20 Қараша, 2010

Жетінші орындамыз

465 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Бұл ауыр атлетшілер әперген қос алтын медальдің арқасында мүмкін болды Кешегі мақаланың соңында бүгінгі күн, яғни, 18 қараша сәтті басталды дедік. Бұл күні 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальға қолымыз жетті.

Бақтияр ТАЙЖАН,– Гуанчжоу (Қытай).

Құлқын сәріде жарысқа түскен мергендеріміз 50 метрден мыл­тық­пен үш жағдайда атуда қолымызды күміске жеткізді. Олар: Ю.Юрков, В.Довгун және И.Пирекеев. Ас­танада өткен Азия чемпионатында есе жіберген тәжік Хусейннен қа­рымта қайтарған таэквондошымыз Арман Шылманов өзі үйренген үш­тігінде қалды. 100 м. қашық­тық­қа әртүрлі тәсілмен жүзудегі эстафе­та­лық жарыста Владислав Поляков бастаған төрттігіміз алдына жапон мен корей жүзгіштерін ғана салды. Жағажай волейболында Людмила Исаева мен Инна Рахматуллина бет қаратпай келе жатыр. Оған дейін Қытай, Гонконг қыздарын ер­кін еңсерген олар корей спорт­шыларына да мүмкіндік бермеді. Боксшы Иван Дычко (+91 кг) өзбек Сардор Абдуллаевты 8:1 есе­бімен жеңді. Иванның қарсы­лас­та­рын интернет арқылы зерттеп көрдік. Құдай қош көрсе жерле­сіміз бас бәйге алатындай жағ­дайда. Есесіне 56 кг. салмақтағы Данияр Төлегенов Бутан бокс­шы­сынан жеңіліп қалды. Бұл күні тағатсыздана күткені­міз ауыр атлетшілердің жекпе-жегі еді. Сарай алды қарақұрым адам. Қазақстандық студенттерді көріп қалдық. Үш сағаттан бері таба­ны­мыз­дан таусылып, билет іздеп жүр­міз, дейді. Қазақстанның көк бай­­рағын жамылып жүрген бауыр­ларымыздың отаншылдығына сүйсіндік. Энвер, Алексей – ауыр атлеттер кемеңгері 94 кг. салмақта алтын алмақ ниеттеміз. Азияның 17 мықты­сының алғашқы тоғызы “В” тобында бақ сынаған. Яғни, аса мықты емес. Іріктелген сегіз саңлақтың ішінде де бас жүлдені түсінде ғана көретіндер болады. Сондықтан тұғырға алдымен солар шығады. Жұлқа көтеруден тартыс басталды. Әрі-бері ырғастан соң 4 мықты іріктеліп қалды. Алмас Өтешев 155, 165 және 170 кг. кө­тер­ді де соңын күтті. Өзбекстандық  Рустам Нуриддинов  жұлқа көтеру­де 170 килоны бағындырып, екі кезегінде 175 килоны ала алмады. Қытай Чанг та 170 кг-дан соң екі ке­зек ышқынып шығып, 175 ки­лоны көтере алмай кетті. Корей Ким Ми 170 және 175 кг. көтерді. Біздің Илья Ильин 170 пен 175 килоны бағындырған. Тұғырға шықпаған иран Ефрамини Фарвод ғана. Жарысқа қатысуды ұмытып кеткен сияқты. Корей Ким 178 килоны ышқынып барып көтерді. Илья осы салмақты кеуделетіп бара жатып тастап жібергені. Көңілде тек алтын медаль ғана тұрған қазақстандық жанкүйерлердің мазасы қалай қашқанын осыдан кейін шамалай беріңіз. Осы кезде “мен бармын” дегендей, иран Фарвод шықты. Сұрағаны – 179 кг. Қос қолымен зілтемірді қыл­қындыра ұстады. Шалқақ кеудесін