19 Қараша, 2010

Өндірісі өрлеген өңір

541 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Әкіммен әңгіме Теміртаудағы ерен еңбек ортасында шыңдалып, Үкіметте беделді белестерден өткен   танымал азамат Серік АХМЕТОВТІҢ Қараған­ды облысы басшысы міндетін атқарғанына жыл толды.   Өзгерістерді өр­кендетудегі ізденістердің іске асырылуы қалай, алда тұрған мін­деттер қандай? Әкіммен әңгіме осы жөнінде өрбіді. – Серік Нығметұлы, өңір еліміздің индустриялық жүрегіне теңеледі. Сөз басында облыс экономикасының ағым­дағы жылдағы дамуына тоқталсаңыз. Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемінің өсімі қандай? – Биылғы 9 айдағы облыстың әлеу­меттік-экономикалық даму қоры­тын­­дысына қарап, экономиканың база­лық салалары қарқынды дамып келеді деп айтуға болады. Аймақта өнімнің жалпы көлемі бірінші жартыжылдықта 786 миллиард 218 миллион теңгені құрады. Бұл – рес­­публикалық ішкі өнімде облысы­мыз үлесі 8,4 пайыздан 8,6 пайызға көте­ріл­ді деген сөз. Оның өсімі қызмет көр­сету саласы секторының ұлғаюы­мен сипатталады. Ол, ең алдымен ішкі сұраныстың өсуі мен халықтың төлем қабілетінің артқандығын көрсетеді. Экспорттық бағыттағы өнімге сұра­ныстың артуы өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда өнеркәсіптік өн­ді­ріс көлемінің 6,6 пайызға өсуіне ықпал етті. Атап айтқанда, өңдеу сек­то­рында 6, тау-кен саласында 20, энергетикада 14 пайызға ұлғаю есебі­нен қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері 12 жаңа өндіріс іске қосылып, 5 мыңнан астам жұмыс орындары ашыл­ды. Аймақтың Қазақстан өн­ді­рісінің қарашаңырағы саналатындығы белгілі. Сол мәртебесіне сай болуы үшін барлық мүмкіндік қолдан жіберілмеуде. – Экономиканы одан әрі жаңғырту және әртараптандыруда қандай жоба­ларға басымдық беріліп отыр? – Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша жасалған үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарла­ма­сы шеңберінде облыстан индус­трия­­ландыру картасына бастапқыда құны 75 миллиард теңгеден асатын 18 жоба енгізілді. Жобалардың сапасына деген талаптың қатаңдығына қарамас­тан бәрі қабылданды. Мұның өзі 2192 адамның еңбекке қамтылуына мүм­кіндік береді. Бірінші жартыжылдықта 6-уы іске қосылды. 10 жоба жыл аяғына дейін жүзеге асырылып, 755 жұмыс орны ашылады. Аймақтық үйлестіру кеңесі индус­трияландыру картасын тағы 5 жобаға толықтырды. Бұлардың қатарында Қа­рағанды құю-мәшине жасау зауытында “КазБелАЗ” техникасын құрастыру және қосалқы бөлшектер шығару, “Сары Қазына”ЖШС катодты мыс өндіретін зауыт салу, “Номад”ЖШС би­дайды терең өңдеуді игеру, “Май­құдық құс фабрикасы” ЖШС өн­дірістік кешенді кеңейту бар. Ал “Алтайполиметалл” компаниясы Егіндібұлақ аймағынан ашылған “Көк­тасжал” кенішін игеруге кірісті. Жы­лына 3 миллион тонна мыс кенін өңдейтін байыту фабрикасы салынуда. Жаңа өндіріс ошағы кеніш жанындағы Теректі ауылының әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайын жақсартуға қамқорлық көрсетпек. Өңірлік маңызы бар мұндай жобалардың саны алдағы уақытта арта түсетін болады. Қазақстандық үлесті арттыру үде­ме­лі индустриялық даму бағдар­ла­ма­сын­дағы