ЕҚЫҰ төрағалығы ТМД елдерінен және мұсылман жұртының арасынан алғаш рет біздің елге сеніп тапсырылды. Мұның өзін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының жемісі деп білеміз.
Енді, міне, таяу күндерде көптеген беделді елдердің басшылары Астана Саммитіне жиналмақ. Бұл басқосудың қаншалықты маңызының бар екенін Түркістандағы халықаралық оқу орнының оқытушылары мен Түркі дүниесінің 28 ұлт пен ұлыстарының өкілдерінен тұратын студенттері де жан- жүректерімен сезінуде және тағатсыздана күтуде. Өйткені, осы шара арқылы әлемде оңды істерге қадам жасалады деп сенеді.
Қазақстан осынау халықаралық Ұйымға төрағалық ету ниетін білдіре отырып, оған әзірлік барысында көптеген саяси шешімдерді қабылдады, өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында көптеген белестерден өтті. Бір кездері халықаралық ұйымдардың белсенді қолдауына ие болған еліміз оны маңызды істермен айшықтап, өзі де әлемдік ауқымда өнеге көрсететін жағымды бастамаларымен байыта түсті. Ең алдымен, ЕҚЫҰ ұсыныстарына сәйкес елде кең ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. Оның ішінде 2007 жылы жүргізілген конституциялық реформалардың маңызы үлкен. Соның нәтижесінде елімізде саяси партиялар туралы, сайлау туралы, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, Парламенттің және жергілікті мәслихаттардың рөлі анағұрлым арттырылды, Қазақстан президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға айналды, халық пен билік арасындағы көпір тәрізді үкіметтік емес ұйымдардың рөліне маңыз берілді.
Енді, міне, Қазақстан өзінің аршынды қадамымен 1999 жылы Анкарадан кейін Астана Саммитін өткізуге бар ынтасымен кірісті. Онда, біріншіден, әлемнің ең беделді де белді басшылары жиналады, бұл ел үшін, жұрт үшін сөзсіз абырой, мәртебе. Ал екіншіден, бұл шара Қазақстанға үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі, саммит сияқты халықаралық шараны өткізуіміз, жоғарыда да айтқанымыздай, біздің еліміздің күллі ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы беделін айқындап беріп отыр.
Еліміздің Еуропа төріне шығуы мемлекетіміздегі толеранттылықтың жоғары деңгейге көтерілуінің арқасы, елдегі бірлік пен ынтымақ орнағанының және діндер арасындағы келісімнің нәтижесі. Жалпы алғанда, саммит ұйымдастыру арқылы Қазақстан өзінің қолынан көп іс келетінін дәлелдеп беріп отыр.
Ж.АЙМЕНОВ, А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің вице-президенті. Түркістан.