екі жаққа бұрып көрді. Әуелетіп әкетті. Еркін. Өзінен басқа ешкім қалған жоқ. Қайта шықты. Тапсырыс бергені 183 кг. Біздің көзіміз төбемізге шығып кете жаздады. Тағы да керілді. Тағы да тік көтеріп кетті. Еркін. Жерге жаншып жіберетін зілтемір емес, бір қап ұн көтеріп жүрген сияқты. Бәрімізден түр кетті. Өз ішімізде де мысықтілеулілер бар екен. Ильин жете алмайды, күміс алса соның өзі олжа дейді. Адал асыңды ішіп, дастарқаныңды тіліп кететін осын­дайлар ғой. Иран соңғы кезегіне шықты. Қазірдің өзінде бақандай 8 кг. озып тұр. Енді, 186 кг. алса тау көтерген Толағай болып кетсең де алтынның ауылы алыс. Пендеміз ғой. Көтере алмаса екен деп тіледік. Бізге өз мемлекетіміздің намысы қымбат. Ефраними шы­нында да көтере алмады. Үзіліс. Ойы­мыз тиянақ таппайды. Илья Бейжіңде серпе көтеруден 226 кг. көтерген. Иран қалай екен? Түк қалайы жоқ екен. Бас бап­кер Алексей Ни мен Энвер Түрке­лери ежелгі машы­ғына басты. Иран­ды тұғырға алды­мен шығару үшін Алмасты пайда­ланады-ау деп ша­малағанбыз. Ойы­мызды Қызылорда облыстық спорт және туризм бас­қар­масының бас­тығы Садық Мұс­тафаев бауыры­мызға айтқанбыз. Жобамыз келді. Біздің бапкерлер иранды тұғырға Алмастың айқасы арқылы шығуға мәжбүрледі. Иранда манағы шалқақ кеуде жоқ. Аяғын сенімсіздеу басады. Әйт­кенмен 205 кг. көтеріп кетті. Ни мен Түркелери Алмасқа 213 кг-ға тапсырыс беру арқылы иранды тағы шығарды. Бұл жолы ол қиналып барып 210 кг. көтерді. Серпе көтеруде 3-ші орынға шық­қан Алмасқа кері шегінуге бол­майды. Алғашқы 201 кг. алғанмен екі кезегінде 213 килоны көтере алмады. Сәл техникасы жетпеді. Әйтпесе күші бар. “А” тобындағы­лардың бәрі болдырып тоқтағанда Илья Ильин шықты. Шықты да 215 килоны бір толғап кеудесіне апарып аспанға атты. Екінші қайтара шықты. 219 кг. көтерсе Азия ойындарының жеңімпазы. Біз Ильяға, ерке батыр ұлымызға сенеміз ғой. Сендіріп жүрген өзі. Намысын қолдан берген емес. Арда ұл бұл жолы да ерледі. Тік көтерді. Алексей Ни екі қолымен санын шапақтап аспанға қарғып жүр. Екі таяқ таянып жүрген Энвер Түркелери секіре алмайды. Бірақ, көңілі көк дөнендей жүйткіп жүр­ген шығар. ҚР Ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов мәз болып, қолын төбесіне көтерді. Ұлымыз чемпион болғанда бізге кім тос­қауыл қояды. Бұзып-жарып Ильин­ге жеттік. “Егеменнің” Сид­ней­де Ермахан, Бекзаттардың иығына жа­был­ған Қазақстан байрағын Ильяға жаптық. “Екі жылдық үзіліс мені тыңайтты, ­– дейді Илья. – Ал, иранды серпе көтеруде жеңе­тінімді білдім. Тайталас қайта мені жігерлендіреді. Мен үшін жарыс­тың үлкен-кішісі болмағаны­мен, көзде­ген нысанам бар. Ол – Лон­дон Олимпиадасы. Сонда же­ңуім керек. Бұл менің азаматтық парызым”. Светлана көңілде күмән қалдырмайды Біздің Светлана Подобедовада 2005 жылдан бері жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген. Қараторы қызымызда сескену деген жоқ. Өз­гелер жұлқа көтеруде 80 кг., сер­пе көтеруде 105 кг-дан бастап жат­қанда 125 кг. мен 150 килоны таб­ло­ға жазып қойып, жайбарақат шайын сораптап отырды. Екі әлем чемпионатында да С.