басым бағыттардың бірі. Об­лыстың тауар өндірушілері ұлттық ком­панияларға 20 миллиард теңгеге жуық өнім жеткізеді. Жүйе құрушы кә­сіпорындардың сатып алу қабілеті 300 миллиард теңгеге жетіп, отандық өнім үлес салмағы 62 пайызға көтерілді. Облыс экономикасының негізін кен өндіру және өңдеу өнеркәсіптері құрайтыны мәлім. Аймақтың жалпы қосымша құнының 50 пайызынан астамы аталған салалар есебінен құ­рала­ды. Осы ерекшелікті ескере оты­рып және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес “Базалық өнер­кәсіп салаларын дамытудың тұжырым­дамасы” жасалды. Шикізатты өңдеу және бәсекеге қабілетті өнімдер шы­ғаруда озық әдістер мен технология­ларды ендіруге бағытталған қазіргі заманғы индустриялық жүйе жасау басты міндет ретінде алға қойылды. Өңір өндірісінің өркендеуіне жол аша түсуде ежелден тән дәстүрлі алты саланы, яғни көмір өнеркәсібін, қара және түсті металлургияны, кен өндіру секторын, металл өңдеу және мәшине жасау, химия және фармацевтика буы­нын, құрылыс индустриясын дамытуға баса назар аударылып отыр. Мәселен, соның арқасында 2014 жылы ішкі аймақтық өнім өсімі 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда 32, ал еңбек өнімділігі 111 пайызға артуы тиіс. Кәсіпорындардың импорттық үлесін 55-тен 35 пайызға төмендету, энергия шығынын 10 пайызға азайту, инно­вациялық өндірістер өсімін қол­даныста барлары есебінен 6-дан 10 пайызға дейін арттыру міндеттері көзделеді. Алдағы бес жылда жоғарыда аталған тұжырымдама мен индустрия­ландыру картасы арқылы 104 ин­дустриялық жоба іске асырылады. Айта кету керек, өрлеу бағыты шағын және орта бизнес құрылымдарымен, даму институттарымен бірлесіп жа­сал­ды. Осының нәтижесінде инвести­ция­лық жобаларды дамыту мен облыс инфрақұрылымын жақсарту және ре­сурстық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған байланыстардың нығаюы қалып­тастырылды. Тұжырымдамада мәшине жасау саласына серпін беру белгіленген. Оны қайта қалпына келтіру, өнімдер үлесін технологиялық негізде жаңарту, ең­бекті жаңаша ұйымдастыру күткен­де­гідей атқарылып жатыр. Осыған орай үш жыл ішінде жалпы қосымша құнды 78 пайызға арттыруға және бұл буында жұмыс істейтін әрбір адамның еңбек өнімділігін 59 пайызға ұлғайтуға қол жеткізілмек. Әрине, мақсат биік. Бұл үшін өңір­дегі мәшине жасау зауыттары, ғылыми мекемелер технопарк базасында “Қа­рағанды мәшине жасау” консорциу­мы­на біріктірілді. Осынау құрылым­ның таяу болашақтағы міндеті мәшине жасау кәсіпорындары мүмкіндіктерін бір бағытқа шоғырландыру, өндіріс кооперациясымен қатар сауда сая­сатын қамтамасыз ету, саланың жүйелі жұмысын ұйымдастыру, аймақтық техникалық паркті жаңартуды жүзеге асыру болып табылады. Консорциум шеңберінде атқары­лып жатқан жұмыстар нәтижелеріне қа­тысты нақты екі мысал келтіруге болады. Біріншісі, кен-шахта құрал-жабдықтарын шығаруды қолға алу, екіншісі, коммуналдық және ауыл­ша­руа­шылық техникасына арналған ас­палы құрал-жабдықтар өндірісін құру. Бүгінгі күні консорциум құрамына 26 мәшине жасау және металл өңдеуші кәсіпорын, үш институт пен техно­парк – барлығы 30 субъект қамтылған. Оларда 2850 адам жұмыс істейді. 