұнда ай­­тар­лықтай күрд­тер тұрады, басқа халықтардың да өкілдері бар. Тек шииттерге сүйеніп, алысқа бара алмайсың. Қолдасын демеген күннің өзінде, тіл табысу керек. Соған да, міне, сегіз ай уақыт кетті. Тіл табысқанда, шииттер бас­қа­лармен билік бөлісуге тиіс. Жаңа сайланған парламентте көпшілік дауысқа ие “Иракия” фракциясы бар. Оған негізінен шииттерден басқалар біріккен. Ең алдымен онда сүнниттер бар. Осы сегіз айдың ішінде Мәлики сол блок басшыларымен келіссөз жүр­гізді. Америкалықтардың ара­ағайындығымен жүргізілген ке­ліс­сөз барысында “Иракия” кө­се­мі Айяд Аллауи мен Мәлики айтар­лықтай көп саудаласқан. Соның нәтижесінде бұларды пара­сатты тоқтамға келді деп айтуға әбден болғандай. Әңгіме мынада. Сол нәтижені шииттердің талайы ұнатпады, содан да Мәликиге өкпелі. Әри­не, парламентте көпшілікпіз деп “Иракия” блогындағылар үкімет тізгінін ұстауымыз керек дейтін­дер де аз емес. Бірақ келі­сімнің өзі белгілі дәрежеде бір мәселеде біреудің екінші жаққа илігуінің арқасында қол жететін дүние. Илікпеген жағдайда екі жақ та көп нәрседен ұтылады. Келісімнің арқасында үкімет басында Нури әл-Мәлики қалды. “Иракияға” парламент спикері тиді. Оған блок көсемі Айяд Аллауи емес, оның адамы Усама Над­жайфи сайланды. Бұл да так­тика­лық тұрғыдан дұрыс ше­шім. Сол спикердің орын­ба­сарлары болып “Күрд аль­я­н­сы­ның” өкілі Ареф Тайфур мен шиит Абдел Вахаб ас-Сухаилдың сай­ланғаны да ынты­мақ­тың көрі­нісі іспетті. Күрд пре­зи­денті Жалел Та­ли­банидің бұрынғы­сынша ел президенті міндетінде қалғаны әркез қақтығыса беретін шииттер мен сүнниттерді ынтымаққа ша­қырушы тұлға ретінде орынды шешім деген жөн. Осы жерде Нури әл-Мә­ликиге жеке тоқтала кеткен орын­­­ды. 2006 жылы үкімет басы­на келіп, қиын кезеңде елін басқарды. Алғашын­да жұрт оны басқаның ықпалында жүретін қайраткер санаған. Кейінірек ол “мінез” көрсетті. Ал­­­ды­мен өз “тен­тегін” тыйды. Елдің оңтүс­тігінде және астанада бой көрсет­кен шиит жасақшы­ларына қатаң шара қолданып, жұртты таңдан­дырып қана қойған жоқ, прин­циптілігімен танылды. Одан соң шииттердің қарсылы­ғына қара­май, сүннит арабтармен қарым-қатынасын түзетті. Ирактың саяси өмірінде бел­гілі дәрежеде тұрақтылыққа жет­кізетін оң өзгерістердің бар­лығы да аңғарылады. Бірақ, сонымен қатар, соңғы кезде өрши түскен лаңкестік әрекеттер жұртты шо­шы­тып та отыр. Мұны жағдай­дың оңға қарай өзгергені­не қар­сылықтың көрінісі деп те қабыл­дауға болар. Оң бетбұрыс терең­дей түссе, арандатушы күштерге қарсы амал да табылар. Бұл елдегі жағдайға бүкіл әлем көз тігіп отыр. Жазықсыз қан төгілмесе екен дейді. Лаңкес­тердің көзі жойылса екен дейді. Мұсыл­мандар бір-біріне жау болмаса екен дейді. Бәрінен құ­ты­лып, қаншама жыл қанға бөккен ирак халқы еңсесін көтерсе екен дейді.