20 Қараша, 2010

Холдинг күндері дәрігерлерді жаңашылдыққа үйретті

484 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жақында облыс орталығында еліміз­дегі Ұлттық медициналық холдингі күн­дері өтті. Ондағы мақсат өңірлердегі денсау­лық сақтау саласын дамыту арқылы отан­дық медицина сапасын арттыру болып табылады. Орталықтың білікті дәрігерлері облыстық, қалалық ауруханада бұрын шетелдерде ғана жүзеге асатын онға жуық күрделі операциялар жасап, жергілікті дә­рігерлерге арналған шеберлік сабақтарын өткізді. Осындай ғылыми ізденістерге қыз­мет жасайтын, жаңашыл дәрігерлердің басын қосатын еліміздегі денсаулық сақтау саласының құрамдас бір бөлігі саналатын “Ұлттық медициналық холдинг” акцио­нерлік қоғамы осыдан екі жыл бұрын Үкімет қаулысымен құрылған еді. Яғни, оны осы күннің және бола­шақтың меди­ци­насы аталған Астанадағы 6 инновация­лық мекеменің басын қосқан халық­ара­лық стандарттарға сай емдейтін, басқару үлгісі бизнес жолына бағытталған кешен­дер жүйесі деуге болады. Алғашқы күні “Ауруханалық басқару­дың халықаралық стандарттары” атты дөңгелек үстел өткізілді. Ғалым дәрігерлер жиналған жиынға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев, “Ұлттық медициналық хол­динг” АҚ басқарма төрағасы Елжан Бір­та­нов, сондай-ақ холдингтің еншілес ұй­ым­дарының барлық бас директорлары, дәрігерлер қатысып, өздерінің денсаулық сақтау саласына қатысты заманауи ой-пікірлерімен бөлісті. Холдинг төрағасы Елжан Біртановтың айтуынша, облыс­тарға келудегі негізі мақсат – өңірлердегі дә­рігерлердің білімін көтеру, олардың ем­деу саласындағы халықаралық жаңа стан­даттарға сай жұмыс жасауларына кө­мек­тесу. Бір-екі күннің ішінде аз да болса көп дәрігерлер медициналық инно­ва­циялық технология­лардың жаңашылды­ғымен танысады. Ал, жалпы әлемдік стандарт бойынша қазіргі ауруханалар жүйесі дегеніміз, бұл тек қана әлеуметтік сала емес, экономикалық та жүйе болып табылатынын мамандар ұғынуы керек. Ұлттық холдинг еліміздің басқа емдеу орындарынан бір саты жо­ға­ры тұр деуге болады, сондықтан бұл хол­динг еліміздің денсаулық саласындағы мақтанышы әрі басқа емдеу орындарына үлгі, өңірлердегі дәрігерлердің білімін же­тілдірудегі бірден-бір орын болып табы­ла­ды. Облыстағы холдинг күндері дәрі­гер­лер үшін кон­сультациялық, оқып, білім алу бағытында сипат алады және хол­динг­тің жетекші мамандары мен жергілікті дәрігерлер арасында тәжірибе алмасуға жол ашылды. Сонымен қатар, холдинг дә­рігерлері облыстық ауруханда сирек жаса­латын операцияларды жасайды. Би­ылғы жылы холдинг өңірлердегі барлық денсау­лық сақтау басқармаларымен екі жақты бір­лесе жұмыс жасау туралы ме­мо­рандум­дарға қол қойды. Холдингтің академия­лық орталық мәртебесі бар, сон­дықтан да оның міндетіне медициналық көмек көр­сетумен қатар, жоғары сапалы меди­ц­и­на­лық білім беру және ғылыми-зерттеу қыз­метін ұйымдастыру да кіреді. Облыстағы холдинг күндері шеңбе­рін­де дәрігерлердің мастер-класстар мен дә­ріс­тердің топтамасы ұйымдастырылып, олар арнайы аурухана залдарында өт­кі­зілді. Яғни, мұндай тәжірибелік іс-ша­ра­лар телемедицинаның инновациялық әдісі арқылы қашықтықтан көрсету жүйесі бой­ынша аудан орталықтарының дә­рі­гер­леріне көрсетілді. Облысқа көшпелі бри­га­даның құрамында келген ұлттық меди­циналық холдингтің үздік докторлары: хирургтар, нейрохирургтар, травма­то­лог­тар, ортопедтер, акушер-гинекологтар, педиа­торлар, неврологтар, неонатологтар білімі мен біліктерін көрсетті. Мысалы, Ана мен бала ұлттық ғылыми орта­лы­ғының аку­шерия-гинекологиялық бло­гы­ның ма­ман­дары акушериялық және экс­­трагениталь­дық патологиялары бар жүкті әйелдерге, сондай-ақ гинекологиялық ау­рулары бар әйелдерге арналған консуль­тациялар өткізді. Одан басқа, олар жа­тырдың мио­масы кезінде мүшелерді сақтап қалу бойынша бірқатар опе­ра­цияларды жаса­ды. Ал, травматология, ортопедия және вертебрология бөлім­ше­сінің дәрігері В.Ор­ловский, баланың туа біткен май­мақ­­тығы бойынша атақты ней­рохирург Серік Ақшолақов, нейро­хи­рур­гия ғылыми ор­та­лығы жұлын бө­лім­шесінің меңгерушісі Т. Керімбаев, Е.Жү­нісов жіліншік, сан не­ме­се иық сүйегіне интрамедулярлық ос­теосинтез техноло­гия­сы бойынша оталар жасады. Тағы бір атап өтетіні, жедел жәрдем орталығында елімізде алғаш рет маман­дан­­­дырылған жарақатты емдеу бөлімшесі құрылды, ол еліміздің барлық аймақ­та­рындағы тұрғындарды тәулік бойы қа­был­дау режімінде қызмет етеді. Респуб­ли­ка­лық диагностикалық орталығының дә­рі­герлері ең заманауи әдіс магниттік-резонанстық томография пайдалануымен облыс тұрғындарына консультациялық-диагностикалық көмек көрсетті. Ал, балаларды оңалту орталығының маман­дары неврологиялық дертке шалдыққан балалар үшін кеңес жүргізді. Облыс дә­рі­герлері өздеріне жаңа медицина тәсіл­дерін үйрену, оқып-білу мақсатында ос­ын­дай кездесулер, тәжірибелік пікір­ле­су­лер жасағандары үшін астаналық әріп­тес­теріне алғыстарын білдірді. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.