9 айдың ішіндегі өндіріс көлемі 2 мил­лиард 350 миллион теңгені құрады. Бұл ретте консорциум кәсіпорын­дарына “АрселорМиттал Теміртау” бойынша жүктеме 363, “Қазақмыс” корпорациясына 51, “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ 220 миллион теңге бол­ды. Тау-кен шахталық құрал-жаб­дықтарын шығару жағдайына келер болсақ, “АрселорМиттал Теміртау” ком­паниясы мен “Глинник” консор­циумының өкілдерімен кеңестер өткізілді. Тараптар қатысу үлестерін 30 пайыздан кем қылмай 2011 жылы Қа­рағанды мәшине жасау зауыттарында механикаландырылған кешендер дайындалатын болып келісілді. Сонымен қатар, “АрселорМиттал Теміртау” компаниясы жанынан да Бір­лескен мәшине жасау зауыты ұйым­дастырылды. Оның құрамына “Тау-кен мәшинелері зауыты”, Стан­дартты емес құрал-жабдықтар мен ша­ғын механикаландыру, Тау-кен техни­касы құрал-жабдықтарын жөндеу” зауыттары және “Энергозауыт” кірді. Жыл басында Семей мәшине зауытымен Қарағандыда шығарылатын аспалы құрал-жабдықтарды тіркеу үшін 100 МТЗ-82.1 тракторын алмасу туралы меморандумға қол қойылды. Сөйтіп, басқа жақтан сатып алынып келген осындай техника енді 7-11 пайызға арзан бағаға алынады. Аста­наның “Вектор комбайн” зауытына кө­ліктік арбалар мен минералды тыңайт­қыштарды ұнтақтайтын және шашатын жабдықтар жасауға келісім- шарттарға қол қойылды. Оған қоса консорциум көтеру көлік құрал­дарын, соның ішінде жүк лифтілерін, энер­гетикалық және көліктік құрал-жаб­дықтарды, сондай-ақ балама жылу бе­ру агрегаттарын шығарумен айна­лысады. – Әңгімені әрі сабақтағанымызда тағы бір көкейкесті жай – шағын және орта бизнесті қолдау мен нығайтуға бағытталған шаралардың ықпал-әсерін айтып өтсеңіз. – Сауалға орай әуелі деректерге жүгініп көрелік. Соған сүйенсек, мәлі­меттер кәсіпкерлік құрылымдардың өнім өндіруі былтырғы сәйкес кезең­мен салыстырғанда 14 пайызға арт­қанын, яки 188,1 миллиард теңге құ­рағандығын айғақтайды. Экспортқа бағытталған секторлардағы өндірістің өсуі ішкі сауда айналымының 31 пай­ызға (6,5 млрд. АҚШ долл.) ұлғаюына ықпал етті. Тауарлардың сыртқы ры­нокқа өткізілуі өткен жылдағы деңгейге қарағанда 39 пайызға артты (5,5 млрд. АҚШ долл.). Есесіне им­порт көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ. Сауда балансының оң сальдосы жыл басынан бері 1,5 есеге өсуі де жағым­ды жаңалық. Бұдан байқалатындай ілге­рілеу қадамы жаман емес. Шағын және орта бизнеске мем­лекеттік “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы негізінде қанат жай­дырылып келеді. Ірі өндіріс орындары жанынан кәсіпкерлік субьектілердің тұтас жүйесін қалыптастыру қолға алы­нуда. Бұл шара қазақстандық маз­мұнды күшейтіп қана қоймай, оның аймақ экономикасының өнеркәсіп саласындағы үлесін арттыра түсуге мүм­кіндік береді. Үлкен маңызы бар жо­балар жайлы атағанда халық тұты­натын өнімдерді өндіруді ұлғайтуға баса көңіл бөлінуде. – 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы орындалысын қорытындылайтын кез келіп қалды. Білетініміздей, оның қар­қынына жұртшылық риза. Ол сақтала ма? – Тұрғындарды баспанамен қам­тама­сыз ету – Елбасының маңызды тапсырмасы. Сол себепті