“Үшінші себет”
Астана Саммиті гуманитарлық ынтымақтастыққа қалай ықпал етпек?
“Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті: гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту” атты дөңгелек үстелді өткізудің өзектілігі сонда, бұл басқосу ЕҚЫҰ-ның “үшінші себеті” шеңберіндегі міндеттерді – елдердің ішкі дамуындағы айрықша көкейкесті түйткілдерді, яғни ЕҚЫҰ аясында гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету мәселесін шешу маңыздылығына негізделген.
“Гуманитарлық себеттегі” сауалдар экономика және қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы әріптестік сынды белгілі дәрежеде маңызды мүдделестікке жетелейді. Сондықтан да сарапшылар ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық міндеттемелерін атқару мен бекемдеудегі Қазақстанның рөлі, келешегі және жоспары туралы айтып қана қоймай, үш бағытта әңгіме өрбітті. Философия және саясаттану институтының директоры Ә.Нысанбаевтың “Еуразиялық ынтымақтастық және адами өлшемдер” тақырыбына, ҚСЗИ директорының орынбасары З.Шаукенованың “Еуропаға ашылған гендерлік терезе”, Философия және саясаттану институтының аға ғылыми қызметкері А.Косиченконың “ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық себеті қызметіндегі дін” мәселелеріне арналған баяндамалары барынша мазмұнды әрі қызықты шықты.
Дөңгелек үстелде сарапшылар “Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде конфессияаралық, этносаралық толеранттылық пен мәдениетаралық үнқатысу, азаматтық қоғамның дамуы сынды адами өлшемдерге басты назар аударды” деді.
Қатысушылардың пікірінше, адами өлшемдердің бұл көрінісі қазіргі кезде қазақстандық үлгі ретінде қалыптасып үлгерді. Осыған байланысты соңғы уақытта толеранттылықтың “қазақстандық үлгісі” халықаралық жетекші сарапшылар мен саясаткерлердің қызығушылығын арттырып отыр, деді біздің зерттеушілер.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Б.Сұлтановтың айтуынша, Астана Саммиті ЕҚЫҰ дамуының жаңа беттерін ашады. “Қазақстан ЕҚЫҰ-ның дамуына үлкен үлес қосты. Біздің Елбасының бастамасымен дипломатиялық лексиконға жаңа терминдер қосылды. Егер бұрын Ұйым қызметінің еуроатлантикалық бағыты туралы айтып келсек, қазір барлық құжаттарда ЕҚЫҰ-ның еуроатлантикалық және еуразиялық бағыты туралы жазыла бастады”, деді институт директоры.
“Қазіргі Қазақстанның жеңістері мен табыстары жеткілікті. Алда Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін саммит – осы табыстардың бірі”, деді саясаттану ғылымдарының докторы Ю.Булуктаев.
Стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшылары 56 мемлекеттің басшысы, 60 халықаралық ұйымның жетекшілері, 500-ге тарта үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Қазақстанға қазіргі алмағайып замандағы көкейкесті мәселелерді талқылап, шешім қабылдау қажет болғандықтан ғана келуге келісім берген жоқ, олар Қазақстанның табыстылығы мен тұрақтылығын мойындағаннан да осы басқосуға мүдделі болып отыр, деді.
“Еліміздегі экономикалық және ішкі саяси жағдай соңғы жылдары Кеңес өкіметінің шекпенінен шыққан елдерге үлгі болуда. ТМД кеңістігінде жаһандық дағдарыстың зардабын аз тартқан елдің бірі де Қазақстан болды. Республиканың барлық аймағында тұрғын үй құрылысы ғана емес, әлеуметтік нысандар кезегімен бой көтеріп, ескісі жаңғыртылуда. Жолдар салынуда. Қазақстандық билік сыртқы саясатта да таразыға салынған, теңестірілген саясат ұстануда. Бұл тек қазақстандық дипломатия мен сыртқы саясаттағы мекемелердің табысы емес, бүкіл халықтың ортақ ауызбіршілігі”, деді ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Ю.Булуктаев.
Осындай кәсіби сараптамалық талқылау ЕҚЫҰ Саммитінің күн тәртібіне енуі мүмкін гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы маңызды бағыттарды белгілеуге, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық және адами өлшемдер шеңберіндегі өзара ықпалдасудың нақты механизмдерін айқындауға мүмкіндік береді.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.