“Талант – Жаратқанның ғана сыйы емес, сонымен бірге, өзіңнің алдыңдағы, қоғам мен Отан алдындағы жоғары жауапкершілік те”, – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай халқымыздың ардақты ұлы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, даңқты композитор Еркеғали Рахмадиевтің 80 жылдық мерейтойына арналған кеші К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында болды. Сахна шымылдығы театрдың оркестрі Ерболат Ахмедьяровтың дирижерлігімен атақты сазгердің музыкасына жазылған симфониялық күй “Құдаша-думанмен” ашылды. Қарғадайынан өнерге зейін қойған азаматтың өткен жолынан сыр шертетін кеште композитордың шығармалары жап-жақсы әңгіме арқауына айналып, жиырмаға жуық алуан тақырыптарды қамтыған тамаша туындылар орындалды. 1963 жылы жазылған үш актілі лирикалық-психологиялық “Қамар сұлу” операсы сол кезде бүкіл ел көлемінде ірі құбылыс ретінде бағаланды. Шығармада композитор басты кейіпкерлер партияларында бұрын-соңды қазақ операларында болмаған вокальдық-ансамбльдік, симфониялық тегеуіріндегі полифониялық қақтығыс драматургиясын әкелді. Шығармашылық кештің алғашқы бөлімінде сол операдан Айдар Абжахановтың дирижерлігімен Роза Нүркей мен Қияқбай Асамбаев Қамар мен Ахметтің дуэтін орындады.
Жиналған қауым оның скрипкаға арналған туындыларын – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Айман Мұсаходжаева нақышына келтіре ойнады. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сексеннің сеңгіріне шығып, абыз қария атанған Еркеғали Рахмадиевке ерекше қошемет көрсетті.
Сахна төріне мерейтой иесі шақырылып, сөз кезегі берілді. Ол қаумалап тұрған жұртқа қарап: “Қадірлі қауым, жас күнімізде 60-70 жасқа келген қарттарды көргенімізде біз де осы жасқа жетер ме екенбіз деген ой келетін. Бүгін міне, сол шақтан да өтіп, 80 жасқа келіп қалыппын. Осы жастың жетпіс жылын халқыма арнадым. Елбасының өзі елеп-ескеріп, уақыт тауып, құттықтап қоңырау шалды. Мың да бір рахмет! Тағы бір айтатыным, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қызметке келгелі бері, өнерде тың бастамалар көтерілуде. Содан бері халыққа жиырма опера, жиырма балет көрсетілді. Еліміз үшін бұл қуанарлық жаңалық. Жуырда Елбасымыздың тапсырмасымен Абылай ханның образын музыкаға сомдап жазып шықтым. Шынымды айтсам, ол жетпістен әлдеқашан асып кеткен қария үшін оңай дүние емес екен. Сол туынды 71 бет болып жарыққа шықты. Осы ретте сондай ауқымды дүниені жазуыма себепкер болған азаматтарға айтар алғысым ұшан-теңіз. Әсіресе, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының ұжымына, сахна төрінен көрінген ұл-қыздарым мен жиналған көпшілікке ілтипатым бөлек. Халқымызға амандық, көпшілікке денсаулық тілеймін!”, – деді. Осылайша, атақты сазгердің сексен жылдығы елордада аталып өтілді.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, ЕҰУ студенті.