бұл мәселе үнемі күн тәртібінде. Облысымызда осы бағдарлама бойынша өткен 10 айда 23,1 мың шаршы метр немесе 336 пәтер пайдалануға берілді. Құрылыс құлашы одан сайын кеңге сермеледі. Бір айта кетерлігі, бұған дейінгі екі жыл­да осы мақсаттарға бюджеттен жыл сайын 820 миллион теңгеден бө­лінсе, келесі жылдан бастап әр жылға 1 миллиард 68 миллион теңгеден бөлінетін болады. – Өндірісі басымырақ өңірде тұр­ғындарды азық-түлік түрлерімен жет­кілікті қамтамасыз ету қашаннан оңай мәселе болмай отырғандығы мәлім. Осы істің оңтайы қалай табылып жатыр қазір? – Алдағы онжылдықта жергілікті экономиканы жедел дамыту агроөнер­кәсіп кешенімен бірге өріліп жүргі­зіледі. Негізінен үш бағытта жүзеге асырылады. Біріншіден, еңбек өнімділігін көтеру, ауылшаруашылық тауар­ларының көлемін арттыру, сапасын жақсарту, бәсекеге қабілетті сұранысы жоғары өнім шығаруға қол жеткізу алда тұрса, екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте үш жыл ішінде ішкі рыноктағы азық-түліктің 80 пайызын төл өнімдері құрауына қол жеткізіледі. Содан соң өндірілген өнімдердің экс­порттық әлеуетін көтеріп, сыртқа көп­теп өткізілуіне жол кеңейтіледі. Абай ауданындағы “Астро-Агро” ЖШС-нің 2600 мүйізді ірі қараға арнал­ған бор­дақылау кешені құрылысын бастауы, Майқұдық құс фабрикасы­ның жаң­ғыртылуы осы бағыттағы ірі қадамдар. Сыйымдылығы 10 мың тонналық кар­топ сақтау қоймаларын салу бұл өнімге тұтынушылардың сұранымын жыл бойында өтейді. Осыған байланысты біршама іс-шаралар атқарылып жатқандығын айта кету керек. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, ауыл шаруашы­лығы басқармалары бүкіл ауылдық аудандар әкімдіктері қатысуымен “2010-2012 жылдарға арналған ауыл­дық кенттерді дамытудың үш жылдық бағдарламасын” жасады. Бұл құжаттың тұжырымдамалық негізі ретінде мем­лекеттік инвестицияларды экономика­лық жағынан жақсы дамыған елді мекендерге бағыттау жолы анықталды. Түйіндей түсіндіргенде, мектеп, ауру­хана, мәдениет, спорт кешендерін са­луға, жол жөндеуге, ауыз су және жарықпен қамтамасыз етуге арналған бюджеттік қаржылар, ең алдымен, тұрғындарының табыс деңгейі жоғары ауылдарға бөлінеді. Әрбір ауылда монша, наубайхана, басқа да тұрмыстық нысандары бо­луына ерекше көңіл бөлініп, олар жоқ жерлерге қаржылай көмек беру қарастырылған. Жалпы алғанда, ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы оң өзгерістер жылдан-жылға тереңдей түсуде. Оны экономикалық дамудың маңызды ресурсына айналдыру ұдайы назарда ұсталады. – Денсаулық сақтау мәселесі де сіздің тұрақты бақылауыңызда екені медициналық мекемелерді жиі аралауы­ңыздан байқалады. Сөз кезегін соған бұрсақ. – Соңғы уақытта бұл буындағы серпіліс сезіліп келеді. Дәлірек айтсақ, аналар өлімі өткен жылға қарағанда 5 есеге төмендеп, сәбилер шетінеуінің 15 пайызға азаюы соның бір көрінісі дер едік. Құрт сырқатына шалдығу – 7, одан қайтыс болу 24 пайызға, жүректің ишемиялық ауруынан болған өлім 2 есе кеміді. Бүгінде көп мәселенің түйіні қар­жыға келіп тірелетіндігі жасырын емес. Дегенмен, қолдауға өкпеміз жоқ. Был­тыр облыс денсаулық сақтау саласына 30,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл мұның алдындағы қаржыландырудан 4,2 пайызға артық. Медициналық ұйымдар бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша жұмысқа кірісті. