Жақында Киевте “5+2” пішінінде кезекті бейресми кездесу өтті. Онда Днестр өзенінің қос жағалауы арасында еркін қозғалыс мәселелері талқыланды. Кездесудің басты мақсаты – ұзаққа созылған Приднестровье кикілжіңін реттеу.
Кездесуді Украина Сыртқы істер министрі Константин Гришенко ашып, аталған проблемаларды бейбіт түрде реттеуде тараптар – АҚШ, Ресей, Украина, ЕҚЫҰ және Еуропалық одақ, сондай-ақ Молдова мен Приднестровье белсенді жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Кездесу барысында ЕҚЫҰ миссиясының ықпал етуімен Кишинев пен Тирасполь өкілдері таяу уақытта бұрын қол қойылған келісімдерді түгендеу жөніндегі жұмыстарды бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл екі ел үшін қажетті қадам болып табылады.
Кездесуге қатысушылар, сондай-ақ темір жолмен жолаушылар тасымалдау, экспорт тетіктерін оңтайландыру, Днестр өзенінің қос жағалауы арасында тауарлар тасымалдау қозғалысын жеңілдету, стационарлық телефон байланысын қалпына келтіру жөніндегі оңтайлы қадамдарды қуаттады. Сонымен қатар, өзара сенімді нығайту шараларын қамтамасыз ету бойынша бірқатар проблемаларды шешу мақсатында байланыстарды белсенді жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының созылмалы жанжалдар жөніндегі арнайы өкілі, елші Болат Нұрғалиев талқыланған мәселелерге қатысты пікірсайыстар жемісті болғандығын, өз кезегінде ол 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитінде қаралуы мүмкін екендігін атап өтті. Бұл кездесу Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде және Қазақстанның күш жұмылдыруымен ұйымдастырылып отыр. Болат Нұрғалиевтің айтуынша, осындай кездесулер ұзаққа созылған жанжалдарға қатысты проблемаларды ашық түрде талқылауға, оларды бейбіт түрде реттеуге мүмкіндік береді.
“Егемен-ақпарат”.