Подобедо­ва­ның шаңын көре алмаған қытайлар “тосын сыйлық” даярлап отыр дегенді естіген едік. Светлана да естіпті. Бірақ, Олимпия ойындары­ның жеңімпазы Гао Ли біздің қыз үшін әлдеқашан оқып қойған кітап. Әлемнің, Азияның бар рекорд­тарын жаңартқан өзі, кімнен сескенеді. Светлана Подобедоваға жұп болып Татьяна Хромова, – өзіміздің Шымкенттегі құдайы көршіміз Таня түсті. Ашық айқасқа екеу оңай. Үздік сегіздік екі айналғанда медальға екі қазақ, бір қытайдың таласатындығы белгілі болып қалды. Хромова 107, 112 және 115 килоны қамшы салдыр­май көтерді. Гао Ли 110, 115 және 118 киломен тоқтады. Қалғандары бұл екеуіне дейін тынып кеткен. Қарсыласатын ешкім қалмаған соң Света шықты. Байсалды қыз. Өзгелердей бақырып шақырмайды. Жанкүйерлерге  бір иіліп сәлем берген соң зілтемірдің сағағынан ілді. Аспанда ойнатты. 125 килоны! Енді шықпаса да болар еді. Шық­ты. Тұғырда – 130 кг. Біздің қыз бұйым көретін емес. Екінші орындағы Гаодан бақандай 12 кг. артық. Светлана үшінші кезегін пайдаланбады. Серпе көтеру. Тағы да төмендегілер арасындағы тыр­таң­даған жарыс. Көңілімізге солай. Құдай көп көрмесін. Корей Ким Хромовамен қола медальға талас­пақ болып еді, қолынан келмеді. 135 кг. көтерген Таня екі кезегін пайдалана алмаса да 3-ші орында. Қытай атлеті Гао Ли 137, 143, 147 кг. көтерді. Бәрі тынғанда Светлана Подобедова шықты. Жараған арғымақтай болып. Тұғырда – 150 кг. Биыл Антальяда өткен әлем чемпионатындағы қоссайыста 295 кг. көтеріп, әлем рекордын жаңарт­қан Светаға мұнда тұсау салатын ешкім жоқ. Еркін көтерді. 157 кг. Бір толғап иыққа қойды. Салма­ғынан айырылған зілтемір көтеріліп басылып иықтан ұрады. Сол аяғын артқа сала беріп, шіреп тұра қалды да аспанға атты. Алып сарайда ине шаншарға жер қалдырмай отырған жанкүйерлер тік тұрып Қазақстан қызының ерлігіне қол соқты. Света үшінші кезегін пайдаланбады. Қайтеді. Алты кезектің төртеуінде ғана 2-ші орындағы қарсыласынан 22 кг. озып тұрса! “Егеменнің” туын алып, өзіміз­дің үйренген жықпылмен тарттық. Светаның тершіген иығына жап­тық. “Жеңістің оңайы болмайды. Бәрі ауыр еңбекпен, тынымсыз жаттығумен келеді. Отанымыздың пайдасына жарағаныма өте қуа­ныштымын”, – дейді сөзге сараң, іске мығым батыр қыз. Сол күні Қы­тай елінің көгінде Қазақ бай­рағы екі рет көтеріліп, Әнұраны екі рет шырқалды. Сол күні бізден бақытты ешкім болған жоқ. Кеше академиялық есуден Оксана Назарова мен Светлана Германович қоржынымызға күміс медаль салды.