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында салада мемлекет – жеке меншік әріптестік мәселесіне айрықша мән берілуіне байланысты жалпы сомасы 250 миллион теңге көлемінде жеке инвестициялар тартылып, бір­қатар жобалар іске асырылды. Темір­тауда геподиализ, Қарағандыда зерт­ханалық диагностиканың жоғары тех­нологиялар орталығы ашылды. Кейін­гісі, өңірдегі мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде жүзеге асы­рылған алғашқы жоба. Онда 65 мыңға жуық адамға медициналық қызмет көр­сетіледі. Орталықта жеке бизнеске орын бөлінген. Мұндай істер жалғас­тырыла береді. Алдағы жылда онколо­гиялық ауруларды емдеудің жоғары технологиялық әдістері енгізіледі. Жобаның құны – 1 миллиард теңге, оны жүзеге асыру үшін шетелдің білікті мамандары қамтылады. – Аудандарда бірегей емханалар, ауруханалар салынды. Алайда, соларда орнатылған кейбір қымбат қондыр­ғы­лардың арнаулы мамандар жоқтығынан қолданусыз тұрғандары кездеседі. Кәдеге аспаса, пайдасы шамалы ғой. – Оныңыз рас. Қандай керемет құрал-жабдықтар сатып алынғанмен, егер оның тілін меңгерген мамандар болмаса, бостан-босқа қалғанмен бірдей. Сондықтан медицина қызмет­керлерін оқытуға, әсіресе, шетелде білімін жетілдіруге ерекше талап қойылуда. Сол үшін 43 миллион теңге бөлінді. Олардың алды Санкт-Петер­бург, Қорған қалаларында, Чехия, Израиль, Литва мемлекеттерінде даярлықтан өтуде. Сонымен қатар, әлемнің алдыңғы қатарлы клиника­ларынан білікті мамандар шақырылып, шеберлік сынып өткізу жолға қойылып жатыр. Осындай шараның бірі балалар кардиохирургиясы бойынша өткізілді. – Қарағанды еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік шаһар ғана емес, мәдениет пен өнер орталығы ретінде де аян. Мә­дени, ойын-сауық орындары жеткілікті болғанмен, әлі күнге дейін қалада қазіргі заманғы концерттік зал салын­баған екен. Жақында осы мәселе оң шешімін тапқан сыңайлы деген сүйінші хабарды құлағымыз шалып қалды. Соның мән-жайын тарқатып айтып берсеңіз. – Иә, Сарыарқаның қарашаңы­рағы саналатын Қарағандының өркен­ниетті, жоғары мәдениетті шаһарға айналуы күннен-күнге байқалып келе жатқан құбылыс. Мұндағы сан мың өнерсүйер қауымды әсем әнге, әлемдік музыка құдіретіне сусын­да­татын халықаралық талғамға сай за­манауи концерттік зал салу уақыт талабы болатын. Енді соның сәті туып, іргетасын қалауға әзірлік басталды. Қа­ланың көрнекті тұсынан бой көте­ретін кезі алыс емес. Мәдениет ми­нистр­лігі 2011 жылдың инвестициялық жобаларының тізіміне енгізілуін қолдады. Сәтін салса, Қарағанды тағы бір зәулім сараймен сәнденгелі тұр. – “Мәдени мұра” бағдарламасының аяқталып қалғанын ескерер болсақ, осы жұмыстар тоқтап қалмай ма? – Жоқ, тоқтамайды. Жұмыс әлі де жалғасады. 2011-2012 жылдарға арнал­ған облыс бюджетінде археологиялық қазбаларды ұйымдастыруға, тарихи және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруге, этнографиялық зерттеулер жүргізуге арнайы қаржы қарастыры­латын болады. Ал облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақ мәде­ниетінің залы ұйымдастырылып, онда Қарқаралыдан табылған “Алтын адам” әшекей бұйымдары, ерте тас дәуірін көз алдыңа елестететін макеттер, бес қаруы сай сақ көсемінің бейнесі жұрт назарына ұсынылады. Тау-тасы, орман-тоғайы, шетсіз-шексіз даласы тарих тереңінен сыр шертетін қасиетті Қарағанды жерінің, Арқа төскейінің ғасырлардан келе жатқан рухани қазынасын, асыл мұ­расын сақтап, жастардың бойына сіңі­ру, келер ұрпаққа жеткізу, отаншыл­дық сезімді биікке көтеру мерейлі мақсат. – Облыс орталығын, қалаларды, елді мекендерді көркейту барысы қалай? – Қарағандының әдемі қалалар са­на­тына жататындығы тұрғындар мақтанышы. Оның салыну жобасын кезінде Мәскеу мен Ленинградтың озық сәулетшілері жасаған. Олар әрбір нысанға, көшеге, көпірге, үйге ерекше жауаптылықпен қарап сұрықсыздыққа жол бермеген. Сол үрдіс сақталуы керек, қала дамуына жаңаша көзқарас керек. Бұдан былай қарай саябақтар, гүлзарлар, аллеялар, көгалды алаңқай­лар, су бұрқақтар көркін жарастырады. Сәнді ғимараттар бой көтерерлік жер­лер де, оларды салатын жағдай да бар. Салынып жатқан зәулім мешіт, бокс, теннис орталықтары, мұз ай­ды­ны  сәулеттік өнердің үздік үлгілері. Кө­­галдандыру мен абаттандыру бағ­дар­ла­масы аясында 114 мыңнан астам ағаш көшеті мен бұта отырғызылды. Қара­ғанды-Теміртау жолы бойындағы жасыл белдеу кеңейтілуде. Орайы келгенде келер жылы бүкіл ел болып атап өткелі отырған мерейлі мерейтой – Қазақстан Республи­ка­сы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесіне дайындық туралы тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Қазірдің өзінде белгіленіп қойылған іс-шаралар жоспарына сәйкес нақты жұмыстар жүргізілуде. Тәуелсіздік алаңы ба­рынша сән-салтанатты бейнеге енеді. Қаз дауысты Қазыбек бабамызға, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловқа, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевқа еңселі ескерткіштер бой көтереді. Қаладағы барлық хауыздар іске қосылады. Әрбір елді мекенде кем дегенде екі нысана тарту етіледі. Ал облыс бой­ынша мереке алдында 60-тан аса әлеуметтік-мәдени және өнеркәсіптік нысан пайдалануға беріледі. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап келген азаттықтың ақ таңы арайлап атқан осынау күнге арналып ат­қарылатын игі істер өлке өміріне жаңа өзгерістер әкелетіндігіне сенім мол. Осы тәуелсіздіктің тұғыры биіктігі Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назар­баев­­тың қайраткерлік тұлғасымен тығыз байланысты екенін қарағанды­лықтар да орынды мақтаныш тұтады. Енді аз күнде Астанада өткізілгелі отырған Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының Саммиті ел тарихындағы тағы бір асу белес болып қалары талассыз. Оған дайындықтың жауапты жүгін облыс ойдағыдай атқара алды. Қажет болған жағдайда мәр­тебелі меймандарды қарсы алуға “Сарыарқа” әуежайы сақадай-сай. Міндет – мақсат бүгін кешегіден де асқақ. Ең күрделі саналатын эко­номикалық ірі жобалар күтіп тұр. Бүгіндегі бүкіл күш-қабілет соны іске асыруға жұмылған. Әңгімелескен, Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20